Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Есеп еңбекті ширатады

Есеп еңбекті ширатады

Жылдағы үрдіс бойынша аудан және ауыл әкімдерінің есеп беруі 15 қаңтарда басталған-ды. Сол уақыттан бері аудан басшысының өткен жылға есебі, алдағы уақытқа жоспарлаған жұмысы баспасөз бетіне жарияланып келеді. Ал газеттің бұл санында біз Бидайкөл, Жуантөбе және Бестам ауылдық округтеріндегі жиналыс жөнінде тарқатпақпыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында айтылған «Тыңдайтын мемлекет» қағидасы биылғы есепте көрініс тапты. Бұлай деуімізге әкімдердің халық алдында емін-еркін тіл табысып, кез келген сұраққа тұщымды жауап беруі әрі сахнада көпшілікке қарап бөлек отырмай, елмен бірге залға жайғасуы себеп. Бұл шынында да бұқара мен биліктің арасы біртабан жақындай түскенін көрсетіп тұрғандай.

Бидайкөлдегі басқосу
Сағат тілі таңғы тоғыздан асқан бойда Бидайкөл ауылында жоспарланған жиналыс басталып кетті. Жиынға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудандық мәслихат хатшысы, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, тиісті мекеме, сала басшылары қатысты. Сондай-ақ ауыл тұрғындары да еселі еңбектің есебін тыңдауда қалыс қалмады. Әу бастан тұрғындар түгел жиналып, әкімдердің доңыз жылында атқарған жүйелі жұмыстарын, алдағы жоспарларын тыңдады. Соңыра жиналған қауым көкейіндегі сұрақтарын қойды.
Жиын барысында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ауыл халқын жаңа жылмен құттықтап, амандық, саулық, береке тіледі. Одан кейін ауыл әкімінің міндетін атқарушы Хамит Қойшыбаевтың есебі тыңдалды.
Көзі қарақты оқырманға белгілі, 2019 жылдың 31 қаңтар күнгі 102 нөмірінен бастап аудан әкімінің есебі газет бетінде жарық көрген болатын. Сол себепті жұма күні өткен жиындағы есепке толық тоқталуды жөн көрмедік. Оның орнына кездесуде көтерілген түйткілді мәселелерді ғана газет бетіне жазуды абзал санадық.
Бидайкөлде өткен жылғы болған жиналыста екі мәселе көтерілген болатын. Оның біріншісі, Ынтымақ көшесіне жарық және бағаналар орнату болса, екіншісі төртінші және он бесінші кварталдардағы жол жүру мәселесі еді. Бұл қордаланған мәселелер туралы аудан әкімі Ә.Оразбекұлы былай деді:
– Бүгінгі таңда бірнеше мәселе қолға алынып жатыр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында наурыз айынан бастап аталған көшенің бағаналарын жаңартамыз. Сондай-ақ жолға келетін болсақ, ол мәселе бойынша былтыр 1 млн 982 мың теңге бөлініп, ол жерге тас төселген. Биыл да жөндеу жұмыстары әрмен қарай жалғасын табады. Тағы бір айта кететін жайт, өткен жылы ауыл тұрғындары спорт алаңын сұраған болатын. Өздеріңіз білесіздер, сол өтініштеріңіз 2019 жылы шешімін тапты. Мектептің жанынан былтыр спорт алаңы ашылды.
Ә.Оразбекұлы шолу жасап болған соң, ауыл ақсақалы сөз алып, аудан әкіміне алғысын білдірді. Содан кейін балтыры сыздап, басы ауырғанда жанына араша болатын ақ халаттыларға да ыстық лебізін айтты. Ақсақал аудан дәрігерлерінің арасында С.Әмірова, Н.Әмір, Б.Мұсағалиева, Г.Құрбанғалиева, Г.Дәулетованы ерекше атап өтті. Дәрігерлерге ерекше рақметін айтқан ол, сөз арасында аты аталған ақ халаттыларға аудан әкімдігі атынан алғыс хат немесе сый-сияпат табысталса екен деген өтінішін білдірді. Аудан басшысы бұл өтінішті бей-жай қалдырмайтынын айтты.
Жиын барысында елді мекен тұрғындары газ мәселесі бойынша сұрақтың көп екенін жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, қараша айында ақысы төленіп қойған газ әлі күнге дейін қосылмаған. Бұл сауал жөнінде жергілікті халық тиісті мамандарға жүгінгенде де тұщымды жауап ала алмапты. Сол себепті сала басшылары бас қосқан жиында бұл сұрақты ақсақал ортаға тастады. Әрине, аудан басшысы ол мәселені де жауапсыз қалдырмады. Сенбі күні «ҚазТрансГаз» компаниясының қызметкерлері ауылға келіп, тұрғындарға түсініктеме жұмыстарын жүргізетінін жеткізді.
Ақсақал айтқан келесі сұрақ ит атудың төңірегінде өрбіді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Бидайкөл ауылында қаңғыбас иттер көбейіп кеткен. Оған наразы болған халыққа аудан әкімі нақты деректерден мысал келтіріп жауап берді.
– 2017 жылы ит атуға 800 мың теңге бөлетін едік. Ал былтырғы жылы 5,5 млн теңге қаржы қаралды. 2019 жылы 2000-ға жуық қаңғыбас ит пен мысық атылса да, әлі күнге дейін арыз-шағымдар азаймады. Бұл тіпті күнтәртібінен түспейтін мәселе. Мен әр жиналыс сайын осы ит мәселені қозғаймын, – деді Әшім Оразбекұлы. Ветеринария бөлімінің басшысы Әбен Жұпарбек өз кезегінде «Биыл ауыл әкімінен үш рет сұраныс хат келді. Біз сұранысты қабыл алып, ауылдағы 67 бас қаңғыбас итті аттық» деп жауап берді. Одан кейін аудан әкімі қаңғыбас иттер турасындағы әңгімені тікелей тұрғындарға арнады.
– Әрине, қаңғыбас иттерді азайтқан дұрыс. Бірақ әркім ауласындағы итті байлап ұстаса жөн болар еді. Бізге «итімді атып кетті» деп көп адам келеді. Қажет болса, мен қаражатты екі есе көбейтуге дайынмын. Бірақ көшеде қаңғыбас иттер болмауы керек. Ол ең бірінші мектепке қатынайтын балаларға қиын, – деп толықтырды аудан басшысы.
Ауыл тұрғындары бірнеше сауалына жауап алған соң Қазақстан Халық ағарту ісінің үздігі Қалияш Тұрсынова:
– Бидайкөл елді мекенінің әкімдігі жақсы жұмыс істейді. Алайда, ел жағдайын жасап, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын сол жандардың өзі қазір үйсіз-күйсіз. Бидайкөл ауылында әкімдік жоқ. Әкім қаралар мәдениет үйінің екі бөлмесінде отыр. Осы орайда ауылда әкімшілік соғуға бола ма? Орайы келгенде ойымдағыны айта кетейін. Ауылдағы мәдениет үйіне әкімдіктің қолдауымен лэд-экран орната аласыздар ма? – деген сұрағын қойды.
Оған аудан басшысы Әшім Оразбекұлы:
– Біз бұрындары екі-үш жерде әкімшілік ғимарат салғанбыз. Ол әркімнің жұмыс істеу қабілетіне байланысты. Қазір біздің алдымызға қойып отырған мақсат – аудандағы әлеуметтік нысандарды бітіру. Барлық ауылдарда заманауи амбулатория, мектептер болса, әрмен қарай балабақшалар соғылса, жолдар жөнделсе, электр жарықтары дұрысталса ғана әкімшілік ғимаратқа назар аударамыз. Ұсынысыңыз жақсы, алайда, биыл немесе келесі жылы әкімшілік ғимарат салынады деп айта алмаймын, – деп өз ойын ашық білдірді аудан басшысы. Содан соң ардагер-ұстаз айтқан екінші ұсынысқа тоқталды.
– Қалияш Тұрсынова жауапты кеңестің депутаты болған кісі. Осы кісінің айтқан өтінішін жерге тастамай, биыл ауылдағы мәдениет үйіне лэд-экран орнатып береміз, – деп көпшіліктің көңілін көтерді Әшім Оразбекұлы.
Осылайша Бидайкөлдегі басқосуда бұқараның жеке мәселесі де, ауылда атқарылуы тиіс жұмыстар да айтылды. Соның бірі – Бегман ата мешітінің хал-ахуалы. Аудан әкіміне мешіттің мәселесін имам егжей-тегжейлі айтып берді. Имам өз кезегінде мешіттің жарығына 7 жылдан бері ақы төленбегенін айтып, көмек сұрады. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші көптің ортасында айтылған мешіт мәселесін бір жақты етуді «Бидайкөл» шаруа қожалығының төрағасы Талғат Байдалиев өз мойнына алды.
Жалпы Бидайкөлдегі есеп беру жиынында бірнеше мәселе қаралды. Аудан әкімі тұрғындардың ой-пікірін соңына дейін тыңдап, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға ­тырысты. Сәйкесінше аудан басшысы айтылған мәселелер алдағы уақытта қаралып, жұмыс ­жоспарына енгізетінін айтты.

Жуантөбедегі жұрт не дейді?
Аудан басшысы Бидайкөл елді мекенінен кейін бағытын Жуантөбе ауылдық округіне бұрды. Мұнда да жиналған қауым атқарылған жұмысты тыңдауға әрі көкейкесті сауалдарын қоюға әзір тұр. Жуантөбедегі халық та бидайкөлдіктіктерден көп болмаса, аз болмады.
Аудан әкімі және сала басшылары белгіленген уақытта жетті. Жұртшылық алдымен ауыл әкімі Әділбек Бегайдаровтың есебін тыңдады. Сосын аудан басшысы өткен жылы атқарған жұмыстарды бүге-шүгесіне дейін айтып, баяндама оқыды. Жиын әрмен қарай жұртшылықтың ұсыныс-пікірін тыңдаумен жалғасты.
Жуантөбе халқы әуелі жарық мәселесін қозғады. Тұрғындар бірнеше көшелердің жарығы сығырайған білте шамның әлсіз жарығындай екенін жеткізді. Сондай-ақ беті ашық қалған құдықтардың балаларға қиындық тудыратынын айтты. Осы тектес мәселелерге аудан әкімі:
– Осы уақытқа дейін маған ауыл әкімі Ә.Бегайдаров қажетті бағаналар мен трансформаторды айтып жүрген. Биыл екі трансформатор дайын болған уақытта ауылға әкеліп орнатамыз. Халықтың сұранысы бойынша жұмыс істеуіміз керек. Ал ауыл ішіндегі жарыққа байланысты сұрақ туындаса, қауымдастықпен бірігіп, сондай мәселелерді қалай шешуге болатынын ақылдасыңыздар. Жарыққа келгенде бізде ешқандай кедергі жоқ. Маған жобасын ұсынып, осынша қаржы керек десеңіздер, біз сонша ақшаны береміз, – деп Жуантөбедегі жарық мәселесі шешілетіндігін білдірді. Содан соң беті ашық қалған құдықтар жөніндегі сауалға тоқтады.
– Былтырғы жылы құдыққа бала түсіп, қайғылы оқиға орын алған. Бұл бірінші кезектегі жұмыс болуы керек, – деп қатаң тапсырды аудан әкімі.
Алғабастықтарды алаңдатқан келесі мәселе – мал ұрлығы. Бүгінде ұрты майланып, мол табысқа кенелген ұрылар Жуантөбе ­ауылында азайған емес. Мал ұрлығы 2018 жылдың қорытынды есебінде де көтерілген болатын. Ол кезде тұрғындар ауылдың учаскелік полициясына көңілі толмайтындығын айтқан еді. Енді міне, жыл айналып осы мәселе қайта көтерілді. Тұрғындар тағы да «Ұрылар ұсталмайды, тергеу тыңғылықты емес» деп шағымданды. Бірақ жаңа жылда Жуантөбедегі учаскелік полиция өзгерді. Енді оны үлкен міндет күтіп тұр. Ал жиында сауал жолдаған тұрғындарға аудандық ішкі істер бөлімі басшысының міндетін атқарушы Д.Төлеуов «Тұрғындар арызды кеш бергеннен кейін малды іздеу қиынға соғады» деп жауап қайтарды. Мал ұрлығы жөнінде сөз болғанда ауыл әкімі Ә.Бегайдаров та үнсіз отыра алмады. Ол ортаға шығып өз ойын білдірді.
– Барлығыңыз малды падаға қосыңыздар. Егер содан кейін жоғалса, бақташы мен полицияға шағым айта аламыз. Ал мал егесі падаға қоспайтын болса, қолхат жазып берсін. Бірақ одан кейін жоғалса, оған өзі ғана жауапты болады, – деп нықтап айтты Ә.Бегайдаров.
Жиын соңында Жуантөбе ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Айжамал Әбдіхамитқызы сөз алып, аудан әкіміне және сала басшыларына алғысын білдірді. Тұрғындарды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін айтты. Осылайша Жуантөбе ауылдық округіндегі жиынның нүктесі қойылды.

Бестамда да бірнеше мәселе бар
Күн бесіннен асқаннан кейін аудан әкімі Бестамға қарай жол тартты. Әдеттегідей Бестам елді мекенінде де ауыл әкімінің міндетін атқарушы Жанар Сатанованың есебі тыңдалды. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлы баяндама жасады.
Өткен жылы Бестам халқы қорытынды жиналыста Жуантөбе-Бестам-Телікөл ауылдарына қатынайтын жолдың ой-шұқыры туралы қозғаған еді. Сол сәтте Ә.Оразбекұлы «Аталған жол облыстың иелігіне кіретін болғандықтан біз әзірге оған ешқандай әрекет жасай алмаймыз. Дегенмен осы жолға жауапты облыстағы әріптестерге хат жолдап, назар аурдаруға ықпал жасайтын боламыз» деп жауап берген болатын. Биыл ауыл халқының өзекті мәселесіне айналған осы жол шешімін тауып, жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Аудан әкімінің есебінен кейін ауыл тұрғыны сөз алып, өз өтінішін ортаға тастады.
– Қазір біздің ауылда әкімнің ауысып жатқаны белгілі. Осы орайда біз Бестам елді мекеніне жергілікті тұрғын басшы болып сайланса екен дейміз, – деді ол.
Ауылдағы ауыс-түйіске байланысты аудан басшысы өз ойын білдіріп қана қоймай, тұрғындарға сайлаудың жұмыс барысын түсіндірді.
– Әкім туралы сіздер алдыңғы жолы да ұсыныс тастаған едіңіздер. Осы ұсыныстарыңызды ­депутаттар ескеріп, халықтың пікірімен санасады деп ойлаймын. Жалпы бұл жерде сайлау болады. Сайлауда барлығының құқығы тең дәрежеде. Менің депутаттарды жинап алып, әлдекімді сайла дегенім заңсыз. Әрине, сіздердің айтқандарыңыз орынды. Алайда, мен аудан басшысы ретінде заң аясында әділ шешім қабылдау керекпін. Депутаттар дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын, – деді Ә.Оразбекұлы.
Жалпы жиынға келген жұртшылыққа қарап, ауылдың ахуалы қалыпты екенін байқадық. Алайда, мұндағы ел де ауылға тезірек газ келгенін қалайды екен. Аудан әкімі бұл тұрғыда:
– Қазір Қызылорда облысында 4 ауданның орталығына 2016 жылдан бастап газ кіргізілген. Қалған аудандар да енді қолға алынуда. Тіпті Байқоңыр қаласында енді жүзеге аспақшы. Біз географиялық орналасуына байланысты ауданға жақын ауылдарға газ кіргізудеміз. 4 ауылдың сметалық құжаттары дайын. Егер Алғабасқа газ кіргізіп жатсақ, Бестамда да газ болады. Бұл жұмыс тоқтап қалмайды, – деді.
Бұдан кейін көпбалалы ана Әлия ­Бейсенгірова құс шаруашылығы бойынша сауал жолдады. Оған кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлері алдағы уақытта бағыт-бағдар беріп, жол сілтейтін болды. Осы орайда аудан әкімі жауапты қызметкерлерге «Аудандағы құс шаруашылығын дамыту керек» деп тапсырма берді.
Осылайша жыл он екі ай бойы жеткен жетістіктері мен кеткен кемшіліктер ауылдарда талқыланып, сараланды. Сәйкесінше ­жоспар құрылып, мақсат айқындалды, міндет те аз емес.


Нұрболат ПІРІМБЕТ,
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
Бақытжан БӘЙІМБЕТ (фото)
21 қаңтар 2020 ж. 760 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930