Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ШИЕЛІЛІК МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР РУХАНИ САПАРҒА ШЫҒЫП, ТАРИХИ ОРЫНДАРМЕН ТАНЫСТЫ

ШИЕЛІЛІК МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР РУХАНИ САПАРҒА ШЫҒЫП, ТАРИХИ ОРЫНДАРМЕН ТАНЫСТЫ

Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің қолдауымен мемлекеттік қызметшілерге арналған тарихи-танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты — мемлекеттің тірегі саналатын мемлекеттік қызметшілердің таным көкжиегін кеңейтіп, ұлттық құндылықтар мен тарихи мұраларымызға деген құрметті арттыру, рухани серпіліс сыйлау болды.
Сапар барысында қатысушылар алдымен киелі Отырар жеріне табан тіреп, бабалар ізі қалған Арыстан баб кесенесін көрді. Одан кейін ортағасырлық өркениет ізі сақталған Отырар (Фараб) қалашығын аралап, Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорықтағы бай тарихи жәдігерлермен танысты.
Отырар музейі ұжымына аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, музейдің ел тарихын насихаттаудағы еңбегіне жоғары баға берілді.
Рухани сапар Түркістан қаласында жалғасын тапты. Қызметшілер «Фараб» кітапханасына барып, Ұлы ойшыл, шығыстың Аристотелі атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1155 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы Даланың Ұлы тұлғасы – Әбу Насыр әл-Фараби» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шарада «Шиелі ауданы әкімінің аппараты» КММ Персоналды басқару бөлімінің басшысы Құттықыз Артыққызы төрағалық етіп, №47 мектеп-лицейдің шебер ұстазы, “Ы. Алтынсарин” және “ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері” төсбелгілерінің иегері Фатима Серікбайқызы, сондай-ақ аудандық қоғамдық даму бөлімінің бас маманы Гүлшат Рысқалиқызы өздерінің тағылымды ойларымен бөлісті.
«Рухани өрлеу» шығармашылық орталығының мүшелері әсем ән мен жырдан шашу шашып, рухани кештің мазмұнын байытты.
Фараб кітапханасы ұжымына да аудан әкімінің Алғыс хаты табысталып, Шиелі ауданының әндері мен күйлерінен құралған «Елге аманат» кітабы сыйға тартылды.
Мемлекеттік қызметшілер бұл танымдық сапардан мол рухани серпіліс алып, ұлт тарихына, мәдениет пен руханиятқа деген құрметтерін тереңінен сезінді.
Мемлекеттік қызмет – тек ресми міндеттермен шектелмейтін, елге адал қызмет етумен қатар, тарихи танымды тереңдетіп, рухани байлықты бойға сіңіруді қажет ететін үлкен жауапкершілік екені осы сапар арқылы тағы да айқын көрінді.

Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
23 маусым 2025 ж. 27 0