Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Таным көкжиегін кеңейткен көрме

Таным көкжиегін кеңейткен көрме


Болашағына бағдар жасап, санасын жаңғыртып, ер есімдерінің ел есінде ұлықталуына жол ашқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды істер атқарылып келеді.
Қалыптасқан тұлғаға өскелең ұрпақтың ұқсап бағуы болашақ баспалдағына бағдар болмақ. Осы орайда облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен танымдық шара өтті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында өткен «Уақыт. Тұлға және бүгінгі бәсекелестік» атты тарихи-танымдық шарада өңір өркендеуіне үлес қосқан азаматтардың өмірінен фото-шежірелер және олардың тұлғалық болмысын танытатын естелік құжаттардан «Табысқа жеткен тұлғалар» атты көрме ұйымдастырылды.
Көрмеге ауданымыздан оқушылар Айтөре Жанерке, Айтбай Аймереке, Тұрғанбай Әсел, Жұмабай Нұргелді, Тұрапқали Досымжан, Айтөреев Ермұхамед, Нұрбекова Арайлым мен топ жетекшілері Байділдаева Рауза, Бердібаева Ләйлә, Нарымбаева Жазира қатысып, «Ерлер ісі-даңқымен», «Өзі биігіне шыға білген азамат» тақырыбында ауданымыздың өркендеуіне өз үлестерін қосқан Ыбырай Жақаевтың, Әшірбеков Бағлан Әміреұлының, Бердібаев Асқар Айтөреұлының өмір деректері мен еңбектерін, жеткен жетістіктерін видеоролик арқылы ұсынып, жобаны қорғап шықты. Сонымен қатар, «Табысқа жеткен тұлғалар» көрмесінде ұжымдық шығармашылық жұмыстың үздік үлгісін көрсеткені үшін №149 «Қызыл Ту» орта мектебі Шиелі аудандық ұжымдық тобы марапатталса, оқушылар «Уақыт. Тұлға және бүгінгі бәсекелестік» тарихи-танымдық шараға белсене қатысып, заманауи Қазақстанның келбетін қалыптастыруға үлес қосқан тұлғалардың еңбегін зерттегені үшін «Алғыс хаттар» иеленді.
«Өскен өңір» ақпарат.
20 ақпан 2018 ж. 2 034 0