Грантпен басталған кәсіп
Шиелі ауданында кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы бастамалар нәтижесін беруде. Атап айтсақ, жергілікті кәсіпкер Жанар Сұлтанмахмұтқызы брусчатка және бордюр өнімдерін өндіру ісін жолға қойды. Ол «Атамекен» Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен 1 572 800 теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.Бүгінде өндіріс орнында брусчатканың төрт түрі, бордюрлер және жол жиегіндегі суағарлар шығарылуда. Кәсіпорын төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып, аудан тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік беріп отыр.
– Алдағы уақытта өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім түрлерін көбейту жоспарымызда бар. Заманауи техникаларды енгізу арқылы жұмыс көлемін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуды көздеп отырмыз, – дейді кәсіпкер.
Аталған өндіріс «Атамекен» Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының тұрақты қолдауында. Палата директоры Бекзатхан Бауыржанұлы кәсіпкерлік нысанға барып, жұмыс барысымен танысып, жоба мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсетіп отырғанын атап өтті.
– Мұндай жобалар мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтиже беріп жатқанын көрсетеді. Ең бастысы – грант қаржысы мақсатты пайдаланылып, жаңа өндіріс пен тұрақты жұмыс орындары ашылып отыр. Біз кәсіпкерлерге тек қаржылай емес, кеңес беру, сүйемелдеу бағытында да үнемі қолдау көрсетіп келеміз, – деді ол.
Жиделіарық ауылдық округі әкімдігінен Дәурен Оспанов та кәсіпорынның аудан экономикасына қосып отырған үлесін жоғары бағалады.
Сонымен бұл жоба – мемлекеттік қолдаудың сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асып жатқанын дәлелдейтін нақты мысал. Жанар Сұлтанмахмұтқызының бастамасы ауданда кәсіпкерлікке жол бар екенін, ал табандылық пен қолдау ұштасса, өндіріс дамитынын айқын көрсетіп отыр. Нақты өнім, нақты жұмыс орны, нақты нәтиже – өңір экономикасының тірегі осындай істер арқылы қалыптасады.
Айнұр ИБРАШЕВА








