Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Руханият ордасындағы мұрағат шежіресі

Руханият ордасындағы мұрағат шежіресі

Жазба тарихтың дәйекті дәлелдерін көздің қарашығындай сақтап, болашаққа аманаттау – мұрағат мекемелерінің басты міндеті. Өткенімізді көз алдымызға әкеліп, ел тарихын байытатын, ұрпақ санасын оятатын, мемлекетіміздің құнды мұрасын сақтайтын маңызды сала – архив ісі.
Қазіргі таңда елімізде құжаттарды құнттайтын 200-ден аса архив бар. Ал ауданда боямасыз тарихты сақтау үшін Қызылорда облысының мемлекеттік архиві Шиелі аудандық филиалы қырық жылға жуық уақыттан бері қызмет етуде. Үлкен жауапкершілік пен қырағылықты көздеп, өткен күннің белгісін бүлдірмей, ақиқатты аманаттауды мақсат еткен аудандық мұрағат «Руханият орталығында» орналасқан.
Адамзаттың білімі мен ғасырлар еншісіндегі тәжірибесін көрсететін шежіре қоймасы бүгінде ел игілігіндегі асыл мұраларды ұтымды пайдалану мен барынша толық зерттеуге бағытталған қызмет шеңберін уақытпен бірге кеңейтіп келеді.
Құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуде архивист мамандардың еңбегі ерекше. Аудандық мұрағаттың қалыптасуы мен дамуына әр жылдары басшылық еткен азаматтардың сіңірген еңбегі зор. Атап айтқанда, 1987-1997 жылдары мекемені басқарған Бәкір Токбаулин, 1997-1999 жылдары Қалдыбай Сүгірбаев, 1999-2004 жылдары Аманберді Әлімов, 2005-2010 жылдары Мәрия Дүйсеаманова өз істеріне адал болып, мұрағат ісінің өркендеуіне үлес қосты. Ал 2010 жылдан бастап бұл жауапты қызметті ­Ерболат Дүйсенбаев абыроймен атқарып келеді. Сондай-ақ архив қоймасының меңгерушісі ­Жанат Ментаева, архивистер Айжан Есенова, Жанат Кенебекова, Ақбота Бакирова және ақпараттық технология бойынша инспектор Лаззат Шонанбаевалар абыройлы еңбек етуде. Олар – өңірдің тарихи жадын сақтап, болашаққа аманаттап жүрген жандар. Архив – тарихтың қайнар көзі болса, архив қызметкерлері – сол тарихты сақтаушы, болашаққа аманаттаушы жандар. Олар – ұлт жадының жанашырлары. Құжаттардың әр парағын тиянақты қарап, жүз мыңдаған ақпараттық қорды ұқыппен сұрыптап, сақтайтын архивистердің еңбегі көзге көрінбегенімен, ел тарихында орны ерекше.
Аталған қызметті өз деңгейінде орындау үшін архивистерге білім мен біліктілік қана емес, жұмысына, халық мұрасы мен ел мен жердің тарихына деген адалдық керегі анық. Мекеме қызметкерлері бүгінде бұл міндеттің үдесінен шығып отыр. Олар кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында білімдерін жетілдіріп, әдістемелік тәжірибе алмасып отырады.
Архив – ұлттың даму жолын, болмысын, даналығы мен даралығын, арманы мен тілегін сақтайтын киелі орын. Аудандық архив қорында 1987 жылдың ақпан айында барлығы 1148 құжат болса, бүгінде 218 қорда 51469, 324 фото құжат сақталып, ел игілігіне қызмет көрсетіп келеді.
Аудан көлеміндегі жүзге жуық мемлекеттік және өзге де мекемелермен бірлесе жұмыс жүргізу арқылы мұрағаттағы құжаттар қоры жыл сайын толықтырылады. Бұл ұйымдарға ведомстволық архив ісін жүргізу, құжаттарды дұрыс сақтап, реттеу бойынша әдістемелік көмек тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Сонымен қатар семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, жауапты қызметкерлерге кеңестер беріліп тұрады. Бұл жұмыстар – архив қорын толықтырып қана қоймай, архив мәдениетін дамытуға да үлес қосуда.
Расында, архив ісіне мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету – заман талабы. Құнды құжаттарды қорғау, жинақтау, есепке алу, олардың сақталуын қамтамасыз ету, ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жаңғырту – бұл күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселелердің бірі.
Өткенді бүгінмен байланыстырып, тарихи шындықты нақты дәйектермен дәлелдейтін – архивтің маңызы орасан. Себебі архив – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ішкі-сыртқы саясаты, рухани және мәдени келбеті жайлы мол мағлұмат беретін тарихи қазына. Мұнда ғасырлар қойнауынан жеткен тың деректер мен маңызды мәліметтер сақтаулы.
Бүгінгі таңда жаһандану дәуірінде архив саласының алдында үлкен міндеттер тұр. Мәселе ақпараттың көлемінде емес, оны дұрыс сақтап, тиімді пайдалануда. Сондықтан архив мамандары жаңа технологияларды жетік меңгеріп, цифрлық форматқа көшу үдерісін жеделдетуі тиіс.
Кешегі күннің көрінісін, тарихи оқиғалар мен құбылыстардың нақты дәйек-дерегін жинақтап, сан ғасырдың сырын бүгінге жеткізуші – архив қызметінің қоғамдағы маңызы орасан. Себебі бұл асыл мұра мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, ішкі-сыртқы саясаты мен тарихы, рухани әлемінің басын біріктірген мол дерек қорын қамтып, жәдігерлер жиынтығын жасап отыр. Әрі құнды қор үнемі жаңа дерек, мазмұнды мәліметпен толыға бермек.

Гүлхан ЯХИЯ
23 желтоқсан 2025 ж. 33 0

Қоғам

ӨНЕР МЕН ТӘРБИЕ ТОҒЫСҚАН ОРТА
23 желтоқсан 2025 ж. 41

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (9365)

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 (9364)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031