ӘКІМ ЕСЕБІ: ТҰРҒЫНДАРДЫ НЕ ТОЛҒАНДЫРАДЫ?
әкімі Айтбай Жандарбеков сейсенбі, сәрсенбі күні Ортақшыл,
Жөлек, Талаптан, Бәйгеқұм, Сұлутөбе, Майлытоғай ауылдық округ
тұрғындарына 10 ай көлемінде атқарылған жұмыс есебін беріп,
алдағы жоспарын ортаға салды. Жиынға аудандық мәслихат депутаттары, сала басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған «Тыңдайтын мемлекет» қағидасы биылғы есепте көрініс тапты. Бұлай деуімізге әкімдердің халық алдында емін-еркін тіл табысып, кез келген сұраққа тұщымды жауап беруі әрі сахнада көпшілікке қарап бөлек отырмай, елмен бірге залға жайғасуы себеп. Бұл шынында да бұқара мен биліктің арасы біртабан жақындай түскенін көрсетіп тұрғандай. Биыл аудан үшін табысты берекелі жыл болды десек қателеспейміз. Әр саланың өзіндік жеткен жетістігі мен нәтижесі бар. Құрылыс қарқын алып, жаңа әлеуметтік нысандар ел игілігіне уақытында табыс етілді. Әсіресе, денсаулық сақтау саласы бойынша оң өзгерістер орын алып, халық сұранысы іс жүзінде жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, Шиелі кентінен мемлекеттің қайтарылған активтер аясында жалпы құны 2 млрд 323 млн теңгені құрайтын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімі бой көтеріп, қолданысқа берілді. Сонйдай-ақ ауданаралық ауруханасы жанынан МРТ құрылғысына арналған қосымша ғимарат салынды. Үкіметтің резервтік қорынан бөлінген 733,2 млн теңгеге құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Ендігі кезекте құны 650 млн теңгені құрайтын жаңа МРТ аппараты орнатылады деп күтілуде. Осылайша, аудан тұрғындары алыс қалаларға бармай-ақ өз ауданында жоғары технологиялық диагностикадан өтуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясын күрделі жөндеу жұмысына 255 млн теңге қаржы бөлініп, құрылысы заман талабына сай жүргізіліп, халық игілігіне қайта берілді. Ауданның ауыл шаруашылығы саласы да кең өріс алған. Биылғы 10 айлық көрсеткіш бойынша 51 млрд 647 млн теңгенің өнімі өндірілген. Бұл нәтиже өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 104,1 пайызды құрайды. Шиелі аграрлы аймақ саналатындықтан аудан әкімі егін шаруашылығына арнайы тоқталды. Оның сөзінше, биыл аудан бойынша 30 192 гектар жерге егін егілген. Негізгі дақыл күріштің үлесі 12 301 гектарды құраған. Сондайақ биыл әртараптандыру дақылдарына аса мән беріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда бидай 405 гектарға, жүгері 227 гектарға, майлы дақылдар 212 гектарға және көкөніс, бақша дақылдары 509,4 гектарға ұлғайған. КӨШЕЛЕРГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛСЕ... Әрі қарай жиын халықпен еркін пікір алмасуға ұласып, көкейде жүрген сауалдарға кезек берілді. Бұл ауылдық округте «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету және ауызсу тарту мәселелері толық шешімін тапқан. Сонымен қатар Алтынсарин және Сейфуллин көшелері бойына заманауи LED экран орнатылып, елді мекеннің көркін арттыруға оң әсерін тигізуде. Сондай-ақ Ортақшыл ауылдық округіне қарасты Қызылқайың елді мекенінің Достық және Бейбітшілік көшелеріне қиыршық тас төселіп, жол жағдайы жақсартылған. Жиында сөз алған ауыл тұрғындары егістік алқабындағы атыздардың басына көпір салынса, мал өтуіне тиімді болатынын айтты. Сонымен қатар көшедегі жол жиегіне жаяу жүргіншілер жолы салынса, көшелерге асфальт төселсе деген ұсыныстарын жеткізді. Аудан басшысы әр сұраққа жауап беріп, ең алдымен халықтың ұсыныстары ескеріліп, тиісті жұмыс жасалатынын айтты. Ауыл тұрғындары жыл көлемінде атқарылған жұмыстарға жақсы баға беріп, атқарушы биліктің өңірді өркендету жолындағы қызметтеріне алғыстарын білдірді. Сейсенбі күнгі есепті кездес Жөлек ауылдық округінде жалғасын тапты. Бұл ауылда жанжақты өсім бары байқалады. Ауылдық округке кіреберіс аумаққа орнатылған заманауи үлгідегі арка (ауыл паспорты) ауыл келбетінің айшықты элементіне айналып, елді мекеннің ажарын аша түсті. Сонымен қатар Бабабеков көшесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көшенің бойынан балалар ойын алаңы мен спорттық жаттығу алаңы салынды. Бұдан бөлек, Б.Есенов көшесінің ішкі жолдарына қиыршық тас төселіп, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасалды. Осының барлығы – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты әрі жүйелі жүрген жұмыстардың жемісі. Әрине, шешілмеген, қордаланған, кезегін күткен түйткілді істер де көп. Десе де, барлығы өз кезеңімен шешімін тауып келе жатқаны тұрғындарға қуаныш сыйлады. Бұл жиында аудан басшысы әлеуметтікэкономикалық көрсеткіштерді баяндап, тұрғындармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Мұндай ашық әрі жемісті кездесулердің нәтижесінде ауыл халқының мұң-мұқтажы мен ұсынысы тыңдалып, оларды шешу жолдары талқыланды. Аудан әкімі кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, жауапты мамандарға бірқатар маңызды міндетті жүктеді.
Басы 1-бетте) Сондай-ақ кездесуде тұрғындар аудандық мәслихат депутаты, ауыл жанашыры Қанат Сәулебековке алғаусыз алғыстарын айтып, жұмысына оң баға берді. Жөлек ауылдық округі тұрғындарының белсенділігі мен жауапкершілігі арқасында ауылдың сұлулығы мен жайлылығы артып, таза әрі жасыл орта қалыптасты. Әкімнің айтуынша, мұндай істер тек ауылдың ғана емес, тұтас ауданның дамуына үлкен әсер етеді. Әрбір азаматтың ауыл өміріне қосқан үлесі – оның болашағына қосылған зор күш болып табылады. Жиын соңында аудан әкімі сөз сөйлеп, көтерілген мәселелердің барлығы ретімен, кезегімен шешілетінін айтты. Дәстүрге сай ауыл қариясы бата беріп, ел тізгінін ұстап жүрген азаматтардың жұмысына толағай табыс тіледі. Тіршілігі түлеген ауыл Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің осы жылдың екінші жартыжылдығындағы халықпен кездесулері мәресіне таяп қалды. Сәрсенбі күні аудан басшысы бастаған жұмыс тобы Бала би ауылына арнайы барып, тұрғындардың талаптілегін тыңдап, атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. 3600-ден аса тұрғыны бар Бала би ауылындағы кездесуге халық көп жиналды. Мәдениет үйіне лық толған жұртшылық әкімге сауалдарын қойып, өз пікірлерін ашық білдірді. Бұл – соңғы жылдары дәстүрге айналған әкімдердің есеп беру үдерісінің басты ерекшелігі. Халықпен ашық диалог орнатып, жергілікті биліктің жұмысына баға беру, қажетті өзгерістерге бастама болу – есепті кездесулердің басты мақсаты. Бала би ауылы – аудандағы әлеуеті жоғары елді мекеннің бірі. Ауылдың қазіргі әлеуметтік ахуалы көңіл қуантады. Су жаңа заманауи емхана мен жедел жәрдем көлігі тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетуде. Жөндеуден өткен көше жолдары, жаңадан орнатылған жарық шамдары ауылдың ажарын аша түскен. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың нақты іске асып жатқанының дәлелі. Негізінен Талаптан – спортпен аты шыққан ауыл. Мұнда күрестен ел чемпиондары шыққан. Қазірдің өзінде футбол мен волейболдан ауыл жастары аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып жүр. Бұл – тек спорттағы ғана емес, тәрбие мен рухани жаңғырудағы да ауылдың жетістігі. Кездесу соңында аудан әкімі ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кейбір мәселелерді сол жерде шешіп берді. Ал күрделі әрі уақытты қажет ететін мәселелер алдағы жұмыс жоспарларына енгізілетін болды. Мәселен, ардагер Нұрхан Мырзағазиев: – Көшеде көліктер өте жоғары жылдамдықпен жүреді. Мектептен қайтқан балаларды уайымдаймыз. Әсіресе Ащықұдыққа барар жолға жарық шамдар қойып, жол кедергілерін орнатып берсе екен, – деген тілегін айтты. Оған аудан әкімі: – Жол кедергілері асфальттың тез мүжілуіне әкеледі. Сондықтан оны көп қоя алмаймыз. Ал балалар көп жүретін жерлерге белгі орнатып береміз, жарық шамдар орнатуда жуық арада бюджеттен шешімін табады. Жылдамдықты асырып жүрген өз ауылымыздың жігіттері, түсіндіріп, тәрбиеге көндіруге жұмыс жасайық, – деді. Ал Ербай ақсақал жаңа емханада тек 6 науқасқа ғана арналған төсек орын бар екенін, көбіне 20 шақты адам дәлізде кезек күтіп қалатынын айтып, қосымша ине салатын бөлмелер жабдықтауды сұрады. Айтбай Жандарбеков ауыл дәрігеріне мәселені дереу шешуді тапсырды. Ал ауылдағы «Бала би-2004» шаруашылық басшысы Пернебай Күзембаев ауылдағы спорт саласында 40 жыл бойы тер төгіп, қаншама спортшыларды тәрбиелеген Әлібай Дәулетовке ауданның құрметті азаматы атағын беруді сұрады. Шаруашылық басшысының бұл ұсынысын тұрғындар да қолдай кетті. Оған аудан басшысы елге еңбегі сіңген ел ағаларына қашанда құрмет көрсетуге дайын екенін айтып, ұсыныс назарға алатынын жеткізді. Жиын соңында Мұқаш ақсақал батасын беріп, тарасты. Кездесу – кері байланыстың нақты көрінісі Әрі қарай есепті кездесу Бәйгеқұмда жалғасты. Жуырда «Бәйгеқұм – Жөлек» бағытындағы трасса бойындағы көше жарығы бағаналары жаңартылып, түнгі уақытта қозғалыс қауіпсіздігі артты. Ауылішілік жолдарға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары да тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарта түскені байқалды. Бұл – ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Сонымен қатар жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы – ауылдың қауіпсіздік деңгейін арттырудағы маңызды қадам. Бұл тек төтенше жағдайдың алдын алуға емес, жедел әрекет етуге де үлкен сеп болмақ. Жиын соңында ауыл тұрғындары өз ұсыныспікірлерін ортаға салып, өзекті мәселелерге тоқталды. Аудан әкімі көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді. Ендігі кезекте ауыл халқы үшін «көгілдір отын» мен жаңа трансформатор – күн тәртібіндегі маңызды қажеттіліктер. Бұл ретте әкім алдағы уақытта жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, бюджеттен қаржы қаралған соң жұмыстар басталатынын нақты айтты. Сонымен қатар мешіт жанындағы асхана құрылысы да назардан тыс қалмады. Аудан басшысы ауыл әкіміне жұмысты үйлестіріп, мерзімінде аяқтау керегін айтты. Жиында сөз алған ауыл ақсақалдары аудан басшысының ел ішін аралап, мәселелерді көзбен көріп, елмен етене сөйлесіп жүргенін оң бағалады. Асылхан Жәкеев халық атынан алғыс білдірсе, Аман Кеңесбаев батасын беріп, елдің бірлігі мен берекесін тіледі. Кездесу шынайы пікір алмасуға, ауыл тіршілігін жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстармен жалғасып, ауыл тұрғындарына үміт пен сенім сыйлады. Ауылдың әлеуеті артып келеді Аудан әкімінің сапары түс ауа Сұлутөбеде өтті. Кездесуде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков Сұлутөбе ауылдық округіндегі атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Ауылішілік көшелерге жарық шамдарының орнатылуы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, ауыл келбетінің көркеюіне де өз ықпалын тигізуде. Атап айтқанда, Сырдария, Астана, Алаш, Тәуелсіздік, Көкжиде көшелеріне, Жаназар батыр ауылындағы Тасшоқы, Құмсуат, Болашақ көшелеріне, 1 Мамыр ауылындағы Бәйтерек, Жаңақұрылыс, Жасылөлке көшелеріне көше жарықтары орнатылып, түнгі уақытта ауылдардың жарықтандырылуы айтарлықтай жақсарған. Сондай-ақ 1 Мамыр ауылының кіреберісіне ауылдың тарихи келбетін айшықтайтын заманауи арка (ауыл паспорты) орнатылып, ауыл тұрғындарының көптен күткен ұсынысы орындалды. Бұл нысан ауылдың шекарасын айқындап қана қоймай, тұрғындардың ауылға деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған. «Үлгілі елді мекен» – нақты іспен дәлелденген атақ Халықпен кездесулер легі Майлытоғай ауылдық округінде қорытындыланды. Кездесу барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков тұрғындармен жүздесіп, округте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады. Ауылда ұялы байланыс сапасын жақсарту мақсатында арнайы байланыс қондырғысы орнатылып, бұрын мәселе тудырып келген байланыс мәселесі шешімін тапты. Сонымен қатар Бәйгетөбе және Маханов көшелерінде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың күнделікті қатынасына қолайлы жағдай жасалды. Тағы бір қуантарлық жаңалық — Майлытоғай ауылдық округі облыстық деңгейдегі «Үлгілі елді мекен» конкурсында 15 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыны жеңіп алды. Бұл қаражат 2026 жылы ауылды абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымды жақсарту жұмыстарына бағытталады. Кездесу соңында аудан әкімі ауыл тұрғындарын бірлік пен татулыққа үндей отырып, «Халықпен бірге» қағидатына сай алдағы уақытта да ауылдарды дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты. Халықпен ашық диалог ауылдың дамуындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Мейіржан ИБРАГИМОВ,
Гүлхан ЯХИЯЕВА, Бақытжан БӘЙІМБЕТ









