МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ МАҢЫЗДЫ
Ел ризығын еселеуде мал шаруашылығының атқарар рөлі зор. Себебі төрт түлік халықты азықпен ғана емес, ауыл шаруашылық өндірісін күш-көлікпен және табиғи тыңайтқышпен қамтамасыз етеді.Шиелі ауданы да шаруашылықтың бұл бағыты бойынша алға жылжып келеді. Биыл ауданда мүйізді ірі қара саны – 85 742 басты, қой мен ешкі – 13 7912, жылқы – 27 543, ал түйе – 1769 басты құрап отыр. Бұл тарих беттерінде таңбаланып қалған өткен жылғы көрсеткіштерден едәуір өскен.
Әдетте мал шаруашылығын өркендетуде шешімін табатын шаруа көп қырлы болып келеді. Соның ішінде мал азығын қамдау ең маңызды мәселе. Өйткені, жеткілікті мал азығы қоры жасалмай мал шаруашылығы ешуақытта серпінді дами алмайды. Биыл ауданда мал азықтық дақылдар бойынша 80 гектер сүрлем жүгеріден 280 тонна, 197 гектар мал жемдік асқабақтан 2955 тонна мал азығы дайындалған. Сондай-ақ 2661 гектар жаңа жоңышқадан 2661 тонна, 5409 гектар ескі жоңышқадан 24341 тонна шөп жиналып, қоймаға орналастырылған.
Рас, атакәсіп тоқырау тұсында тұралап қалды. Амандық-саулық сұрасқанда да «Мал-жан аман ба?» дейтін халық үшін ол оңайға соқпады. Ал қазір бұл саланың тамырына қан, өніне нәр жүгіргенін жоғарыда сөйлеткен сандардан толық аңғара аламыз.
Мінекей еселі еңбектің, төгілген маңдай тердің нәтижесінде аудан жыл қорытындысы бойынша облыста «Үлгілі аудан» номинациясымен марапатталды. Осынау мәртебелі марапат Өнер орталығында өткен еңбек күні қарсаңында «Адал еңбек – адал азамат» атты салтанатты шарасында аудан әкімі Айтбай Жандарбековке табысталған болатын. Бұл Шиелінің еңбек пен өрлеудің алтын ордасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
М.ИБРАГИМ





