ҚАСИЕТ ҚОНҒАН АЛАҚАН
Қазақ даласында өнер мен емшілікті, ұстаздық пен шипагерлікті бір бойына тоғыстырған жандар сирек. Сол сиректердің бірі, тіпті бірегейі – Бақыт Бегманов. Оның ғұмыры – адам мүмкіндігінің шексіздігін, ұлттың тектік қасиеттерінің үзілмей жалғасатынын, ең бастысы, жасқа қарамай жаңғырып, жаңарып отыруға болатынын дәлелдейтін тағылымды тағдыр.1964 жылы 21 наурызда Сыр өңірінің қасиетті топырағы Шиелі ауданы, Ыбырай Жақаев ауылында дүниеге келген Бақыт Бегмановтың балалық шағы өнерге жақын ортада өтті. 1971 жылы №149 Қызылту орта мектебінің табалдырығын аттап, 1981 жылы сол білім ордасының түлегі атанды. Жастайынан әнге әуес, сахнаға жақын өскен ол мектеп қабырғасында-ақ мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында жүрді. Домбыра, гитара, сырнай, баян, тайтұяқ сынды ұлттық және классикалық аспаптарды еркін меңгеруі оның табиғи таланты мен еңбекқорлығын айқын көрсетеді.
Ауылдық «Алтын дән» домбыра оркестрі мен вокалдық ансамбльде өнер көрсетуі, жүргізушілік қырының қалыптасуы Бақыт Жолдыбекұлының кейінгі өмір жолына берік негіз қалады. Әскери борышын Ленинград облысы, Кронштадт қаласында өтеп келген соң, Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, өнер мен білімді қатар ұштастырды. Кейін В.Н.Гоголь атындағы педагогикалық университетте сырттай білім алып, балабақшаларда музыка жетекшісі болып қызмет етті. Талай шәкірттің жүрегіне өнердің шырағын жаққан ұлағатты ұстаз ретінде де ел есінде қалды.
Бақыт Бегманов – тек ұстаз немесе өнер адамы ғана емес. Ол – той-думандардың көркін кіргізген азулы асаба, елдің көңілін көтерген әнші, сазгерлік қабілетімен танылған шығармашыл тұлға. Бірақ оның өмір жолындағы ең терең әрі тағдырлы бұрылыс – емшілік пен массаж өнеріне бет бұруы болды. Бұл қасиет оған тегіннен-тегін дарыған жоқ. Баймағамбет атасының бойындағы көріпкелдік пен емшілік, Жолдыбек әкесінің адамгершілік асыл болмысы, Раушан анасының балаларды сылап-сипап емдейтін ерекше қасиеті Бақыт Жолдыбекұлының бойында үйлесім тауып, уақыт өте үлкен шипагерлік мектепке айналды. Ол бұл қасиеттерді халықтық деңгейде қалдырмай, кәсіби тұрғыда дамытуды мақсат етті.
Соның айқын дәлелі – 59 жасында медициналық оқу орнына түсіп, 2025 жылы оны қызыл дипломмен тәмамдауы. Бұл – кез келген жанның қолынан келе бермейтін ерлікке пара-пар қадам. Бүгінде Бақыт Бегманов – жоғары дәрежелі маман, кәсіби массажист, халық шипагерлігін ғылыми негізде дамытып жүрген тұлға.
Ол Атырау мен Алматы қалаларындағы массаж оқу орындарын жоғары деңгейде аяқтап, арнайы сертификаттар мен дипломдарға ие болды. Тайский, балийский, висцеральды, антицеллюлиттік, классикалық, спорттық массаж, стоун-терапия секілді массаждың 30-дан аса түрін меңгерген. Соның ішінде ұлттық негізге сүйенген қазақ массажын жаңғыртып, оны жеке бағыт ретінде дамытып жүргені – оның кәсіби қолтаңбасы.
Халық арасында оны «қазақ массажының королі» деуі бекер емес. Шипалы алақан, нүктелер арқылы сылап-сипап емдеу тәсілі талай жанның дертіне дауа болды. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, инсульттен кейінгі сал, омыртқа мен бел ауруы, тізе ісігі, жауырын жабысып қалу, аяқ-қолдың ұюы, тіпті ер-азаматтарда кездесетін простатит секілді күрделі ауруларды емдеп, оң нәтижеге жеткізгені – соның дәлелі.
Айрықша атап өтерлік жайт, Өзбекстанның Ташкент қаласынан инсульт алып, бір қолы мен бір аяғы істемей келген науқасты қайта жүріп кетуіне себепкер болуы. Бұл – кәсіби біліктілік пен табиғи шипаның тоғысқан тұсы.
Бақыт Бегмановтың шипалы алақанына халықтың сенімі күн санап артып келеді. Оның еңбегіне берілген алғыстар құр сөз емес, нақты өмірлік тәжірибеден туған шынайы пікірлер. Соның бірі – өзі туып-өскен Жақаев ауылының тұрғыны Зөре Орынбаева:
– Біз Бақыт Жолдыбекұлына түгел отбасымызбен емделеміз. Жай ғана массаж емес, әр қимылында үлкен білім мен жүректен шыққан мейірім бар. Бел, омыртқа, аяқ-қолдың ұюы сияқты мәселелеріміздің бәрі жеңілдеп, өзімізді әлдеқайда сергек сезіндік. Осындай өз ауылымыздан шыққан азаматтың шипасын көріп отырғанымызға шүкіршілік етеміз, – дейді ол.
Еңбегі еленбей қалған жоқ. Қазақстан халық емшілігі қауымдастығы тарапынан берілген көптеген алғыс хаттар мен сертификаттар, қауымдастық төрағасының төсбелгісі, халық шипагерлігін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін Зиядан Қожалымов атындағы ІІІ дәрежелі медалі – соның айғағы. Сонымен қатар, Ағайша Исағұлов атындағы ІІ халықаралық сырнайшы-әншілер байқауында алған арнайы дипломы оның өнерден қол үзбегенін көрсетеді.
Бақыт Бегмановтың ғұмыры – бір адамның ғана емес, тұтас бір ұлттың рухани болмысының көрінісі. Өнер мен ғылымды, халықтық шипа мен заманауи медицинаны, ұстаздық пен емшілікті қатар алып жүрген ол бүгінгі қоғамға қажет тұлға. Оның өмір жолы «жасым өтті» деген ұғымның жалған екенін, ал адамға шынайы мақсат пен адал еңбек болса, кез келген биікті бағындыруға болатынын дәлелдейді.
Бақыт Жолдыбекұлы – өнері арқылы жүрекке, шипасы арқылы тәнге ем болған, халқына қалтқысыз қызмет етіп жүрген сирек дарын иесі. Мұндай тағдырлар ұлттың баға жетпес байлығы.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ







