Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШАРУАНЫҢ ШЫРАЙЫ ЕҢБЕКПЕН КІРЕДІ

ШАРУАНЫҢ ШЫРАЙЫ ЕҢБЕКПЕН КІРЕДІ

Күз – молшылық пен берекенің айы. Тіршілігі егін шаруашылығымен біте қайнасып жатқан ақмаялық диқандар егін ору маусымына білек сыбана кірісіп кеткен. Қызу тіршілік үстінде. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген қазақтың тәмсілді сөзін ту еткен аядай ғана ауылдың бүгінде берекесі артып, ынтымақбірлігі өзгеге үлгі болып келеді. Ғасырға жуық тарихы бар Ақмая ауылынан 16 Социалистік Еңбек Ері шыққан. Барлығы дерлік, маңдай тер еңбегімен қара жерге күріш дақылын егіп, ауылдың атын әлем елдері арасында паш еткен. Қазіргі таңда адал бейнетін, зейнетім деп білген азаматтар сол игі дәстүрді жалғап, озаттар қатарынан көрінуде.


Жуырда тілшілік тіршілікпен қайнаған еңбектің қайнар көзіне айналған Ақмая ауылына табан тіредік. Ажары күн санап артқан елді мекеннің атшаптырым алқабын молшылық майданына айналдырып, даңқты диқандардың ізін жалғап, қамбаны алтын астыққа толтырып отырған «Ақмая» шаруа қожалығының етжеңді ісіне зер салдық.
Қазір шаруасы шираған қожалықта ілкімді істі еңбекпен игеріп отырған 120 адам жұмыс істейді. Бірі – егіс даласындағы қызу тірлікке араласса, енді бірі – шаруа қожалықтың фермадағы жұмысын тиянақты атқарып жүр. Еңбектің мәні мен маңызын түсінген ауыл азаматтарының осынау жүйелі ісінің арқасында ауыл іші көркейіп, жұмысы қарқындап тұр.
«Ақмая» шаруа қожалығын ауыл азаматы, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков басқарады. Еңбекке бала күнінен бейім, шаруашылықтың жұмысын әбден жетік меңгеріп, тындырымды тірлігімен ел халықтың батасын алған азамат бүгінде шаруашылықтың тірлігін түлетіп отыр. Қожалықтың игілігінде қазір 2414 гектар жер бар. Төрт бригададан тұратын егін алқабына Гүлсім Дәрібаева, Қайрат Тастанбеков, Азамат Кемелов, Ерлан Сұлтанов сияқты өз ісінің майталмандары дәнді дақылдар егіп, күтіп баптап отыр. Биыл егін алқабының 1277 га жеріне негізгі өнім күріш егілсе, бидай – 178 га, жаңа жоңышқа – 178 га, ескі жоңышқа – 631 га, ал бақша дақылдары – 257 га жерге орналастырылған. Сондай-ақ шаруа қожалық толығымен жаңа заманауи шетелдік комбайн, трактор, ауыл шаруашылығы техникаларымен жабдықталған. Бұл жаңа техникалар өнімді уақытылы орып, жинап алуға, жұмысты жеңіл әрі тиімді жүргізуге ықпал етеді дейді шаруашылық төрағасы.
Қазақ даналығында «Мақсатсыз адам – желкенсіз кеме» деген маңызы жоғары сөз бар. Біз сөз етіп отырған шаруашылық төрағасының мақсаты – айқын, жоспары – жұмыр екен.
– Өздеріңізге мәлім, қыркүйек айының алғашқы күнінде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты қазақ халқына Жолдауын жасады. Бұл саяси құжатта еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты мардымды әрі маңызды мәселелері қамтылған. Жолдауда Президент 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялай келе: «Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз» деп атап өткен болатын. Осыған сәйкес, биылғы ауқымды жоспардың бірі ауылға құны 120 миллион тұратын қуаттылығы тәулігіне 50 тонна ақ күріш өңдейтін зауыт салып жатырмыз. Алдағы қазан, қараша айларында зауытты толығымен орнатып болады. Іске қосылған сәтте екі қолға бір күрек іздеп жүрген ауыл тұрғындарын жұмысқа тартып, ел игілігі жолында еңбек ететін боламыз, – дейді Дәулет Егембергенұлы.
«Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» деп біз де таңмен таласа егін алқабын көрмекке бет алдық. Ондағы мақсатымыз – дала төсінде тынымсыз адал маңдай тер төгіп жүрген еңбеккерлердің жұмыс барысымен танысып, тілдесу. Ойлағанымыздай егін даласындағы жұмысшы топ күрішті оруға орақтарын қайрап, техникаларын сайлап, егінге қамданып жатыр екен. Маңдайын күн, самайын жел, табанын құм сүйген, иығынан кетпенін тастамайтын диқандарды көргенде, күріштің атасы Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары міне, осы екен деп қаласың. Тілшілікпен егіс басындағы тіршілікпен танысуға келген бізді алдымыздан еңбек озаты Гүлсім Дәрібаева жылы жүзімен тосып алып, кең далаға жайылған сары түстес кілемдей күріші жайқалған алқапқа алып барды. Сол сәтте Әнұранымыздың «Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы» деген шумақтары көкірегімізде сайрап тұрды. Сайрағаны сол еді, егіс даласының арғы басынан бригадир Гүлсім Дәрібаеваның «Егінді оруға кірісейік» деген зілсіз пәрпені естілді. Бригадирдің осы бір нұсқаулығын тағатсыз тосып тұрған диқандар іске тез кірісіп, алтын дәнді шашпай-төкпей жинауға кірісті.
Осы тұста дала жұмысына білек сыбана кіріскен нағыз еңбек адамдарының түсін түстеп, атын айтқанды жөн санадық. Шаруа қожалық соңғы жылдары білікті жас мамандармен толыққан. «Жас келсе – іске» демекші, Мақсат Берікбайұлы заманауи техниканың тілін тез меңгеріп, көктемде 3000 мың аттың күші бар тракторды айдаса, күз айында комбайнмен күрішті ору маусымына да елеулі үлесін қосуда. Сонымен қатар Бақыт Сандыбаев, Нұрлан Абдраманов, Бегдос Есмұратов, Асанәлі Оспан сияқты азаматтар шаруашылықтың қызу тірлігіне әбден үйренген. Егіннің жайын бақылап, қажет кезінде техниканы тізгіндеп, мақтанышпен ауыз толтырып айтарлық ілкімді істер атқаруда дейді бригадир. Бұған дейінгі жылдары жасаған еңбектерін еш кетірмей «Еңбек озаты», «Еңбек адамы» сияқты медальдармен марапаттап, тиісінше қаржылай сыйлықтар үлестіріп келеді. Ал дәл осы қожалықта 50 жыл абыройлы еңбек етіп, зейнетке шыққан Сәулебек Әлтаев әлі де болса еңбек озаттар қатарынан түспеген. Тапсырылған егіс даласына күріш егіп, одан көп өнім алғаны үшін бірнеше рет республикалық, облыстық марапат мінберінен көрінген. Осылайша, егіс даласындағы озаттардың тынымды тірлігімен танысып, өнімді еңбектеріне куә болып қайттық.
Аталған қожалық жыл сайын алтын дәннен астық жинағаннан бөлек, қоғамдық жұмыстарға да атсалысады. Мерекелерде ауыл тұрғындарына сыйлық үйлестіріп, түрлі мазмұнды шара ұйымдастырады. Ауылдық клуб үйінде өткен ісшараларға қаржылай демеушілік жасап, ауылдың дамуы мен ілгері жылжуына нық қадамдар жасауда. Сондай-ақ ауылды көгалдандыру, көше жарық бағаналарын жаңарту, Ақмая – Батыс Қытай жолын асфалтьтауға сүбеле үлес қосып, қаржыландырып отыр.
Шаруашылықтың күрішшілеріне 40 центнерден жоғары өнім жинаған диқандарға дәстүрлі түрде сыйақы тағайындап, еңбекке деген ынтасын арттырып келеді. Жыл сайын жоғары өнім алған звено жетекшісіне автокөлік пен 1 000 000 теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар табыс етеді.
Иә, бітімі бөлек, шаруасы ширақ «Ақмая» шаруа қожалығының берекелі ұжымымен танысқан біз де еңбек ерлерінің атқарар бір күндік жұмысына қанық болып, марқайып, қара шаңыраққа қайта оралдық.


Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ
16 қыркүйек 2024 ж. 106 0