Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сот саласының сыйлы ардагері

Сот саласының сыйлы ардагері

Бұрынғылар «Ханда қырық адамның ақылы болса, биде қырық адамның білімі мен ары болады» деп айтып кеткен. Иә, би – дала демократиясының діңгегі. Қара қылды қақ жарған, адамдар арасында қалыпты тіршілік қағидасына қиянат келтіргенге немесе ардан аттағанға ақиқат үкімін айтып, туралыққа үндеген төбе билер төрелігіне қалың ел қашанда тәнті болған. Мәселен, Төле, Әйтеке, Қазыбек билер. Тарихтан тартсақ, үш кемеңгер уағында қазақ даласының тұтастығы үшін тұтанған дауға әділ нүкте қойып отырған-ды. Шешімдері пәтуалы болғаны сондай бұра тарту, қарсы соғу, қабақ шыту болмапты. Әз-Тәукенің «Жеті жарғысынан» жол тартқан билер төрелігі бүгінгі күнмен ұштасқаны кәміл. «Қалай, сонда?» дерсіз. Тәуелсіз елдің төрелігі Ата заңға негізделген. Ал «би» дегеніңіз, кәсіби судьялар. Бүгінгі мақалаға арқау кейіпкеріміз, мәртебелі мамандық биігінде болған, өмірі өнеге, тағылымы теңдессіз тәрбие мектебіне айналған Тұрмат Баймағанбетов.
Данышпан Сократ «Барлық мамандықтар адамдардан, тек үшеуі ғана Құдайдан – дәрігер, мұғалім және сот» деген екен. Қай мамандықтың болсын жүгі ауыр. Бірақ әділдікті қажет ететін сот саласының жауапкершілігі жоғары саналады. Кейіпкеріміз Тұрмат Баймағанбетов 1946 жылдың 22 қаңтарында Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Осы мамандықты бала кезінен таңдапты. Өзіне тән болмысы мен тік мінезді қасиеті ылғи алға жетелейді. Жастық жігермен жалындап, жоғарғы оқу орнын тәмамдап, бүгінде елге сыйлы ақсақал болды.
Еңбек жолын Тұрмат ағамыз 1964 жылы небәрі 18 жасында Шиелі аудандық сотының сот отырысының хатшысы қызметінен ­бастайды. Одан әрі сот орындаушысы, Шиелі мемлекеттік нотариалдық кеңсенің нотариусы қызметтерін атқарды. Қызметті мансап емес, мақсат деп қарайтын жас маман Тұрмат жауапкершілігі жоғары судья болуға көп ойланбастан келісім беріп, 1986 жылы Қармақшы ауданында халық судьясы болып сайланған. Ал 1987-1996 жылдары Тереңөзек, 1996-2007 жылдары Шиелі аудандық сотының төрағасы, 2007-2008 жылдары Қызылорда қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы секілді қызмет сатыларынан өтті. Елдің сыны мен міні оның қанатын қатайтып, алға қадам бастауға талпындырды. Жүрегінің тазалығы мен әділет сүйгіштігі ақ жолдан тайдырмады. Турашылдығы мен бірбеткейлігі алдын кеспек болған жанның мысын басып, менменсінген жанды тәубесіне келтіретін. Сол 2008 жылдан бастап доғарыстағы судья, 2009-2015 жылдары Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, Шиелі заң кеңесінің адвокаты қызметін абыроймен атқарды.
– Қазіргі уақытта құрметті отставкаға шыққан сот жүйесінің ардагері Тұрмат Сабекұлы әдемі қартаюдың үлгісін көрсетіп жүр. Ол сот саласында қызмет атқарған 30 жылда, өз саласының білгір маманы ғана болған жоқ, сонымен бірге Шиелідегі аузы дуалы, әр сөзі уәлі, ел арасындағы ардақты ақсақалдардың біріне айналды. Өзінің мінезімен халықтың құрмет-қошеметіне бөленді. Қызмет атқару барысында «Әр сот шешімінің артында адам тағдыры тұр. Сондықтан әр іске адамгершілікпен қарау қажет. Ең әуелі судьяда иман болу керек. Судья алдына келген әр адамға құрмет танытқан жөн. Адамды адам деп сыйлай білу керек. Судьяның ары таза болуы маңызды» деген ұстанымынан таймады. Іскер басшы жол көрсетер ардагер атанды. Біз осындай аға буындардан өнеге аламыз, – дейді аудандық сот төрағасы Нұржан Бекетаев.
Тұрмат аға әңгіме барысында осыдан 30 жыл бұрынғы бір жағдайға тоқталды. Салмақты судья жанарын алысқа тігіп, ой орманынан орағытып айтқан істің нобайы мынау. Оқиға Тереңөзек аудандық сотының төрағасы қызметінде жүргенде орын алған. Екіге айырылған ерлі-зайыптылардың арасында төрт бала бар. Дәм-тұзы жараспаған әлгілер балаларын бөліп алмаққа талпынады. Сонда қырағы маманның шешімі қалай болды дейсіз ғой? Екі жақ жұлысқанына қарамастан «Бірге туған бауырларды бөлуге болмайды!» деп үкімге қол қояды. Әрине, шешім ­бойынша балалар анасының жағында қалған. Қарсы тарап шамданып, арызданған соң іс барысы облыстық сотта қайта қаралады. Үкіммен жіті танысқан білікті үш судья Тұрмат Сабекұлының шешіміне шүбә келтірмеген. Әңгімемізге тұздық болған бұл жағдай кейіпкеріміздің кәсіби қырын айғақтайтын бір ғана мысал. Жүрек жылуы мен заң үстемдігін қатар қойып, қаншама іске нүкте қоюдың жүгін енді өзіңіз бағамдай беріңіз.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтпақшы, өмірден көрген-түйгені мол Тұрмат Баймағанбетов жастарға ақыл-кеңесін айтудан, білгенін үйретуден жалыққан емес. Сот саласында қызмет атқарған жылдарында, қаншама шәкірт тәрбиелеп шығарды. Саналы шәкірттері, бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп жүр. Сот саласындағы салған сара жолын шәкірттері жалғастырып келеді.
Ол Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігінің грамоталарымен бірнеше мәрте марапатталды. Сонымен қатар 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында ҚР Президентінің Алғыс хатын, 2008 жылы ҚР Жоғарғы Сотының құрмет грамотасын, 2013 жылы «Сот жүйесінің ардагері» медалін, «ҚР Констиуциясына 20 жыл» медалін т.б. көптеген марапаттардың иегері. Бұл күндері Тұрмат Баймағамбеттің кеудесі медальға, өмірі өнегеге толы. Ол уақыты келіп, зейнетке шыққан қатардағы қызметкер емес, доғарыстағы судья. Бұл шен сот саласында еңбек еткен екінің біріне беріле бермейді. Қызметтік жолда тек жақсы нәтиже көрсеткен майталман маманға ғана табысталады екен. Қызығы, Тұрмат ақсақал бүгінде жетпіс бестің желкенін керсе де, саламен сабақтастығын үзген жоқ. Біте қайнасып жүр әлі. Аудандағы «Татуласу» орталығында тараптардың бейбіт келісімге келуіне атсалысып келеді.

Ш.Тілеубаев
26 қыркүйек 2022 ж. 366 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9234)

03 қыркүйек 2024 ж.

№69 (9233)

30 тамыз 2024 ж.

№68 (9232)

27 тамыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30