БАЛА ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК
Бала отбасының көз қуанышы, үйдің берекесі. Дана халқымыздың «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» деп өсиет етуі де тегін емес. Сәби шыр етіп дүние дидарын көрген сәттен бастап, оның дені сау, бақытты болып өсуіне әрбір ата-ана бар жағдайын жасап, мәпелеп өсіреді. Әкеден ақыл, анадан мейірім алады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, текті қазақ жұрты ұрпағының саналы азамат болып өсуі үшін дұрыс тәлім-тәрбие алуына ерекше ден қойған. Себебі бүгінгі жас ұрпақ, ертеңге ұлттың болашағына айналар тұлға.Өкінішке қарай, балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен келеңсіз жағдайдың кейінгі кезде көбейіп кеткені қоғамды алаңдатып отыр. Тәрбиедегі жіберілген кемшілікті нақты мына мәселеден деп те дөп басып айту қиын. Сол жердегі жағдайды, әлеуметтік қатынасты сараптап қарап, бәлкім мынадай кемшілік кеткен деп көрсетуге болар. Жалпы тәрбие – мектептегі, отбасындағы, сол бала өмір сүретін әлеуметтік ортаның тезінен өтіп, сомдалып шығары анық. Абай атамыз: «Адам баласын заман өсіреді, кімдекім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деп 37-ші қара сөзінде айтқанындай, бұған барлығымыз да жауаптымыз. Кемшілікті біржақты не мектепке, не отбасына ысырып қоюға әсте болмас. Десек те, мектептерде, отбасында ұлттық тәрбиеге басымдық беру жағдайды жақсартып, оң әсер етері сөзсіз. Елімізде соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы қылмыстың үдеуіне байланысты сарапшылар дабыл қақты. Олардың дерігінше, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 1703 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35%-ға көп. Сарапшы мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш 2019 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жеткен. Статистика динамикасына назар салсақ, 2015-2019 жылдары 2 мыңнан астам жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 2022- 2024 жырдардағы көрсеткіш 1,5 мыңнан аспаған. Ал 2022 жылдан бастап қайта өсу байқалап, 2025 жылы күрт артқан. Бұлардың қатарында әдейі жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу, тонау сияқты заң бұзушылықтары көш бастап тұр. Әр күн сайын әлеуметтік желіге үңіле қалсаң «өлтіріп кетті», «зорлап кетті» деген ақпарат ағынының ауқымынан көз сүрінеді. Өкінішке қарай, бұл қылмыстарға қазір жасөспірімдер де қосылып, бесіктен белі шықпаған балалар «білек сыбана» қатысуда. Сорақысы сол, мектеп оқушыларының бір-біріне қару жұмсауы күнделікті көрініске айналып барады. Бұл – тек заңның емес, моральдық құндылықтардың да жұтаңданғанының айқын белгісі. Жасыратын несі бар, өткен жылы Сырдария ауданының Амангелді ауылындағы, Қызылорда қаласының Белкөл кентіндегі, Шиелі ауданының Қодаманов ауылындағы бала өлімі – ешкімді бей-жай қалдырмағаны ақиқат. Осы оқиғалар жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Мұндай қадам – қаймағы бұзылмаған, қазақылықтың исі аңқып, қалың қазақ ұйысқан Сыр жұртшылығы үшін үлкен сынақ. Қателікті қайтіп түзейміз? Бұл тұрғыда психологтардың айтуынша, жас жеткіншектердің қылмыс жасауының басты себептерінің бірі – отбасылық қарымқатынастың әлсіреуі екен. Яғни баланың немен айналысып, қайда барып жүргеніне ата-ананың назар аудармауы. Сонымен қатар кімдермен жолдас болып жүргені мен баланың әлеуметтік желілерге оңай қол жеткізуі де әсерін тигізіп тұр. Өйткені олар қылмысқа балалықпен, аңғалдықпен ұрынатын көрінеді. Сондай-ақ психологтардың пайымдауынша, балалық шақ қаншалықты тәтті өтсе, болашақ бұлыңғыр болмайды. Пенсильвания мен Дьюк университетінің зерттеушілері бөбектерді қоғамға қызмет ету керек деп үйреткенді жөн санайды екен. Бұл жөнінде олар зерттеу жасап та үлгеріпті. Зерттеу барысында 700-ден астам бала қатысқан көрінеді. Олардың ішінде қоғамға қарап өскен балалардың жиырма жылдан кейін парасатты азаматқа айналғанын анықтаған. Сондай-ақ өз ортасымен өскен балалардың есейгенде әр адамның халін түсініп, оған көмектесуге, барлық мәселені өз еркімен еркін шеше алатынын, оқуын жақсы аяқтап, диплом алып, тұрақты жұмысқа орналасатын адамға айналғанын дәлелдеген. Ал бала шағында өзгелермен жөнді қарым-қатынас орната алмаған балалар өскен соң жазым басып, қылмыстық жазаға кесілген екен. Тіпті жұмыс орнынан айырылып, отбасы ойрандалғандары да болыпты. Осындай ауқымды тәжірибеден кейін зерттеушілер «Әр ата-ана баласы аяғынан тұрып кеткенше, оған қоғамды ұғынуды, қоршаған ортада әртүрлі жағдай орын алатынын, әлемде түрлі адамдар кездесетінін айтып, ақыл беріп отырғаны дұрыс. Өз бетімен кеткен балалардың көпшілігі ситуациялық жағдайдан шыға алмайтындығы содан. Оның арманына қанат бітіріп, мақсатына сенім ұялата білген ата-ана баласының болашақта қандай тұлға болатынын біле алады» дейді. Демек ата-ана бұғанасы бекімеген баланы өмірдің ащытұщысымен таныстырудан шаршамау керек. Шыны керек, кей сәттері «Анау не, мынау не?» деп тәптіштеп сауал қойған баланы «тәйт» деп тыйып тастайтынымыз бар. Сосын бала ержетсе, «Дым білмейсің» деп тағы жекиміз. Тал бесіктен берілген тәрбие баланың болашағы үшін маңызды. Қисық өскен бала ешқашан қыр асып қарық қылмайды. Ал оның қисық өспеуіне отбасы жылулығы, ата-ана мейірімі тікелей әсер етеді. Әрине, бұл мәселе бойынша Шиелі ауданында арнайы шаралар атқарылуда. Тиісті мамандар білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың және балалар мен жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін сақтау мақсатында тұрақты түрде кездесулер өткізуде. Кездесулерге құқық қорғау органдарының өкілдері мен мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдардың, ата-аналар комитетінің төрағалары, әкелер кеңесі өкілдерінің қатысуымен мобильді топ құрылып, әрбір білім беру ұйымдарында құқық бұзушылықтың алдын алу профилактикалық шаралары өтіп, түсіндірме жұмыстары жүргізулуде. Ал кешкі уақытта рейдтік жұмыстар күн тәртібінен түскен емес. Десек те, әлі де болса бұл жұмыстардың ауқымын күшейтіп, нақты әрекет пен оң нәтиже шығарылуы үшін жалғасын табуы керек-ақ. Сондай-ақ қазіргі таңда мектептерде де үштік құрылымы қолға алынып, сәйкесінше жүйелі жұмыстар жүргізілуде. – Ата-аналардың кейбірі «баланың киімкешегін, тамағын тауып бердім, тәрбиесімен мектеп не балабақша айналыссын» деген ұстанымда. «Ұстаз – екінші анамыз» деп «тәрбие» атты үлкен жауапкершілік мұғалімдерге де артылады. «Мұғалім – бала – ата-ана» үштігі – тәрбиенің тірегі. Бұл ретте тоқсан сайын ата-аналар жиналысы, «ашық есік» күндері, ата-аналармен кездесулер өткізіледі. Ата-аналар арасындағы байланыстың бір қиыншылығы – осындай шараларға олардың кейбірі мүлдем келмейді. Қазіргі ата-аналар жиналысының форматы өзгерген, тренинг түрінде немесе мәдени ісшара сипатында өтеді. Жоғарыда айтқандай, психологиялық қызмет жұмысы жүргізіледі. Мектепке ата-аналардың келмеу себебі бала туралы сын-пікір айтылады деген қорқыныш деп ойлаймын. Бірақ қазір бала туралы көпшіліктің көзінше сын-ескертпе айтылмайды, педагогикалық әдеп сақталады. Үштіктің үйлесімін жақсарту үшін ата-ананың мектеп жиналысына келуін заңмен міндеттеу керек есептеймін, – дейді мектеп мұғалімі Али Рысбаев. Тағы бір айта кететін мәселе – мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдаланбауы. Әкелеріміз мектеп кезеңінде сабақтан тыс уақытта оқушылардың барлығын егістік алқабындағы тірлікке бейімдеуге, көлік құралдарын басқару жүйесін үйретуге баулитын арнайы сағаттар болатын айтып отырады. Мүмкін оқушыларды осы бағытқа да бейімдеу үшін, қайта қолға алу керек деп ойлаймын. Қазақта «Бір жылыңды ойласаң – егін ек, он жылыңды ойласаң – ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген сөз бар. Еліміздегі кәмелетке толмағандар мен жастар арасында бұзақылық көбейгені қоғамды қатты алаңдатып отыр. Бұл – тек құқықтық мәселе емес, бүкіл қоғамның рухани-мәдени ахуалын, оның ішінде отбасылық құндылық пен мектептегі тәлім-тәрбиенің әлсірегенін көрсететін әлеуметтік құбылыс. Өткен жолы қоғам қайраткерінің мына бір пікіріне көзім түсті. «Біз баламызды бір сәтте ақылды, шыншыл, тіл алғыш болғанын қалаймыз. Ол – жас шыбық. Оның жайқалып өсіп, айналасына саясын жаятын жанашыр болып қалыптасуы немесе көлеңкесі өзге түгіл өзін жарыта алмас шыбықтай солып, қу ағашқа айналуы да бізге, бірінші кезекте, ата-анаға байланысты» дейді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатар болсақ, жасөспірімдер қылмысы – тек құқық қорғау органдарына тиесілі мәселе емес. Бұл – бүкіл қоғамның проблемасы. Отбасы мен мемлекеттік құрылымдар өзара әрекеттеспейінше, бала тәрбиесі жүйелі болмайды. Ал ертеңгі күніміз қауіпсіз әрі саналы болсын десек, бүгінгі тәртіп те, заң да мықты болуы керек.
Мейіржан ИБРАГИМОВ








