Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мешіт жанынан асхана ашылды

Мешіт жанынан асхана ашылды

Жуырда тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Оқшы ата» мешіт ғимараты жанынан асхана ашылды. Аудан тұрғындарының ауызбіршілігін айшықтайтын бұл жиынға аудан әкімі Н.Мақұлбеков, облыстық «Ақмешіт Сырдария» мешітінің имамы Б.Әбуов және ауданның ардагерлері мен тұрғындары қатысты.
Шиелі аудандық орталық мешіті жанынан сән-салтанаты жарасқан үлкен асхананың ашылуы аудан тұрғындары үшін қуаныш болды. Асхана ешбір салтанат сарайынан кем түспейді. Барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл – барша аудан халқының ұйымдасып, ауызбіршілік танытуы арқасында бой көтерген ғимарат. Жасы мен жасамысы да, ауыл-ауылдың тұрғындары да осы нысанның құрылысына қолдан келгенше жәрдем берген. Әрине, бұл істің ұйытқысы аудандық орталық мешіттің имамдары. Бұл ғимаратта аудан тұрғындары түрлі діни, дәстүрлі шараларға, атаулы күндерге орай ас беруіне болады.
Сонымен бірге аудан әкімі Н.Әскербекұлы сөз алып, барша жамағатты тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, асхананың лентасын қиды. 250-300 адамға арналған жаңа нысанның іргетасы 2020 жылы қаланған еді. Биыл міне, мереке қарсаңында ел игілігіне берілді. Аудандық орталық мешіттің имамы Б.Ұлжаев «Асхана құрылысына аудан халқы «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» атсалысса, қолынан құрылыс жұмыстары келетіндері тегін қызметін аямады. Дейтұрғанымен, тұрғындардың ауқымды ғимарат құрылысына қаражаты аздық еткен тұста, ауылдың атқамінер азаматтар жәрдемдесіп іс толығымен аяқталды. Сауапты іске барынша жәрдемдескен барша мұсылман бауырға алғысымыз шексіз» деді.
Мешіт жанындағы асхананың ашылуын­да өткен күннен сыр шерткен азаматтар ауданның қазіргі жай-күйіне тоқталып, елдегі ынтамақтастық көрінісіне ризашылық білдірді. Шара соңында әруақтарға Құран бағышталды.

Ш.ТІЛЕУБАЙ
21 желтоқсан 2021 ж. 907 0