ҚАЗАНЫҢА ТАС ТҮСТІ МЕ?
Қазақтың әр сөзі – тұрмыстан туған, өмірдің өзі жасап берген бейнелі ой ғой. Бала кезімізде атамыз «Апырау, ана шәйнекке тас түсіп кетті ме?» деген сөзді жиі айтатын. Жуырда құрбымның үйіне бара қалсам, шаруасына асыққанын күйеуі «Әй, қазаныңа тас салып жібердің бе?» деп қарадай қыжыртып отыр. Әрине бұл сөзді бұған дейін де талай қазақтың аузынан сан мәрте естігенбіз. Әлгінің айтқаны соның бәрін жаңғырту ғана болды.
Содан миымның бір түкпірінен «Қазаныңа тас түсті ме сөзі қайдан шыққан?» деген сауал бас көтеріп, маза бермей қойғаны. Дереу іздей бастадым. Әуелі жүгінетіміз әлеуметтік желі ғой. Ақтарып көрсек, жарытып ештеңе таппадық. «Қазанға тас салу» дегеннің сорабымен осы күні ұмытыла бастаған «тасқорықты» да төңіректеп көргенбіз. Оның да қисыны жоқ тәрізді. Өйткені ол малта тасты отқа әбден қыздырып алып, ыдыстағы сүтке салып қайнату, сүтті тез пісіру. Соны бабаларымыз «қорық» немесе «тасқорық» деп атаған. Ал бұл жерде қайнамау, қайнатпау айтылып тұр ғой. Ақыры, алыстан іздеген жоғымыз жақыннан табылды. Бірде шәй іше отырып: «Осы қазаныңа тас түсті ме?» дегенді не үшін айтады?» деп әжемнен сұрап қалып едім, ол кісі оп-оңай айта салды. Сөйтсек, ба-баларымыз ыдыстағы сүтті қайнату үшін де, қайнатпау үшін де тасты қолданыпты ғой. Әжем айтады: – Біздің көргеніміз – түгел бейнет. Жер ошақтың басында алынбастай қылып орнататын жалғыз қазан тұрады. Ет те сонда, сүт те сонда піседі. Суды да әлгі қазанға қайнатамыз. Қазақ әйелінің бар уақыты оттың басы, ошақ қасында қазан тазалаумен өтетін еді ғой. Бала-шаға, келім-кетім адам болған соң әйелдің қазан-ошақтан басқа да қыруар шаруасы бар емес пе? Мысалы, отты жақсылап жағып, қазанға құйған сүті енді пісті-ау дегенде үй жақтан шарылдап балаң жылайды, шалың шақырады, не тағы, сондай тұра жүгіретін жұмыс шыға қалады. Не істеуі керек? Тастап кетсе сүт тасып, төгіліп оттың басы көңірсіп кетеді. Бармауға амалы жоқ. Міне, сондай кезде қазанға тас сала салып, бетін жауып кете беру – қазақта атам заманнан бар әдіс. Ертеректе әр ошақтың басында он жасар баланың жұдырығындай жұмыр тастар дайын жатады. Әлгіндей қысылтаяң кезде сол тасты «бісмилла» деп, суға бір шайып жіберіп қазанға тастай салады. Содан тіпті бір сағаттан соң айналып келсе де, беті жабық қазан бүлкілдеп қайнай береді. Тасып-төгіліп кету деген жоқ. Бұл тасты тек сүт қана емес, көбігін бір қалқып алған соң етті асықпай пісіру үшін де қазанға салып қояды. Міне, әлгі «Қазаныңа тас түсті ме?» дегеннің мәнісі осы. Сөйтіп, жасы тоқсанға таяған әжем ойда жоқта жоғарыдағы сөздің жұмбағын шешіп бере салды.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ







