ТЕРІСКЕЙ БЕТТЕГІ ТҮРЛЕНГЕН МЕШІТ
Өткен аптаның сенбі күні Шиелі кенті, Нұрекеев көшесінің бойында орналасқан «Нұр иман» мешітінің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, ел қуанышын еселеген маңызды оқиғаға айналды.Салтанатты шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, ҚМДБ Қызылорда облысы бойынша бас имамы Дастан Құрманбаев, аудан имамдары, ақсақалдар мен аудан тұрғындары қатысты. Бірінші кезекте ортаға Алланың сөзін оқуға «Ақмешіт-Сырдария» Қызылорда облыстық мешіті наиб имамы Шыңғысхан қари Жаппарханұлы шақырылып, ақсақалдар бата берді. Ашылу рәсімінде аудан басшысы мешіттің ел игілігіне берілуімен құттықтап, бұл игі істің – халықтың рухани өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті. Сонымен бірге мешіт құрылысын жеке қаражатымен жүргізіп, сауапты іске үлес қосқан Құлахметовтер әулетіне, сондай-ақ жанашырлық танытқан барша азаматтарға ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев та жиналған қауымды мешіттің ашылуымен құттықтап, бұл құлшылық үйінің тек дін насихаттайтын орын ғана емес, рухани тәрбие мен ізгілік мектебіне айналуы қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар жиналған қауымды еңбек ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Рақым Мауяев, Насырбек Мырзабеков, Жорабек Мырзахметовтер құттықтады. Мешіт құрылысына атсалысқан Құлахметовтер әулетіне, Дархан Қойшыбекұлына, Алтынбек Құралбайұлына, Әбдіманап Мұхамедкәрімұлына, Бекболат Хамитұлына, Жасұлан Рысбекке тағы да басқа бірнеше азаматқа Қызылорда облысының бас имамының алғыс хаттары табысталды. Айта кетейік, «Нұр иман» мешітінің жаңа ғимараты 400 адамға арналған. Мешіт заманауи талаптарға сай бой көтерген. Ғимаратта имам бөлмесі, неке қию бөлмесі, құлшылық залы қарастырылған. Мешіттің жаңа ғимаратының ашылуы – аудан тұрғындары үшін құлшылық жасап, діни білімін жетілдіруге, жастарды рухани тәрбиеге баулуға мол мүмкіндік беретін игілікті іс.
М.КЕҢЕСҰЛЫ







