САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ – ЕЛ ИГІЛІ ҮШІН
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Адам бойындағы ынсап, әділет, мейірім үшеуін қосып айтқанда «Ұждан» деген ұғым шығады» деген сөзі бар. Осыдан тура бір жыл бұрын данышпан Шәкәрім қажы айтқан осы үш сөздің де бар қасиет мазмұн шеңберінен шықпай, саналы ғұмырын ұзақ жылдар бедерінде сот саласына арнаған, зейнет жасында ғұмырының соңына дейін «Алқа билер» төрағасы қоғамдық қызметінде әділдікті ту көтере жүріп, өзінің мәмлешіл де мейірімді болмысын сақтаған қарапайым қалпымен көпке сыйлы болған Тұрмат Баймағамбетов ағамыз дүниеден озды.Бұрынырақта әкелеріміз етек-жеңі жинақы, сөзге алдырмайтын, тезге салдырмайтын аса сақ, анығында ондайға жол бермейтін ұқыпты да ұсынықты адамды «Қамшысынан қарауыл қойған» дейтініндей, Тұрекеңнің де қаламының ұшының өзі үрей туғызар көп жылғы қызметінде жаманатқа ілікпегені ар-ұжданын қарауыл қойған ділінің таза, діңінің берік болған адами болмысынан болса керек. Дәл осы қасиет – бүгіндері қоғамдық сана қалыптастыруда басты кретерий болып танылып отырған «Адал адам» қағидатымен де әбден үндес. Ары мен ұятын бәрінен биік қояр, жүрегі де, қолы да таза ұрпақ тәрбиелеу парыз болатын осы заманда, өмірлік тәжірибесі мол, жаңылыс қадам, жаңсақ сөзі жоқ дәл осындай Тұрекеңдер керек-ақ, амал нешік?.. Қайран Тұрекең жайлы сөз қозғамақ ниетпен қолға қалам ұстағанымда ең алдымен былтыр қыс айында оқыстан ауырып біраз күн ауруханада жатып қалған кезім ойға оралды. Араға апта салмай бір емес екі рет пышаққа түсіп енді ес жинағандай болған бір күні осы Тұрекең қоңырау шалды. Онсызда қатты сөйлемейтін кісі ғой, осы жолғы дауысы мүлдем бәсең, қарлығыңқы, арасында демігін басып, шаршаңқы шыққан үнімен жағдайымды білгісі келеді. Өзі де жан сақтау бөлімінде он күн жатып, әуелі құдай, осы дәрігерлердің бар күшін салған ықыласымен аман қалдым-ау осы жолы дегенді айтты. «Ана жаққа барып қайттым сірә, ендігісінің не боларын білмеймін, менікі сол баяғы кәрі жолдас қан қысымы ғой, еріген қардың суындай лықсып келіп жан алқымға алатын, бажеке-ау...» деп уайым шеккендей болды. Сабырға жеңдіруге талпынған ішкі толқынысы бәрібір білініп тұр. Аурудың жайын ауру тез ұғатын түйсікпен сезініп жатырмын, үмітінен күдігі басым болса, қобалжымай қайтсін, шын қорқып қалғанға ұқсайды. Өзім де қайбір жетісіп жатырмын, ол кісіге дем берерлік, сүйеу боларлық шарам қайсы, әйтеуір жақсы боп шығыңыз Тұреке, жұқалтаң қар түсіпті бүгін, қансонарда жүздескенше деп әзіл айтқан болып жатырмын. – Естіп жатырмын, сен де бір ажалдан қалыпсың, саған қайда-аа әлі, жассың ғой ауруға берілме, мықты бол! – деген ағалық ақ тілеуін айтып еді. Соңғы рет сөйлесуіміз екенін ол да, мен де білген жоқпыз әрине... Ол кісіні сонау 1990 жылдардың ортасында алғаш рет көріп таныс болғанымыз есімде. Сол кезде Шалқия кен басқармасының директоры, кейіннен Шиелі ауданы әкімі болған марқұм Жарылқасын Тұрабаев екеуміз Қызылордадан қайтып келе жатып інісі Сәрсенбектің үйіне соқтық. Сол үйде осы Тұрекең бар екен, әлде күтіп отыр. Шалқасынан қайырған қалың қара шашты 50-дің ол жақ бұл жағындағы жігіт ағасы маған үлкен кісі болып көрінген әуелде. Бұрыннан да таныс па, ол арасын білмедім, әйтеуір ескі таныстарша құшақ жая қарсы алғанды. Сөз ауанынан байқағаным, Тұрекеңнің аудандық соттың төрағасы қызметіне келіп жатқан кезі ма (осы арасы есімде жоқ), жолай болса да құтты болсын айтуға, бәлки сәлем беруге соққан інілеріне барынша кішіпейілдік танытқаны бар. Өзінің орынбасары деп таныстырған мені, осы Шиелінің жігіті екенімді естіген маған да ықылас көрсеткен Тұрекеңмен біраз әңгімедүкен құрған көл-көсір пейіл, кең дастархан, Сәрсенбектің әдемі әндерімен жалғасып, Жарылқасынның жай түскендей жарқ-жұрқ күлкісімен ұласып кештетіп қайтқан дыр-думан естен кетпейді. Сол алғашқы кездесуден кейінгі Тұрекеңмен болған таныстық арада 30 жылдай уақыт өткенде, шен-шекпендерімізді шешіп қоғамдық жұмыстармен айналысқан, қатардағы зейнеткер кезімізде қайта табысқан силастыққа жалғасты. Әлбетте, бір ауданда қызмет атқарып жүрген оған дейінде сәлеміміздің түзу болғаны анық. Бірақ, атқарған қызмет саласы бойынша ортамыз басқа, өрісіміз бөлек болған соң, жалпы халықтық жиындарда болмаса етене араласып жақын боларлық басқалай ілік-шатысымыз болмапты. Оның үстіне мүшелден көптеу жас айырмашылығы бар, көп жыл аудандық соттың төрағасына тән боларлық сұсы да жоқ емес, таразы басар мысы да болатын ара-қашықтықты сақтап сұлу-сыпайы силастықтан әріге бармаған екенбіз. Қалай айтсақ та, шындықтың ауылынан алыс болмайтын бір ақиқат бар, ол – Тұрекеңнің қашан, қай жағдайларда болмасын адамдық қалпын сақтаған салқынқанды сабырлығы, көптің көңілінен шығатын көнтерлі, кең қолтық кішіпейілдігі. Бәлкім, осы қасиетімен де ерекшелетін бітім-болмысымен үлкенкішіге сыйлы болғандығы. Көп жағдайларда басшылықта болған заң қызметкерлеріне тән болатын кежір-кісілік, айттым – болды, кестім – үзілдіге саятын өзеуреген өзімшілдіктен мүлдем ада, зейнеткерлік жаста өзі атқарған Алқа билер төрағасына әбден лайықты қоғамшыл мәмлешілдік қасиетімен де өзге ардагерлерден бір саты биік тұрды деп білемін. Осы естелік жазбама отырмас бұрын қалта телефонымды ақтарып отырып орайы келіп осыдан 2 жыл бұрынғы менің үйімде бас қосқан дастархан басындағы фото суреттер мен видео жазбаны қайта қарап шықтым. Тұрекең марқұм қиыла сұрап менен қолыма домбыра алуымды өтініп еді. Аса бір құлшынып тұрмасам да шабыт шақырып екі-үш ауыз әу дегеніміз бар-ды. «Шешіліп отырып әңгіме айттық-ау бір, көсіліп отырған сол отырыстағы салған әніңді сол күйінде, сол жерден құдаларыма салып отырдым, олар үйлеріне жеткенше сенің әніңді тыңдап барды ғой» деп қолпаш айтты артынша. «Ау Тұреке, осы сізге ән таңсық болып па, туған ініңіз Сәрсенбек кәсіпқой әнші емес пе?» деймін мен. «Иә, Сәрсенбек әнші ғой, бірақ әркімнің мақам машығы әртүрлі. Маған сенің терең тынысты салған әндерің ұнайды» дегенін жай сүйей салды сөз деп ұқсам да, ол кісінің есті ән болса, жан жүрегімен қыбыр етпей отырып ықылас қойып тыңдайтынын көріп жүрдім. Айтпақшы, Тұрекең сол отырысында Алматыдан құдаларымен бірге тойдан қайтқан беті, үйіне соқпастан бірден біздікіне келді: «Үлгердім-ау әйтеуір» деп желпініп отырды, ұлғайған жасына қарамасатан жол соқты шаршау белгісі жоқ ағамның, асығып жеткеніне мен де қатты риза болған едім. Ол кісі тарапынан менің отбасыма көрсеткен құрметі деп ұқтым. Көңілді отырып, ізгі тілектерін білдіріп ризашылықпен тарасқан, силастық қарым-қатынас тұрғысынан мазмұн-мағынасы мол сол отырыс отбасылық шежіреміздің еншісіне өткен ең бір қимас күндеріміздің белгісіндей болып сақтаулы тұр. Көп ұзамай ол кісінің өз үйінде де қонақта болдық. Бір ерекшелігі өзінен бастап барлық баласы мен келіні, жан-жақтан жиналған қыздары мен күйеу балдары бір кісідей болып тікелерінен тік тұрып қызмет жасады. Өзі біздерді таныстыра отырып «Менің достарым!» деген сөзді көп қайталады. «Менің балаларым мен күйеу балаларым, менің келіндерім мен қыздарым» дегенді қалай елжірей айтса, «Достарым!» деген сөзге де екпін салып, дауыстай айтқаны кейбіреулердің сүйей салды сүйретпе сөзі емес, қылаудай жасандылығы (фальш) жоқ шынайы, салмақты түйінді ойы болып шықты. Осы сәтте төрде отырған өзінен сәл ғана жас айырмашылығы бар 78 жастағы Тілеубек ағамыздың тосыннан «Беу, ағажаным-ай!!!» деп аһ ұрып емірене дауыс салған әзілді-шынды сөзіне бәрімізде ду күлісіп едік. Қайдан білейік, орыстар айтатын «роковая черта», шекті өмір шеңберінің шегіне жақындағанын қайран Тұрекең әлдебір түйсікпен сезініп те жүрді ме екен? Әйтеуір шамадан тыс пейіл танытқаны бар сол жолы да. Арада ай өтті, я өтпеді, Жақаев ауылында өткен бір іс-шарадан бірге қайттық. Ойымда ештеңе жоқ: – Қай үйге барасыз, орталыққа ма, әлде арғы беттегі Болаттікіне ма? – деп сұрадым. Екі ұлының үйінде кезек жүретінін білем ғой, кейде үлкен үйдемін, кейде арғы беттемін дейтін кездерін есіме алдым ба қайдан білейін? Тұрекең көңіл күйі түсіп біразға дейін үнсіз қалды. «Орталыққа...» деді, жеңіл күрсіністен соң түсі күреңітіп отырып. – Бірақ бір жерге соғып бір-екі кесе шәй ішейік, тек үйге соғайық деп сүйрелей көрме, қайтесің балдызымды әуреге салып? Кафеге кірдік. «Бірдеңе көресің ба? Бүгін бір сыйлағым келіп тұр» дейді. Бірдеңе көрген, көрмеген әңгіме емес, әңгіме Тұрекеңнің осы сылтаумен аз-кем сыр бөліскісі келген ниеті туралы. – Қай үйге барасың дедің-ау, Исеке? Қай үйге барсам да бәрібір ғой. Үлкендері жұмыста, кішілері оқуда дегендей... Есейіп қалған немерелердің де өз шаруалары бар, әйтеуір сабылып жүргендері, сенімен ісі бола бермейді... Қасыңда шүйіркелесіп отырып шәйін беретін, көрген-білгеніңді сұрап, кейде тіпті бардыбардай қылып дұрыстап киініп шықпайсың ба деп ұрсып алатын кемпірің болмаған соң бәрі бекер екен... Құдайға шүкір, балалар да қас-қабағыма қарайды ғой, дегенмен әйтеуір бірдеңе жетіспейді. Кейде тіпті өз құжараң, өз үйіңде емес, біреудің босағасында жүргендей күй кешетін сияқты қоңылтақси береді екенсің – дегенде ойланбай айта салған сұрағыма қатты ыңғайсызданып қалдым. – Кемпіріңіздің кеткеніне де біраз жыл болды, бас құрау жағын ойланбадыңыз ба? – деймін жұбатарлық басқа сөз таппағандай. – Қайда-ан? – деп алақанын жаяды басын шайқап. Қуатың тасып талтаңдаған бойда күш, я баяғы қызметің жоқ. Папке емес пакет ұстаған жетім шалда кісі қызығарлық не бар дейсің пенсиядан басқа? Есік көргенді алма, бесік көргенді ал деп аталарымыз неге айтқан, қыздай қосылған қосағыңдай қайдан болсын? Бәрін білесің ғой, осы бүгіндері балаларыңнан басқа ешкімге керек емес екенімізді көріп жүрміз ғой... Осы жерде аға достың көңілін көтерейін деп: Ұлылардың ұрпағымыз, Алшаң-алшаң жүретін, балпаң-балпаң басатын. Ханшалардың шымылдығын найзаның ұшымен ашатын, Жолбарысты алып-ұрып жығып сүтін ішетін, Сөйтіп шөлін басатын! – деген арқалы ақын Темірхан Медетбектің бір шумақ өлеңін жатқа айттым. Ойынан шықты білем: – Туһ, қалай айтады ә?! – деп басын шайқап риза болып қалды. Жастай қайтыс болған баласын еске алып, жас балаларымен жесір қалған келініне асқан мейірім ризашылығымен батасын беріп отырды. – Айналайын-ай, күйеуі қайтыс болған соң 5 жылдан кейін қаладан үй алып бөлек шығарғанымызда «бұл не, қуғандарыңыз ба?» деп жылай-жылай кетті ғой. Балаларыңды оқыт деп зордан жұбаттық. Негізі еркектерге қарағанда әйел заты отбасына жақын жауаптылығы зор, өмірдің сынақтарына шыдас беретін беріктігіне көзім жетті – деп біршама сыр ашқанын неге жорысам деп біразға дейін ойланып жүрдім. Түртінектеп қағаз шимайлайтынымды ескеріп, ойында жүрсін деді ма, әлде өзіне өзімді жақын тұтқанынан болар. Әйтпесе, екінің біріне ақтарыла бермейтін, өмір бойына заң қызметкері болғанда қалыптасқан қағида, әр сөзін безбендеп, ши шықпайтындай етіп шыжымдап шығаратын ұстамды кісі екеніне халық куә. Осыған өзім де зейнетке шығып, ауданның қоғамдық жұмыстарына араласып елдің ынтымағы мен бірлігін сақтауға атсалысқан соңғы жылдары бірге жүргендегі көбіне ойымыз ортақ болатын түсіністік силастықта болған біз де куәлік етуге бармыз. Көзден кетсе де ұзақ уақыт көңілден кетпес, соңынан із, айта жүрерлік жүректен сөз қалдырған Тұрмат ағамыздың жарқын бейнесі әрқашанда азаматтық ұстаным, сабырлылық символындай болып жадымызда жүретіні сөзсіз. Сыйлы ағамыз Тұрекеңмен тірлігінде сыйласқан азаматтар қатарынан болғаныма шын қуанамын. Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннаттық болсын!
Исабек БАЙКЕНЖЕЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі








