ТАҒЫЛЫМДЫ ТУЫНДЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Биыл Қазақстан Мұсылмандарының қара шаңырағы – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаны лайықты атап өту мақсатында жыл басында Басқарма Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының арнайы ұсынысымен өңір-өңірде өзіндік орны бар имандылық ошақтарының тарихы мен Ислам дінінің кеңінен таралуына еңбек сіңірген тұлғалардың өмірін жан-жақты зерттеу қолға алынған болатын.Осыған орай, «Алаштың анасы» атанған Сыр өңіріндегі ең көне құлшылық үйі, іргетасы қалана бастағанына биыл 150 жыл толған «Айтбай» мешітінің тарихы кеңінен зерттеліп, ол деректі фильм мен үлкен зерттеу кітабына арқау болды. Осылайша, өңір тарихы үшін тың жаңалық болған, рухани ортада аса жоғары бағаланған «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабы жарық көрді.
Жуырда Шиелі ауданы, «Руханият орталығында» кітаптың таныстырылым рәсімі өтті. Шараға кітап авторлары – Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, Ақпарат саласының үздігі Нұрсұлтан Мықтыбай мен Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің имамы Асхат Асқарұлы арнайы келіп, тарихи деректі еңбекті таныстырды. Тағылымы мол бас қосуға дін саласының қызметкерлері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен аудан жастар қатысты.
Кітап Алматы қаласы, «Дәуір» баспасынан шыққан. Онда «Айтбай» мешітінің 150 жылдық тарихы терең тарқатылып, архив деректеріне сүйене отырып жазылған түрлі мәліметтер оқырманға барынша түсінікті баяндалған. Айталық, Сыр өңіріндегі ең көне сәулет ескерткішінің арғы-бергі тарихында айқын ізі қалған саяси оқиғалар әсері, аңыз бен ақиқат арасы айқындалып, сондай-ақ ел ішінде айтылып жүрген алыпқашпа әңгімелерге тұжырымды жауап берілген.
Кітаптың кіріспесінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Тұтас дәуірдің жүгін арқалаған» деген тақырыптағы мақаласы жарияланған. «Асыл дініміз Исламның ең үлкен құндылықтарының бірі – мешіт. Шариғатымызда «Мешіт – Аллаға иман келтірген мұсылмандар жиналып, намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен» деген ұғымды білдіреді.
Қазақ жерінде мешіт салу ісі кейбір ғасырлардағы жаугершілік, шапқыншылыққа ұшыраған кезеңдерді қоспағанда, бір тоқтаған емес. Еліміздегі ең көне мешіт ретінде 893 жылы Тараз шаһарында салынған құлшылық үйі, кезінде «Кедер» деп аталған қазіргі Құйрықтөбеде болған имандылық орны, Маңғыстаудағы IX-X ғасырларда салынған «Шақпақ ата» мешіттері саналады. Жалпы Испиджаб, Баласағұн, Фараб, Сығанақ сияқты көне қалаларымызда небір зәулім мешіттер болғандығына тарих куә. Қожа Ахмет Ясауи бабамыз салдырған жертөле (қылует) мешіттен бастап, Құнанбай қажы тұрғызған ғибадат үйіне назар аударсақ, мешіттердің халқымыздың өмірінде қаншалықты үлкен маңызға ие болғандығын көреміз.
«Алаштың анасы» атанған Сыр өңірінде де тарихы тереңнен бастау алатын Алланың үйлері жетерлік. Солардың арасында биыл іргетасы қаланғанына бір жарым ғасыр толып отырған «Айтбай» мешітінің орны мүлде ерекше. Себебі, ол – Қызылорда облысындағы ең көне құлшылық үйі ғана емес, сонымен қатар, сәулет өнерінің де ең ескі ескерткіші болып табылады» деп жазады Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кітапта баяндалғандай, «Айтбай» мешітінің құрылысы 1875 жылы басталып, 1878 жылы толық аяқталған. Осы орайда мешітті кім салғаны немесе салдырғаны туралы дәлел-дәйексіз, тіпті ел ішінде дау тудырған әңгімелер бар екенін айтып өтуіміз керек. Кітап авторлары осы даулы тақырыпты архив деректері арқылы анықтап, нүкте қойыпты.
Өзбекстан Республикасының Ұлттық архивінде «Сырдария облысындағы діни құрылыстар» деп аталатын үлкен томның ішінен табылған бір құжатта «Проект каменной мечети, предпологаемый к постройке в форте Перовском Туркестанской области купцом Айтбаем Балтабаевым» деп аталатын мешіт жобасының сызбасы (1878 жыл) сақталған екен. Осы дерек «Айтбай» мешітін көпес Айтбай Балтабаевтың салғандығына айқын дәлел болады.
Айтбай Балтабайұлы – Сыр өңірінде ислам дінін насихаттауға зор үлес қосқан, мешіт тұрғызу, қайырымдылық жасау ісінде ауыз толтырып айтарлықтай еңбек қалдырған тұлға. Балтабаевтар әулетінің Бұхарамен тығыз байланыста болғаны – Сыр бойының сол кезеңдегі экономикалық қуаты мен мәдени өмірінің көрсеткіші.
Сонымен қатар жаңа кітап – Айтбай мешітінің 150 жылдық тарихын тұтас қамтуға ұмтылған энциклопедиялық еңбек. Кітапта материалдар хронологиялық тәртіппен беріліп, әр кезең жеке-жеке талданған. Фактілерді растайтын құжаттар, фотосуреттер, архив жазбалары әр тарауға тіркеліп отырған. Бұрын-соңды айтылмаған тың деректердің мол болуы да оқырман қызығушылығын арттырары сөзсіз.
Кітап таныстырылымынан соң аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Байкенжеев, қоғамдық кеңес мүшесі Насырбек Аябекұлы сөз алып, құнды деректерді жинақтаған кітап авторларына алғыстарын жеткізді.
Жиын соңында кітап авторлары Н.Мықтыбай мен А.Асқарұлы «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» атты тарихи деректі еңбекті ауданның зиялы қауым өкілдері мен орталық кітапханаға, сондай-ақ аудан жастарына тарту етті.
Мейіржан ИБРАГИМ







