МЕШІТ – ҚАСИЕТТІ МЕКЕН
«Айтбай мешіті – аңыз бен ақиқат» атты төрт жүз он бес беттік, тарихи деректі, салмақты кітапты маған аудандық орталық мешіттің бас имамы Рахат Серікбайұлы табыс етті.Кітапты қызыға оқып шықтым. Әр тақырып тарихи құжаттар мен түрлі-түсті ғажап суреттермен көмкерілген. Кітаптың алғы сөзін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жазыпты. Наурызбай қажы айтқандай, біз де «Елімізде бұрын-соңды бір ғана мешітке тұтас кітап арналып, оның тарихына байланысты жеке дара еңбек жазылмаған» деуіне қосыламыз. Кітаптың негізгі жаңалығы да осы болса керек. Бас мүфтидің бастамасымен жарық көріп, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдық мерейтойына толымды тарту жасаған осы еңбектің авторлары: Қазақстанның баспасөз, радио және интернет журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері Нұрсұлтан Мықтыбай және Қызылорда қалалық Айтбай мешітінің имамы Асхат Асқарұлына халықтың айтар алғысы шексіз.
Кітап шындығында тұтас дәуірдің, бір жарым ғасырдың жүгін арқалаған құнды еңбек. Қос автор Айтбай мешіті туралы орын алып келген неше түрлі алыпқашпа әңгімелер мен аңыздарға тойтарыс беру мақсатында тек еліміздегі ғана емес, сондай-ақ Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларындағы мұрағаттарда, Ташкент шаһарындағы Өзбекстанның Ұлттық архивтерінде жүйелі түрде жұмыс істеп, айрықша еңбек етіп, тер төккен.
Мешіт – Алланың үйі. «Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде де тарихы тереңнен бастау алатын Алланың үйлері жетерлік. Солардың ішіндегі айрықшасы – Айтбай мешіті. Себебі ол – Қызылорда облысындағы ең көне құлшылық үйі ғана емес, сонымен қатар сәулет өнерінің де ең ескі ескерткіші болып саналады. Өздеріңізге белгілі ХІХ ғасырда қазақ даласында мешіттер санының артуы ислам дінінің халық өміріндегі маңызының артқанын көрсетеді. Сыр бойында сол кезеңде мешіттер саны 100-ден асқан. Ал бүгінде ауданымыздың өзінде 31 мешіт халыққа қызмет жасап жатыр.
ХІХ-ХХ ғасырларда мешіт салған тұлғалар жұртты имандылыққа шақырған ишан, ахун, хазірет, молда, имамдар – қазақтың дінінің ғана емес, тарихы мен жерінің, тілінің жоғалмауы үшін күрескен қайраткерлер десек болады. Олардың соққан мешіттері мен қорымдары қазір киелі орындарға айналған. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауи бабамыз салдырған жертөле мешіті, Қорқыт ата кесенесі, Шиелідегі Оқшы ата мазараты солардан қалған көнекөз ескерткіштер.
Кітап авторлары Нұрекең мен Асекең Айтбай мешітін салған атақты көпес (қазіргіше қалталы кәсіпкер) халық жанашыры болған Айтбай Балтабаев туралы да тереңірек зерттеп, күні бүгінге дейін беймәлім болып келген оның өмір жолына байланысты тың деректер тапқан. Кітап сонысымен қызықты, тартымды, тарихқа үңіле түсесің. ХХ ғасырда тоталитарлық жүйе діни ошақтарға үлкен соққы жасады. Атейстер жаппай белсеніп, мешіттерді жауып, діни тұлғаларды қуғындады, атты, жер аударды. Тірі қалғандары Өзбекстан, Ауғанстан, Иран елдеріне қашып кетуге, жан сақтауға мәжбүр болды. Бұл қазақ ұлтына жасалған қасірет болатын. Кітап авторлары Балтабаев әулеттерінің де басынан кешкен тауқыметін тарихи деректермен сөз еткен. Зұлмат заманның исламға жасаған қиянаты оларды тұншықтыра алмады. Кітапта айтылған тарихи деректер мен этнографиялық материалдар қазақ қоғамының мұсылмандық бірегейлігінің тереңде жатқанын дәлелдейді. Онда жазылғандай Айтбай мешітінің құрылысы 1875 жылы басталып, 1878 жылы аяқталған. Жоғарыда айтқанымыздай, мешітті кім салғаны, кім салдырғаны туралы даулы тақырыпты кітап авторлары тарихи архив деректері арқылы дәлелдеп, нүктесін қойған. Бір қызығы еліміздегі саяси оқиғалар Айтбай мешітін де айналып өтпеген. Мешіт үйі 1940-1970 жылдары жатақхана, мал өсірушілер мектебі, корей театры, ауыл шаруашылық бөлімі ретінде пайдаланылған. Ал 1988 жылы мешіт ғимаратын облыстық филармонияға берген. Облысқа іссапармен келген Қазақстан компартиясы орталық комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібектің шешімімен мешіт қалпында қалдырылады.
Айтбай мешітінің ең алғашқы имамы 1888-1917 жылдар аралығында Ысқақ Ғайыпов болса, одан бері 2024 жылғы бас имам Асхат Асқарұлына дейін он үш имам ауысыпты. Алланың әмірімен Айтбай мешітінің жамандығы жойылып, жақсылыққа қарай бет бұрды. Бүгінде Қызылорда қаласының тарихи орталығында орналасқан Айтбай мешіті мұсылман жамағаттың құлшылығына өз деңгейінде қызмет етіп жатыр. Дүниеге «Айтбай мешіті – аңыз бен ақиқат» кітабын келтірген журналист Нұрсұлтан Мықтыбай мен Айтбай мешітінің имамы Асхат Асқарұлына Шиелі ауданының халқы дән риза. Айтбай мешітінің 150 жылдық мерейтойы құтты болсын! Мешіт – Аллаға иман келтіретін қасиетті мекен.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
ҚР Журналистер одағының мүшесі








