Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРИХ СӨЙЛЕГЕН КЕШ

ТАРИХ СӨЙЛЕГЕН КЕШ

Желтоқсан. Суық. Бірақ сол бір ызғарлы күндерде қазақ жастарының жүрегінде от жанды. Ол – азаттықтың оты еді. Уақыт өте сол от – Тәуелсіздікке айналды. Биыл сол қасиетті рух Шиелі төрінде қайта жаңғырып, өткен мен бүгіннің, тарих пен тағдырдың арасын жалғады.
Шиелі кенті әкімдігінің қолдауымен, «Арман» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздік күніне орай өткен «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты кездесу өтті. Кездесу 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын еске салатын бейнероликпен басталды. Экрандағы әр кадр – үнсіз айқай, әр бейне – шындыққа толы тағдыр. Қарлы алаң, қасқайып тұрған жас жүздер, әділетсіздікке қарсы шыққан қайсар рух көрермендерді сол бір қилы кезеңге жетелеп алып кетті.
Салтанатты кездесуді Шиелі кенті әкімінің орынбасары Қайрат Жағыпбар ашып, Тәуелсіздік мерекесінің маңызын айрықша атап өтті. Ол өз сөзінде: «Бүгінгі бейбіт өмір – Желтоқсан құрбандарының жанқияр ерлігінің өтеуі» деп, ел дамуына үлес қосып жүрген бірқатар азаматты Шиелі кентінің әкімі А.Өмірәлінің Алғыс хатымен марапаттады. Бұл – еңбекті бағалау ғана емес, елдікке деген құрмет еді.
Кездесудің жүрегі – Желтоқсанның тірі куәгерлері, сол бір сын сағатта ұлт намысын қорғап, тағдыр тезіне түскен Патыма Арғынбайқызы мен Перуза Мұхтарқызы болды. Сұхбат барысында олардың әрбір сөзі – тарих, әрбір естелігі – тағылым. Олар Желтоқсанның тек бір оқиға емес, тұтас ұрпақтың рухани сілкінісі болғанын, сол күндердің адам жадынан өшпейтінін тебірене жеткізді.
Патыма Арғынбайқызы мен Перуза Мұхтарқызы – саяси қуғын-сүргін құрбандары деп танылып, әділет салтанат құрған шақта ақталған жандар. Бүгінде олар Шиеліде тұрып, жас ұрпаққа Тәуелсіздіктің шынайы бағасын өз өмір жолымен ұғындырып келеді. Олардың тағдыры – үнсіз ерлік, көзге көрінбейтін қаһармандық. Шара барысында сөз алған «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова, қоғамдық даму бөлімінің басшысы ­Кенжехан Есенбаев және аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Бекболат Әбуов Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын терең талдап, оның ұлттық сана қалыптастырудағы рөлін атап өтті. Бұл сөздер өткенге тағзым, болашаққа аманат іспетті болды.
Көрермендер тарапынан қойылған сауалдар да кездейсоқ емес еді. Әр сұрақ – ізденіс, әр ой – тарихқа деген құрмет. Ал желтоқсаншылардың берген жауаптары – өмірден алынған шындық, жүректен шыққан сыр болды. Кездесу кешінде Шиелі кенті әкімінің орынбасары Қайрат Жағыпбар мен аудандық мәслихат депутаты, «Арман» мәдениет үйінің директоры Нұргүл Шалекеева Желтоқсан қаһармандарына сый-сияпат табыстап, ел атынан алғыс білдірді. Бұл – ерлікке көрсетілген ілтипат, тарихқа жасалған тағзым еді.
Шара соңында «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған патриоттық әндер кештің көркем нүктесін қойды. Әуенмен бірге рух көтеріліп, жүректерде бір ғана ой жаңғырды: Тәуелсіздік – өткеннің көз жасы мен бүгіннің бақыты.

С.МАДИЯРОВА
17 желтоқсан 2025 ж. 28 0

Қоғам

АДАЛ ЕҢБЕКТІҢ ДӘМІ ТӘТТІ
17 желтоқсан 2025 ж. 29

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (9363)

16 желтоқсан 2025 ж.

№95 (9362)

13 желтоқсан 2025 ж.

№94 (9361)

09 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031