Аққұмшықтың алдаспаны
Бүгінгі Байсын ауылында Аққұмшық деген жер бар. Осыдан бір ғасырдан бұрынырақ жұрт сол кішкентай құмның жан-жағына жағалай отырып күн кешкен. Көлемі онша үлкен болмағанымен оның Аққұмшық деген аты дардай, осы күнге дейін жұрттың аузында. Мен Аққұмшықта өскенмін деп айтып жүрген азаматтар бүгінде жеткілікті. Құмның жұрт біле бермейтін күндіз ыстық болғанымен, түнге қарай салқын тартатын қасиеті бар. Осындай қасиеті бар Аққұмшықта дүниеге келіп, балалық шағында табанын құмға күйдіріп өскен бірқатар азаматтардың есімдері бүгінде Сыр бойына белгілі. Кешегі дүниеден өткен жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбаев, ауыл шаруашылығының ардагері Сәдуақас Рсымбетов, қазір арамызда жүрген Шиелі ауданының Құрметті азаматы, ауданның абыз ақсақалдарының бірі Рахым аға Мауяұлы сол Аққұмшықтың төл перзенттері.Бүгінде жасы тоқсанға иек артқан Рахым аға 1956 жылы №45 қазақ орта мектебін, 1961 жылы Қызылорда педагогикалық институтының физика және математика пәні мамандығы бойынша бітіріп шығады. Рахым аға институтты жақсы оқумен қатар, оның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Оған дәлел құрамында Рахым аға бар институттың волейбол құрама командасы студенттердің бүкіл республикалық біріншілігінде үшінші орын алып, Сыр спортының абыройын асқақтатқаны еді. Сол команданың құрамында Шиелінің алты жігіті бар болатын деп, тек өзінің жеңісін ғана емес, сол кездегі ауданымызда волейболдың жақсы дамығанын мақтанышпен айтып отырады.
Еңбек жолын Ақмола облысы Шортанды ауданындағы орта мектептің мұғалімдігінен бастап, екі жылдан кейін 1963-1967 жылдар аралығында Шиелі кентіндегі Ломоносов атындағы орта мектепте мұғалім, директордың өндірістік оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
Жалындап тұрған жас кадрдың терең білімі мен табиғатынан ұйымдастырушылық қабілетінің молдығы, мектеп пен аудандық білім бөлімінің әртүрлі шарасында байқалып, аудан басшыларының назарына ілігеді.
1967 жылы аудандық партия комитеті Рахым ағаны саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі қызметіне бекітіп, бұл жұмысты 1977 жылға дейін атқарады. Ауданда өтетін ауданның партия комитетінің активі, пленумдары мен партия конференцияларына қажетті құжаттарды дайындап сол жиналыстардың дұрыс өтуіне саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі ретінде белсене араласып отырды. Осы кездері Рахым аға жоғарғы партия органдарымен үкіметтен келген құжаттарды басшылыққа алып, оның орындалуын қадағалап отыруда үлкен тәжірибе жинақтап, аудандағы білікті саяси қызметкерлердің біріне айналды.
1977 жылы Рахым Мауяұлы №252 орыс орта мектебінің директоры қызметіне тағайындалып, ол жұмысты 1983 жылға дейін атқарды. Орыс мектебінің директоры орыс ұлтынан болу керек деген қалыпты өзгертіп, сол мектепті алты жыл басқарды. Әр ұлттың балалары оқитын мектепте ең бірінші кезектегі жұмысын оқушылардың тәртібін жолға қоюдан бастады. Өйткені ол кісі тәртіп болмаған жерде білімнің де болмайтынын білді. Жасынан спортты жанына серік еткен Рахым аға оқушылардың сабақтан тыс кездерінде спортпен айналысуын ұйымдастырып отырды. Соның арқасында мектеп оқушылары аудандық жарыстарда үнемі үздіктер қатарынан көрініп отырды. Бүгіндері байқап жүргенім ол кісіге сәлем берген азаматтардың көбісін бұл менің шәкіртім деп мақтанышпен айтып отыратыны. Сол шәкірттерінің азамат болып қалыптасуына ұстазы ретінде, қарлығаштың қанатымен өртке су сепкендей болса да өзінің еңбегінің бар екеніне көңілі толатынын білдіреді. Бал жинаған арадай көз майын тауысып алған білімін, шәкіртінің бойына сіңіре білуі ұстаздың ең маңызды міндеті. Осыны білген халқымызда ұстаздық ұлы мамандық деп есептеген. Бұрын және бүгінде әрбір ата-ана балаларын жақсы ұстаздың алдына барып, содан жақсы білім алып шыққанын қалап отырады. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деп бекер айтпаған. Рахым аға тек мектепте ғана емес, партия, Кеңес үкіметі кезінде қызмет істеп жүрген сәттерінде де қарамағындағы іні-қарындастарына өзінің өмірлік бай тәжірибесін үйретуден жалықпаған азамат. Бүгіндері сол азаматтардың барлығы дерлік Рахым ағаны өздерінің ұстазы санайды.
1984 жылы Рахым аға Шиелі кенті атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. Шиелі кентін көркейту, көгалдандыру, тұрғындардың үй іргелік жерлеріне аяқсу алып бару жұмыстарымен қатар, тек көшелердің тазалығы ғана емес, әрбір ауланың тазалығына да мән беріп отырды. Ең басты есте қалатын жұмыстарының бірі – Ұлы Отан соғысы Жеңісінің қырық жылдығына байланысты кент орталығында соғыста қаза тапқан жерлестерімізге арналып мемориал кешенінің салынуы еді. Сәні мен салтанаты жарасқан кешен, еліміздің өткен тарихының куәсі болуымен қатар, жастарға патриоттық тәрбие беретін бірден-бір қасиетті орынға айналды. Жан-жақты ойластырылып, үлкен талғаммен салынған мемориал соғыста қаза тапқан жерлестеріміздің бүгінгі ұрпағының, сол жерге барып тағзым етіп тұратын орнына айнала білді. Әрине осы кешеннің әдемі болып салынуына, айналасын көркейтіп көгалдандырылуына Шиелі кентінің басшысы ретінде Рахым ағаның еңбегі айрықша еді.
Рахым аға 1986-1989 жылдары Шиелі аудандық партия комитетінің партиялық бақылау комиссиясының, 1990-1991 жылдары аудандық халық бақылау комиетінің төрағасы қызметтерін атқару кезінде, үкіметпен партияның қаулы қарарларын жетік білуі бұл жұмыстарды абыройлы атқаруына кепіл болды. 1992-1999 жылдар аралығында аудан әкімі аппаратының басшысы қызметін атқарды. Бұл кезең тәуелсіздіктің елең-алаң шағы еді. Елімізде басшылық құрылымдардың аты ғана өзгеріп қоймай, сонымен қатар олардың міндеттеріде өзгеріп жатты. Ел басқару ісіндегі қолданылып жүрген заңдарда бірінен кейін бірі өзгеріп, жаңа заңдар қолданысқа келе бастады. Осы кезде аудан әкімі аппаратының басшысы ретінде Рахым ағаның ұйымдастырушылық қабілеті анық байқалды.
Мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген азаматтар арасында жаңадан шыққан заңдарды түсіндіру бағытында семинарлар ұйымдастырылып отырды. Бұл жұмыстар келе-келе өзінің оң нәтижесін берді. Соның айғағы елді мекендегі мәселелер рет ретімен шешімін тауып, артық-кем әңгімелер барынша азайып, ауданда қалыпты тіршілік ырғағы белең алды. Ол аудан әкімінің ауылдардағы тұрғындармен кездесу жиналыстарында анық байқалды.
Рахым аға 1999-2006 жылдар аралығында аудандық мәслихат депутаттар жиналысы аппаратының меңгерушісі қызметін атқарды. Осы кездері еліміздің барлық өкілетті органында депутаттар баспасөз беттерінде аудандық, облыстық мәслихат депутаттар жиналысы деген атты және хатшы деген атты өзгерту жөнінде ұсыныстар айтып жатты. 1999 жылдың желтоқсан айында Астана қаласында осы мәселелер жөнінде семинар өткізілді.
Осы мәселелерді кеңінен талқылап бір шешімге келу мақсатында, облыстық мәслихат республикада бірінші рет Шиелі аудандық мәслихаты жұмысының негізінде семинар кеңес өткізді. Семинарға қатысқан кісілер аудандық мәслихаттың құжаттарымен, депутаттардың атқарып жатқан жұмыстарымен танысты, және барлық құжаттың көшірмесі алынып, Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісіне тапсырылды. Аудандық мәслихат аппаратының қызметкерлеріне, оның меңгерушісі Рахым Мауяұлының жұмыстарына жақсы баға берілді.
Бірде Қазақстан Республикасы парламент мәжілісінің депутаты Б.Еламанов аудан жұртшылығымен және депутаттармен кездесу өткізді. Осы кездесуде Рахым аға «аудандық мәслихатпен оның депутаттары елдің ауызбірлігін сақтауда көп жұмыстар атқарылып келеді. Сондықтан жергілікті мәслихаттың елдегі атқарып жатқан еңбектері еленіп отыруы керек. Мәслихаттардың құрылғанына 10 жылдан асып кетті. Бірақ ол аталып өтпеді. Сондықтан алдағы уақыттарда мәслихаттың құрылған күндері аталып өтілуі керек. Ол өкілетті органдарда жұмыс істеп жүрген азаматтардың еңбегіне берілген баға болар еді» деп ұсыныс айтқан болатын. Ол кісінің осы ұсынысы президентке дейін жетіп, қойылған мәселенің орынды екенін ескеріп, елімізде мәслихаттың құрылғанына 20 жыл, 30 жыл толуы мерекесі аталып өтті. Рахым ағаның көпшіліктің көкейінде жүрген ойды, тиісті жеріне жеткізе білуі, тек қана саяси сауаттылығы ғана емес, сонымен қатар ол кісінің батылдығын да білдірсе керек.
Рахым аға осы қызметтерді атқару кезінде ұқыптылықты, тәртіптілікті, заңдылықты сақтауды өзінен бастап қарамағындағы барлық қызметкеріне де талап етіп отырды. Ол кісі ауданда болатын әртүрлі жиындарда ешкімге жалтақтамай ойын бүкпесіз айтатын ағалардың бірі. Осы қасиеті үшін жұрт ол кісіні ауданның арқа сүйер азаматы, айбары деп біледі. Кейде Рахым ағаны Аққұмшықтың алдаспаны деп те жатады. Осы жасқа келсе де әлі тұғырдан түскен жоқ, халықтың ортасында. Әртүрлі шарадан қалмай батасын беріп, аудан жұртшылығының ықыласына бөленіп келе жатқан азамат. Иә, алдында осындай өнеге тұтар ағасы бар ұрпақ, әр кезде де бақытты.
С.Оразымбетов,
Шиелі ауданының Құрметті азаматы
Шиелі ауданының Құрметті азаматы








