Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БІЛІМ КАРТАСЫН ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ СЫЗҒАН ҰСТАЗ

БІЛІМ КАРТАСЫН ШӘКІРТ ЖҮРЕГІНЕ СЫЗҒАН ҰСТАЗ

Әр адамның өмірінде бір шамшырақ болады. Біреуді алға жетелейтін арман, біреуге қуат беретін сенім. Ал кейбіреулер үшін сол шамшырақ – ұстаз. Ал ұстаздың өзі – өзгеге жарық сыйлау үшін жанатын мәңгілік алау. Ақерке Болатқан дәл осы алаудың бірі.

1990 жылдың мамыр таңында Шиелінің 1 ­Мамыр ауылында дүниеге келген сәби болашақта талай баланың өмірін өзгертерін кім білген? Таңғы самал соққан сайын терең тыныстап, туған жердің топырағымен біте қайнасқан Ақерке ерте жастан білімге құмартып өсті. 2008 жылы №144 мектептен ұшып шығып, «Болашақ» университетінде география әлеміне жол салды. Сол кезден бастап карта тек сызықтар мен нүктелерден ғана тұрмай, оның жүрегінде сан алуан тағдырмен байланысқан тұтас әлемге айналды. 2015 жылы жас маман №40 А.Қыраубаева атындағы мектептің табалдырығын аттағанда, сынып бөлмесі оның зертханасына, ал оқушылар – ашылмаған материктерге ұқсады. Әрбір оқушы – жаңа географиялық жаңалық. Әр жазылған тақта – жаңа белес. Осылайша, Ақерке шын ұстаздық сапарына бет бұрды. Ол сабақ беруді емес, бағыт көрсетуді мақсат етті. Өзінің «педагог-сарапшы» деңгейіндегі біліктілігіне сүйене отырып, әр баланың бойындағы қабілет қазынасын ашуға тырысты. Тіпті бір оқушысы өз бағытын тапса – оны әлем картасындағы жаңа ашылған аралдай қабылдайтын. Сол еңбектің жемісі ретінде 2023-2024 оқу жылында шәкірттері білім олимпиадасын бірнеше рет бағындырды. Бірі жаратылыстанудан, бірі географиядан, енді бірі экологиялық жобалардан жүлде алып, ұстаз жүрегін қуанышқа бөлеп жатты. Әрбір диплом – бір-бір жұлдыз. Ал Ақерке сол жұлдыздардың шоғырын жинап, өзінің ұстаздық аспанын жарқырата түсті. Жуырда өткен «Үздік география пәні мұғалімі – 2025» байқауында І орын иеленуі – оның кәсіби кемелдігін ғана емес, шынайы адалдығы мен жанкештілігін көрсеткен жеңіс. Бұған дейін де дәл осы байқаудан бас жүлде алуы, облыстық байқауға қатысуы, түрлі марапат – бәрі оның жолындағы ізденістің ізі. Ақеркенің ұстаздық стилі өзгеше. Ол географияны картадан емес, өмірден үйретеді. Табиғатты – тыныстан, желді – өзгеруден, теңізді – адам жанындағы тереңдіктен түсіндіреді. Сабақта виртуалды экскурсия жасайды, зерттеу жүргізеді, ойландырады. Ал шәкірттері: «География – өмірдің өзі екен ғой!» деп таңырқайды. «Шығармашыл ұстаз – 2023» атағы – осы жаңашыл көзқарастың айқын белгісі. Ол білім беруді технологиямен ұштастырып, сабақты дүниетаным саяхатына айналдырады. Оқушыларын тек білім алушы емес, зерттеуші, ойлы тұлға болуға үйретеді. 2022 жылдан бері оқушылары экология бағытындағы түрлі байқауды жеңіп, туған жер табиғатын қорғау тақырыбында жобалар жасап жүр. Ұлдана Донияр, Жайна Маханбетәли, Айшабибі Жақсылық, Жанболат Бөкенбай, Диас Сыздықов, Әлтаир Жақсылық – Ақеркенің еңбегінен өсіп шыққан білім бәйшешектері. Ақерке Болатқан – жай ғана мұғалім емес. Ол – жас ұрпақтың картасын сызып беретін географ, жүректерді жарықтандыратын шамшырақ, ұстаздықты миссия санаған шынайы тұлға. Оның еңбегі болашаққа жол салатын компас. Ал өзі – сол компастың дем беріп тұрған магниті. Жан-тәнімен жол сілтеп жүрген осындай ұстаздар барда біздің қоғам адаспайды. Өйткені білім жолы – ең таза жол, ал оның шырақшысы – Ақерке сынды ұстаздар.

Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ

25 қараша 2025 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9357)

25 қараша 2025 ж.

№89 (9356)

22 қараша 2025 ж.

№88 (9355)

18 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930