БАЛАБАҚШАДАҒЫ БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мереке барша адамзат үшін айтулы күнге айналып отыр. Бұл - жаз мезгілінің алғашқы күніндегі ең керемет, ең бақытты мейрам. Себебі, кішкентай сәбилердің сыңғырлаған күлкісімен ерекшеленетін күн. Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі. «Балалы үй базар» деген қазақта жақсы сөз бар. Дүние есігін ашқан әрбір сәби, бүлдіршін ата-анасының ғана көз қуанышы емес, ол елінің ертеңгі ту ұстар азаматы. Бала тәрбиесі – ауыр да, үздіксіз еңбек екенін бәріміз де білеміз. Балалардың жан-дүниесі айнадай таза ғой. Сондықтан, айналасындағылардың тигізер әсері оңынан болса құба-құп.
Көптеген елдерде аталып өтетін халықаралық балаларды қорғау күні біздің ауданда да жыл сайын ерекше тойланады. Осыған орай, халықаралық балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында, аудандағы «Ақ қайың» балабақшасын әңгімемізге арқау етпекпіз. Тәрбие мен білім балабақша табалдырығынан басталады десек қателеспейміз. Өмірге келген әрбір нәресте отбасында ата-анасынан бастап барлық туған туыстардың махаббаты мен жылулық шапағатына бөленіп өседі. Әр шаңырақта тәлім – тәрбие алып, 3 жасқа толғанда ата-аналар кішкентай балапандарын балабақша табалдырығына әкеліп тапсырады. Осы орайда, күн ұзаққа балаға тәлім-тәрбие беретін – балабақша тәрбиешісі. Балабақша баланың өмірге аттаған алғашқы қадамы. Сондақтан, балабақшада аса сабырлықты, шыдамдылықты, жылулықты қажет ететін үлкен кәсіп иелері қызмет атқарады. Өйткені, бұл мамандық иелерінің мойнына, ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие беріп, таудай азамат етіп шығару міндеті мен жауапкершілігі жүктелген.
Осындай абыройлы міндетті асқан шынайылықпен «Ақ қайың» балабақшасының қызметкерлері атқарып келеді. Балабақшаның іргетасы ең алғаш 1978 жылы қаланып, 1982 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Мемлекеттік №1 балабақшада дені сау, саналы ұрпақ тәрбиелеуді өмірлік ұстанымы еткен тәжірибелі, білікті педагогтар, сондай-ақ логопед, дене-шынықтыру, орыс тілі мамандары қызмет етеді. Бүгінгі таңда, балабақшада 6 топтан тұратын 130 бүлдіршін тәрбиеленуде. 42 қызметкерден тұратын бұл балабақша өзіндік маңызға ие. Балабақшада балаларға керектінің бәрі бар. Балалар үш мезгіл тамақтанып, түрлі сайыстарға қатысып жүлделі орындарды қанжығаға байлап, аудан мақтаныштарына айналып жүр. Сонымен қатар балабақша 1 маусым балалар күнін жыл сайын ерекше атап өтеді.
Мұнда балалардың тәрбиесі үшін толық жағдай жасалған. Бейнелеу өнері, ән-саз, би үйірмелерінен бөлек бүлдіршіндердің ақыл-ойы мен сауатын ашатын сабақтар да жүргізіледі.
– Біздің балабақша 1982 жылдан бастап жұмыс жасай бастады. Бүгінгі таңда, мемлекет тарапынан біздің балабақшаға көптеген жағдайлар жасалып, толықтай жөндеу жұмыстарынан өтті. Ғимаратымыз жылдан-жылға көркейіп, іші - балаға толып көңіл-күйіміздің жақсаруына себеп болып отыр. Біздің балабақшада тәрбиеленген бүлдіршіндер ауданымыздағы ең мықты деген мектептерде біліп алып жатыр. Біз әрбір бөбектермен мақтанамыз, –дейді балабақша меңгерушісі Ысқақова Гүлжанат.
Сымбат Серікқызы