Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Компьютердің қыр-сырын меңгерген әже

Компьютердің қыр-сырын меңгерген әже

Аға буын өкілдерінің басым бөлігі жаңа ақпараттық технологиялармен, компьютер, смартфон және әртүрлі гаджетпен жұмыс істеуге оңай бейімделе бермейді. Сол себепті олар электронды құрылғыларды пайдалану бойынша кеңесті балаларынан немесе немерелерінен сұрайды.
Алайда Шәмшагүл Жетебаева компьютердің қыр-сырын меңгеруді мақсат тұтқан. Ол бүгінде бұл істі өзі өзгелерге үйретерлік деңгейде. Әуелде жаңа бағдарламаларды меңгеруге немерелері жәрдемдескенімен, кейін компьютерлік жүйелер мен мобильді қосымшаларды өз бетімен толық игеріп алған. Сандық жүйенің сырын түсінген кейіпкеріміз түрлі қызметті үйде отырып-ақ ала алады. Тіпті смартфонның бетіне саусағын тигізе отырып, түрлі бағдарламаны іске асырып отыр. Қарттыққа бой алдырмаған Шәмшагүл апа заман ағымынан қалыспай, жастармен тең дәрежеде әлеуметтік желілерді де пайдаланады.
– Интернеттен қызықты фильмдер көріп, түрлі жаңалықты оқып отырамын. Әлеуметтік желілер арқылы Қазақстанның әр қаласындағы бала-шағаммен, немере-шөберелеріммен және туыстарыммен байланысып тұрамын, – дейді келер жылы 93 жасқа толатын Шәмшагүл апа.
Қазалы ауданының Майлыбас ауылында дүниеге келген Шәмшагүл Жетебаева 19 жасында жерлесі Зинали Мыңбаевқа тұрмысқа шыққан. Қазалы зооветтехникумын тәмамдаған Зинали Мыңбаев Сырдария ауданына қызметке жіберіліп, ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша үлес қосты. Ол машина-трактор станциясында, «Қызылту» колхозында, «Қараөзек», «1 Мамыр» және «Сырдария» совхоздарында еңбек етіп, бірнеше мәрте Сырдария және Шиелі аудандық кеңестерінің депутаты болды. 1966 жылы облыстың үздік зоотехнигі атанып, өндірістен қол үзбей Алматы зооветеринарлық институтын бітірді.
Ағамыз қай салада қызмет етсе де, жанынан оның адал жары Шәмшагүл апа табылды. Ол үй шаруасымен қатар егістікте еңбек етті, ауылдық асханада аспаз болды. Халық әндерін шебер орындайтын ол бүгінгі күні Шиелі ауданына қарасты Жөлек ауылдық округіндегі мәдениет үйінде «Әжелер» ансамблінің белсенді мүшесі.
Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Шәмшагүл Жетебаева – 10 баланың анасы. Бүгінде оның 40 немересі, 70-тен аса шөбересі мен шөпшегі бар. Сонымен қатар Мыңбаевтар әулеті «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында жүлдегер атанды.
Қазақы даналыққа жүгінген ақ жаулықты әжеміз бүгінгі жастарға компьютер мен смартфонға шектен тыс әуестенбей, көбірек кітап, газет-журнал оқуға кеңес берді.

М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
17 желтоқсан 2025 ж. 29 0

Қоғам

АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ ДӘМІ ТӘТТІ
17 желтоқсан 2025 ж. 29

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (9362)

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (9361)

09 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031