Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕГІН БІТІК ШЫҚСА, ЕЛ РИЗЫҒЫ

ЕГІН БІТІК ШЫҚСА, ЕЛ РИЗЫҒЫ

Күз келгелі ел етек-жеңін жинап, дала жұмыстары демін басып, табыстытаразалайтын шаққа таяды. Тіршілігі егін шаруашылығымен біте қайнасып жатқан шиелілік шаруалар егінді ору маусымының мәресіне келді.Өңір диқандары үшін биылғы жыл табысты жыл болды десек те болады. Өткен жылдары шаруалар егін егу маусымында су тапшылығы, өнімді ору кезеңінде жауын-шашын жауып, біршама қиындыққа ұшырасты. Соған қарамастан техникалары қуатты шаруалар егінді шашпай-төкпей жинап алып, ысырапсыз қамбаны алтын астыққа толтырған болатын.


«Еңбек – бәрін жеңбек» деген қазақтың тәмсілді сөзін ту еткен жекелеген шаруашылықтар да техникаларын сайлап, биыл да дала жұмыстарын жоғары деңгейде атқарды. Еңбек даласын молшылық майданына айналдырып, маңдайын күн, самайын жел, табанын құм сүйген диқандарымыз ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың ізін жалғап, елдегі шаруашылықтың тірлігін түлетіп отыр. Бүгінде аудан бойынша жалпы 31 799 гектарға егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімдерін жинау жұмысы жүйелі жүргізілуде. Қыстың қамын жаз ойлаған диқандар Сыр маржанын толық жинап, жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Биылғы өнімді жинау маусымының жайын білмекке Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысына хабарластық. – Егінді сапалы жинап алу және сақтау еліміз үшін ерекше маңызға ие. Биыл негізгі дақыл – күріштің үлесі 13 098 гектарды құрады. Қазіргі таңда 13 098 гектар толығымен жиналып, 13098 гектар күріштің әр гектарынан 60 центнерден өнім алып, жалпы 78588 тонна өнім алдық. Сондай-ақ дақылдарды әртараптандыру бағытында егілген 913 гектар күздік бидайдан 1370 тонна, 573 гектар жаздық бидайдан 287 тонна, 90 гектар арпа дақылынан 50 тонна және 910 гектар мақсарыдан 728 тонна өнім жиналды. 50 гектар күнбағыстан 175 тонна, 264 гектар тарыдан 924 тонна, 125 гектар дән жүгеріден 444 тонна, 46 гектар соядан 37 тонна, 187 гектар мал жемдік асқбақтан 337 тонна, 590 гектар сүрлем жүгеріден 2065 тонна өнім алынды, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков. Өздеріңіз білетіндей, кез келген мемлекеттің міндеті – елдің азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Соңғы жылдары облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жергілікті тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар көкөніс, бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында тиісті шаралар атқарылып келеді. Нәтижесінде, ағымдағы жылы 5267 гектарға картоп, көкөніс дақылдары егілсе, бүгінде 996 гектар картоп толықтай жиналып, 17589 тоннаға өнім алған. Ал 1832 гектар көкөніс дақылдарынан 45800 тонна және 2439 гектар бақша дақылдарынан 69512 тонна өнім жиналған.
МАЛ АЗЫҒЫН ҚАМДАЙЫҚ
Еліміздегі ауылшаруашылық өндірісінің маңызды саласы мал шаруашылығы ежелден қазақтың дәстүрлі кәсібі ретінде дамып келе жатыр. Әдетте мал шаруашылығын өркендетуде шешімін табатын шаруа көпқырлы болып келеді. Соның ішінде мал азығын қамдау ең маңызды мәселе. Өйткені, жеткілікті мал азығы қоры жасалмай, мал шаруашылығы ешуақытта серпінді дами алмайды. Биыл ауданда 7447 гектар ескі жоңышқаның үшінші орымын ору жұмыстары да жоғары деңгейге атқарылып, барлығы 28 988 тонна шөп қоймаға орналастырылған. Төрт түліктің қыстанан қысылмай шығуы үшін диқандар қауымы әлі де науқандық жұмыстан бел жазбай жүр.
СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫНАН ҮЗДІК ДЕП ТАНЫЛҒАН
Кейінгі жылдары Сыр өңіріндегі диқандарды дарияның деңгейі алаңдатқаны рас. Түрлі себеппен жоғарыдан келетін су мөлшері азайып кетті. Бұл егін шаруашылығымен айналысатын диқандардың жоспарланған көлемде егін егуіне кедергісін келтірді. Дейтұрғанмен, диқандар белгіленіп берілген судың лимитін дұрыс әрі үнемді пайдалануға ден қойған. Мемлекет басшысының су үнемдеу тапсырмасына сәйкес аймақта су көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, үнемдеу технологиясы енгізілген. Бөлім басшысы Мұрат Әшірбековтың сөзінше, көктемгі дала жұмыстарында мамандар жерді лазерлі тегістеуден өткізіп, шаруалармен бірлесе суды кезекпен беру тәртібін қалыптастырған. Нәтижесінде жұмылған жұдырықтай бірлесе әрекет ету арқылы, биыл шаруалар су тапшылығынан қиындық көрмеген. Ерте көктемнен қара күзге дейін еткен еңбектің, төккен тердің ескерусіз қалмайтыны бесенеден белгілі. Өткен аптада «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен болған дала еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз – 2024» облыстық салтанатты шарасында Су үнемдеу технологиясын қолдану бойынша Шиелі ауданы «Озат аудан» атанып, облыс әкімі арнайы марапатты аудан басшысы Айтбай Жандарбековке табыс етті.
ТЕХНИКАСЫЗ ТІРЛІК БІТПЕЙДІ
Ауыл шаруашылығында техникалық прогресті үнемі дамыту, шаруашылықтардағы егіншілікті комплексті механикаландыру үшін техникамен жабдықталуын жетілдіру, егіс көлемін ұлғайту және еңбек өнімділігін одан әрі арттыру – міне, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің алдына қойып отырған мақсаттарының бірі осындай. Әрине егін егу, оған күтім жасау, оны жинау жұмыстарын техниксыз елеутету әсте мүмкін емес. Сондықтан, заман талабына сай жаңа тихниканың болуы жұмыс барысын қарқынды әрі тиімді жүргізуге мол ықпал ететіні белгілі. Биылғы жылдың 8 айында ауданға 2 жаңа комбайн, 32 трактор және 3 жүк тиегіш, барлығы 37 дана техника әкелініп, ауданға 1,5 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл ауыл шаруашылығы экономикасының даму көрсеткішінің жоғарларуына айрықша үлес қосары анық. Сондай-ақ ауданда ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге қажетті көлемде дизель отынын жеткізу жұмыстары да жолға қойылған. Бұл туралы бөлім басшысы: – Шиелі ауданы бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері тарапынан «Госагро» порталы арқылы электронды түрде арзандатылған 1138,0 дизель отынына сұраныс өтінімдері жолданып, күзгі егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін ауданның шаруашылық құрылымдарына Үкімет тарапынан 1138,0 тонна дизель отыны бөлінді. Оны жеткізуші болып «РК-Мұнай» ЖШС таңдалып, жанар-жағармайдың бір литрі 250 теңге болып бекітілді. Бүгінде шаруа қожалық 750 тонна дизель отынын алды, – дейді. «Адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деп дана Абай айтқандай, расында да, адам баласы пайда болғаннан бері өзінің қажеттілігін тек еңбек арқылы қамтамасыз етіп келеді. Еңбек адамды адалдық, табандылық, жауапкершілік сияқты қасиеттерге баулып игілікке жеткізеді. Жоғарыда айтып өткендей жалпы, биыл Сыр диқандары үшін оңтайлы жыл болды. Себебі тіршілік нәрінен тарықпай, жанар-жағармайдан тапшылық көре қоймады. Минералды тыңайтқыштан да мәселе бола қойған жоқ. Бұл тұрғыда тиісті қолдау көрсету, елдің дамуы, өркендеуі жолындағы нық қадам. Себебі, ауыл шаруашылығы – тек бизнес емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту саласы ғана емес, бұл – ұлттық дәстүріміз, мәдениетіміз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
15 қазан 2024 ж. 241 0