Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 32 КІТАПХАНА, 86 МЫҢ ОҚЫРМАН

32 КІТАПХАНА, 86 МЫҢ ОҚЫРМАН

Кітапхана тек парақ пен жазудан тұратын орын емес. Ол – өткен мен болашақты жалғайтын көпір, халықтың рухын байытатын шежірелі әлем. Шиелі аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты 32 кітапхана 86 мыңға тарта аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Әрбір кітапхана – білім мен мәдениет ордасы, әр кітап – жүректен жүрекке өтетін рухани азық.
Аудандық орталық кітапхана, 1 аудандық балалар кітапханасы, 4 қалалық және 26 ауылдық кітапхана бірігіп, оқырмандардың әр сұранысын қанағаттандырып, заманауи қызмет көрсетуге ұмтылады. Мұнда әрбір жоба – рухани дамуға, білімге талпынуға бағытталған. Модельдік ауылдық кітапхана, үш ауылдық онлайн орталығы, 16 «Коворкинг» білім орталығы заман талабына сай ашылған, ал ауылдық кітапханалардағы «Қазақ» бұрышы ұлттық мәдениетімізді, дәстүрімізді сақтаудың айқын белгісі.
Кітап қорында 543 497 дана кітап болса, оның 361 566-сы мемлекеттік тілде. Оқырмандар саны 29 332-ге, кітап берілім 484 920-ға жетті. Бұл дегеніміз – аудан тұрғындарының кітапқа деген шынайы сүйіспеншілігінің айқын дәлелі.
Шиелі аудандық орталық кітапханасы өз өңірінің тарихын дәріптеуде ерекше белсенді. «Асылдар туған, шежіре тұнған құт мекен» атты тұрақты көрмелер, «Туған жер – тұңған тарих», «Менің өлкем – менің мақтанышым» тақырыбындағы танымдық кештер оқырмандарға рухани азық береді. «Бір ауыл – бір тарих» жобасы аясында қаламгерлермен кездесулер өткізіліп, әр кітапхана өз мәліметін жинақтап оқырмандарға ұсынады.
Инновациялық жобалар да ерекше. 2004 жылдан бастап барлық кітапхана «РАБИС» автоматтандырылған жүйесіне қосылып, 191 791 дана кітап пен 1 673 мақаланы енгізді. 2016 жылдан өлкетану әдебиеттері сандық форматқа көшіріліп, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 333 дана кітап электронды форматқа айналды.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Көшпелі кітапхана», «Жанарсызда жарық әлем» клубы әлеуметтік өмірге бейімдеуге бағытталған. 120-дан астам зағип және көру қабілеті нашар көретін тұрғындарға арналған бұл бастама ерекше құндылыққа ие.
Шиелі кітапханасы жастарға, оқырмандарға арналған мерекелік және интеллектуалдық шараларды да белсенді ұйымдастырады. «Kitap Time» фестивалі, «Сүйікті кітабыма хат», ­Наурыз мерекесіне орай өткізілген дәстүрлі шаралар оқырмандарға рухани азық беріп, мәдени құндылықтарды насихаттайды. Сонымен қатар «Кітап оқиық» ұранымен жүзеге асырылған «Кітапхана такси» жобасы да жолаушыларды тегін жеткізіп, кітапқа деген қызығушылықты арттырады.
Түйіндей келе, аудандық кітапхана – тек оқырманға қызмет ететін мекеме ғана емес, халықтың рухани жүрегін толтыратын, елдің тарихын сақтайтын, сананы биікке жетелейтін шынайы рухани мекен. Мұнда әр оқырман – өз тарихының куәсі, әр кітап – рухани мұраның тірі бейнесі.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
23 желтоқсан 2025 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (9365)

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 (9364)

20 желтоқсан 2025 ж.

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031