Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен жылға есеп, жаңа жылға жоспар жасалды

Өткен жылға есеп, жаңа жылға жоспар жасалды

Жылда жердің ақ ұлпа көрпеге оранғанын асыға күтетін Сыр өңірі үшін биылғы қыс ерекше болғандай. Желтоқсан айы басталғалы айнала аппақ күйге бөленіп, мезгілдің ажарын айшықтап тұр. Бұл күні де таңата жапалақтап жауған ақ қарға қарап табиғаттың сұлулығына тамсанбасқа болмады. Әлі із түсіп үлгермеген қалың қарды қырт-қырт басып, межелеген жердегі көлікке міндік те, теріскей бетке қарай жүйіткей жөнелдік. Бағыт – Н.Бекежанов ауылы.

Дәлірек айтсақ, жылдағы үрдіс бойынша аудан және ауыл әкімдерінің есеп беру жиынына жол тарттық. Кездесудің алғашқы күні 15 қаңтарда Керделі, Ақмая, Төңкеріс ауылдарында өтті. Тұрғындармен жүздесіп, бір жыл бойы атқарылған шаруа жайлы тарқататын жиын қаншама жылдан бері дәл осы қаңтар айының қақ ортасынан басталуы жазылмаған заңдылыққа айналғанымен, биылғы формат өзгерек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған алғашқы Жолдауында «Тыңдайтын мемлекет» қағидасын шынайы өмірде қолдануға басымдық берілетінін айтты. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға азаматтардың өтінішіне жедел жауап қатып, тиімді шешім шығаруға, қоғам мен мемлекет арасында тұрақты диалог орнатуға ден қою керегін жеткізді. Мемлекет басшысының тапсырмалары жедел жүзеге асқанын бүгінгі жиынның алғышартынан-ақ байқадық. Әкімдер жылдағыдай сахнада халыққа қарап бөлек отырған жоқ, елмен бірге залға жайғасып, тек есеп берерде ғана мінбеге шықты. Жиынның тағы бір жағымды тұсы – аудан әкімі мен барлық сала басшыларының есептен соң уақыт тауып, ауыл тұрғындарына жеке қабылдау өткізуі болды. Бұл шынында да халық пен биліктің жақындай түсіп, басшылықтың қарапайым тұрғындардың өтініш-тілегіне бей-жай қарамайтынына көз жеткізетін мүмкіндік деп ұқтық. Оның үстіне осы арқылы қоғам алдында атқарушы органның оң иммиджі қалыптасары анық.
Ақын Нартай ауылындағы есепті кездесу келісім бойынша 9:30-да басталып кетті. Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, аудандық мәслихат хатшысы, депутаттары, «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, тиісті мекеме, сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Алдымен сөз алған аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ауыл тұрғындарын жаңа жылмен құттықтап, амандық, береке, бірлік тіледі. Одан соң ауыл әкімі Ғалымжан Ыхановтың есебі тыңдалды.
Аудан басшысы мен ауыл әкімдерінің есебіне толық тоқталуды жөн көрмедік. Себебі аудан әкімінің есебі «Өскен өңір» газетінің 2019 жылдың 31 қаңтар күнгі №102 нөміріне «Серпінді индустрия. Әлеуметтік ілгерілеу: дамудың басым бағыттары» тақырыбымен жарияланса, барлық ауыл әкімдерінің есебі де бұған дейін мерзімді баспасөзде жарық көрген болатын. Осыған орай өңірдің тыныс-тіршілігімен таныс болу үшін газеттің әрбір санын жібермей оқып отыратын оқырмандар назарына кездесуде көтерілген өзекті мәселелерді ғана ұсынбақпыз.
Жалпы ауыл әкімінің есебіне тұрғындар оң бағасын берді. «Сайланғанына бір ай ғана уақыт болса да, іскерлігімен өзін көрсетіп үлгерді» десті ақсақалдар. Керделідегі өткен жылғы жиында ауыл халқы екі өзекті мәселені көтеріп, аудан басшысынан шешімін табуды сұраған болатын. Оның алғашқысы ауылға кірберістегі көпір мәселесі еді. Екіншісі – ауыл шетіндегі инфроқұрылымды аймаққа тұрғындар үй салып, қоныстанғанымен әлі күнге жарықтың жоқтығын айтып шағымданған. Ауыл халқының өтінішін бей-жай қалдырмаған, аудан басшысы Ә.Оразбекұлы мәселенің қалай шешімін тауып жатқаны жөнінде былай деді:
– Өздеріңіз білесіздер, алғашқы мәселе бойынша көпір өткен жылы жөндеуден өткізілді. Ал екінші мәселе Сымайылов, Төлімбетов көшелерінің электр жарығы жөнінде айтқансыздар. Осыған орай биылғы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 2 млн теңге қаржы бөлінді. Жақын күндері аталған көшелердің электр жарығы түгелімен реттелетін болады. Сіздердің көкейлеріңіздегі тағы бір сауал көгілдір отынға байланысты екені белгілі. Өткен ­аптада Нұр-Сұлтан қаласында іс-сапарда болдым. Барғандағы ең басты мәселе – осы газдандыруға байланысты еді. Жалпы Шиелі облыс бойынша ауылдарға көгілдір отын жүргізіп жатқан бірден-бір өңір. Бұл біздің географиялық жағдайымызға да ­байланысты. Бүгінде Ы.Жақаев және Бидайкөл ауылдарына тұрғындардың қаражаты есебінен газ жүргізілуде. Ендігі көздеп отырған меже – Ш.Қодаманов, Керделі, Алғабас, Жаңатұрмыс елді мекендеріне көгілдір отынды жеткізу болып отыр. Жоба сметалық жұмыстары да дайын, жалпы соммасы 2,1 млрд теңгеге жуықтады. Бұл үшін республикадан қаржы сұраудамыз. Мақұлданса жақын-жуық арада көгілдір отынның игілігін көріп қаласыздар.
Жиын соңында ауыл тұрғындары елді мекенде мал қорымының жоқтығын айтып, шағымданды. Аудан басшысы «Бұл тек Керделіде ғана емес, аудан бойынша 14 ауылдағы өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұйырса, бірер жылда мал өлекселерін тастайтын биотермиялық шұңқырлармен түгел қамтамасыз етеміз», – деп жауап берді.
Бұдан өзге кент пен ауыл арасына қатынайтын қоғамдық көлікті Көкшоқы мөлтек ауданының ішімен жүргізуді және де Н.Бекежанов ауылынан кентке қарай тікелей жол салып беруді сұрады. Аудан басшысы аталған мәселелерді алдағы жұмыс жоспарына міндетті түрде енгізілетінін айтты.
Шиелі халқы үшін тышқан жылы табысты жылдардың бірі болғалы тұр. Мұны Ә.Оразбекұлы алдағы жоспарларын баяндағанда топшыладық. Ең бас­ты жаңалықтардың бірі – өңірдің ірі кәсіпорындармен толыға түсуі дер едік. Мәселен, бүгінгі таңда «Таң ЛТД» ЖШС-ның жобалық құны 397 млн теңгені құрайтын «Күріш және құрама жем өндірісі» жобасы іске аспақ. Жобаның қуаттылығы жылына 9 мың тонна күріш ақтау және 3 мың тонна құрама жем өндіруге қауқарлы болады деп күтілуде. Одан бөлек жүгеріні терең өңдейтін цех ашу жұмыстары да жасалып жатыр. Өндіріс орны іске қосылған соң балаларға арналған тәтті жүгері таяқшаларын, собық және жем өндіретін болады. Бұл үшін биыл 500 га жерге жүгері, 2000 га жоңышқа егілмек. Сонымен қатар бір кездері сапалы жұмыс істеп, кейіннен тоқтап қалған шұжық зауыты заманауи жабдықтармен қамтылып, қайта жанданбақ. Қосымша консервіленген ет те дайындайтын болады.
Бұдан бөлек аудан басшысы тұрғындар арасында «тоғыз этаж» атауымен белгілі жаңадан инфроқұрылым жүргізілген аумаққа тағы да бірнеше көше түсетінін айтып, болашақта үлкен бір шағын аудан болатынын жеткізді.
Келесі есепті кездесу Ақмая ауылында жалғасын тапты. Келісілген уақыттан ертерек жеткен аудан басшысы жиын басталғанша ауыл тұрғындарын жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады.
Ауылдық клуб үйінде өткен есеп беру жиынында әдеттегідей алдымен ауыл әкімі Жарқынбек Арсылановтың жыл бойы атқарылған жұмыстарының қорытындысы тыңдалды. Одан соң аудан басшысы Әшім Оразбекұлы баяндама жасады. Өткен жылғы кезекті кездесуде ауыл жұртшылығы Ы.Жақаев көшесін асфальттау және ұзақ уақыттан бері жөндеу көрмеген №49 мектепті күрделі жөндеуден өткізу мәселесін айтқан еді. Қос мәселе бойынша жыл бойы зерттеу-зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесі биыл жасалмақ. Бүгінде Ы.Жақаев көшесін асфальттауға 53 млн теңге қаржы қаралған. Жақында қарқынды жұмыстар басталатын болады. Ал мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 224 млн теңге қаржы бөлініп отыр екен.
Аудан басшысының есебінен соң облыстық «Кызылординские вести» басылымының Шиелі, Жаңақорған аудандарындағы меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев:
– Жаңақорған ауданында қарбыз өндірумен айналысатын бірден-бір ауыл – Жайылма болса, бізде Ақмая елді мекені қауын-қарбыздың отаны саналады. Ауыл әкімі де баяндама барысында өткен жылы 640 тонна қарбыз экспортталғанын баяндады. Бұл бағытта өндірісті дамытып, қандай да бір дайын өнім шығару қолға алына ма? Мәселен, германиялық инвесторлар Жайылмада қарбыз шырынын шығаратын зауыт ашып жатыр дегенді естіп жүрміз, – деген сауалын жолдады.
Оған аудан басшысы Ә.Оразбеков:
– Бізде де шетелдік инвесторларды тартуға жұмыстар жасалып жатыр. Екі жақ келісіп, бір шешімге келіп жатса, үлкен жобалар іске асатын болады, – деп жауап берді. Одан соң ауыл ардагері Сәдуақас Пірімбет ұсыныс-сұрақтарын ашық айтты.
– Алғашқы мәселе – ауыл фермасы жанында қатты қалдықтар тастайтын полигон орналасқан. Ол негізгі талап бойынша ауыл шетінен 1 км қашықтықта орналасуы керек. Бұл тұрғындардың мал бағуына кедергі келтіруде. Екіншіден, ауылға кіре беріс жердегі аркада «Ақмая ауылы» деп жазылған, ал ол талап бойынша «Ақмая ауылдық округі» болуы керек. Бұл екеуі екі бөлек дүние. Келесі мәселе ауылда өтетін қоғамдық және қауымдастық кеңестерін өткізерде көпшілікке хабарланса деймін. Өйткені, көп жағдайда қашан өтетінін білмейміз, жиында ауыл белсенділеріне айтар өтініш-тілегіміз болады. Ауылда ардагерлер кеңесі мен қауымдастық құрамында ешқандай өзгешелік жоқ. Яғни ардагерлер кеңесінің барлық мүшесін қауымдастыққа енгізіп жіберген. Қауымдастық құрамына белсенді жастар, азаматтар басқа да қоғамдық іске бей-жай қарай алмайтын ауылдың білікті азаматтары енгізілмеген. Соңғы сұрағым – «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы қырманнан күріш ақтайтын зауыт, тағы бірнеше құрылыс жүргізіп жатыр. Ал бұл жеке меншіктегі дүние ме, әлде, «Ақмая» шаруа қожалығының иелігінде ме? Осыған нақты жауап алғымыз келеді. Себебі, ауыл арасында «Нұрасыл» жеке шаруа қожалығының балансында деген қауесет айтылып жүр, – деді.
Аталған мәселелер бойынша аудан басшысы ауыл әкімі Ж.Арсылановқа тиісті тапсырмалар беріп, жақын арада ретке келтіруді тапсырды. Ал зауыт иелігі жөнінде шаруашылық төрағасы Дәулет Жұмбеков соғылып жатқан құрылыс «Ақмая» шаруа қожалығының меншігінде екенін жеткізді.
Түс ауа аудан басшысы бастаған топ Ш.Қодаманов ауылына қарай бет алды. Әдеттегідей алдымен ауыл әкімі Әлия Нұрманованың жыл бойы атқарған жұмыстары тыңдалды. Одан соң аудан басшысы шығып, ауыл халқына есеп берді. Жалпы жиынға келген жұртшылыққа қарап ауылдың ішкі ахуалы, әлеуметтік жай-күйі қалыпты, бірлігі бекем екенін байқадық. Мұндағы көтерілген өзекті мәселе – ескі мектеп ғимаратын әуез мектебі ретінде қайта жабдықтау болды. Бұл бағытта жұмыстар жасалып та жатыр екен.
Дәстүрлі есеп беру жиынының алғашқы күні осылайша аяқталды. Алда әлі 19 ауыл мен кент және аудан тұрғындарына есеп беру кездесулері жоспарланған.

Нұрболат ПІРІМБЕТ,
Гүлхан ЯХИЯ.
Бақытжан БӘЙІМБЕТ (фото)
18 қаңтар 2020 ж. 932 0

Қоғам

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031