Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН КЕШ

ҰЛЫ ТҰЛҒАНЫ ҰЛЫҚТАҒАН КЕШ

Рухани өрлеу – ел дамуының басты тұғыры. Тәуелсіз еліміздің рухани байлығын арттырып, асыл мұраларымызды жарқырата көрсетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күннің талабы. Осы негізде, жыл басында Шиелі ауданында мемлекеттік қызметшілердің рухани жан дүниесін, шығармашылық әлеуетін дамыту және кітап оқу мәдениетін арттыру мақсатында «Рухани өрлеу» атты шығармашылық орта құрылған болатын. Қазіргі таңда бұл орталық жүйелі жұмыс жүргізіп, мемлекеттік қызметшілер бір-бірімен араласу, сергу, рухани қорларын толықтыруға мол мүмкіндік алды.
Өткен жұма күні аудан әкімінің бастамасымен құрылған орталықтың тағы бір жұмысына куә болдық. Бұл жолы орталықтың белсенділері төл тарихымызда азаттық үшін күрескен, ұлттың рухын көтеруге өлшеусіз үлес қосқан тұғырлы тұлға, ақын, жазушы және қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай «Азаттықтың жаршысы – Міржақып» атты танымдық кеш ұйымдастырды.
Танымдық іс-шараға жиналған қауымға аудан әкімінің аппарат басшысы Ғалымжан ­Каримов Алаш арыстарының ел үшін еткен еңбегі мен рухани мұрасының жастар тәрбиесіндегі маңызы айрықша екендігін атап өтіп, алғы сөзімен ашып берді. Сонан соң шараға арнайы қатысқан «Қазақ тілі» қоғамының Шиелі ауданы бойынша төрағасы Сұлтан Сағындық Міржақып Дулатұлының қазақ руханиятындағы орны жайлы пікірін ортаға салды.
Әрі қарай танымдық кеш орталықтың дайындаған әдеби-сазды бағдарламасына ұласты. Мұнда «Рухани өрлеу» шығармашылық орталығының белсенді мүшесі, «Ақтоған ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ бас маманы Гүлбарам Жүзбаева өзінің «Тілім барда» атты жүрекжарды жырын оқыса, «Керделі ауылдық округі әкімінің аппараты» КММ жетекші маманы Айнұр Бекпенбетова ұлттық аспабымыз домбырамен терме орындап көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сондай-ақ өз кезегінде елдің рухын асқақтатар патроиоттық ән шырқаған жас мемлекеттік қызметшілер кештің көркін келтірсе, «Шиелі кенті әкімінің аппараты» КММ бас маманы, жас мемлекеттік қызметкер Гүлжазира Құлахмет Міржақып Дулатұлының «Қайда едің?» атты шығармасын оқып көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Кеш соңында қатысушы жастар өз ойларын ортаға салып, ұйымдастырушы тарапқа алғаусыз алғыстарын білдірді.
Мемлекеттік қызмет – жүректен шыққан қызмет. Бұл – елге, жерге, ұрпаққа деген адалдықтың айғағы. Ал мемлекеттік қызметші бір саланы қамтитын мамандық емес, ол Президенттің саясатын жергілікті жерде жүргізетін, халықпен тығыз байланыс орнататын, елдің мұң-мұқтажына құлақ асып, сол міндеттерді жүзеге асыратын қызмет. Яғни, бір сөзбен айтқанда мемлекетіміздің бет-бейнесі.
Ел үшін еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкерлердің бойында тек кәсіби біліктілік ғана емес, сонымен бірге сергектік, шымырлық жігер мен қайрат қатар жүру керек екені белгілі. Бұл қасиеттерді шиелілік жас мемлекеттік қызметшілердің бойынан толық таба аласыз. Бұған біз Ұлт рухын оятқан ұлы тұлғаға арналған танымдық кеште тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
16 желтоқсан 2025 ж. 23 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (9362)

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (9361)

09 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031