ОҚУШЫНЫҢ ЖҮРЕГІНЕ ЖОЛ ТАПҚАН МҰҒАЛІМ – БАҚЫТТЫ
Ұстаз – қастерлі һәм ұлы сөз. Әр баланың жүрегінен екінші анасы болып орын таба білген қасиетті тұлға. Шәкіртінің бойына білім нәрін сусындатып, ақылын айтып, қателерін түзеп, оны кешіре білген ардақты ұстаздардың дәрежесі қашанда жоғары.
Ел болып еңсеміз тіктеліп, дамыған елдің қатарына қосылуға қам жасауда бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру – мұғалімнің еншісіндегі іс екені анық. Мемлекеттің жарқын болашағын ұстаздарсыз елестету әсте мүмкін емес. Бүгінде педагог мәртебесін көтеру жұмыстары өз жалғасын табуда. Бұл істің 2020 жылдан бері заң жүзінде қолға алынуы көпшіліктің көңіліне қуаныш нұрын септі.
Ел болып еңсеміз тіктеліп, дамыған елдің қатарына қосылуға қам жасауда бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру – мұғалімнің еншісіндегі іс екені анық. Мемлекеттің жарқын болашағын ұстаздарсыз елестету әсте мүмкін емес. Бүгінде педагог мәртебесін көтеру жұмыстары өз жалғасын табуда. Бұл істің 2020 жылдан бері заң жүзінде қолға алынуы көпшіліктің көңіліне қуаныш нұрын септі.
Қазіргі ұстаз өткенге сын көзбен қарап, бүгінгіні саралайтын, болашақты бағдарлайтын бағдаршам іспеттес десек, артық айтпас едік. Кезінде ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз – мектептің жүрегі» деп баға берген-ді. Осындай мектеп жүрегіне айналған ұстаздар №159 Еңбекші орта мектебінде көптеп саналады.
Баланың тәрбиесі отбасынан басталады. Бірақ ол тәрбиенің құндылықтарын арттыратын тағы да мектеп. Ал мектептің жаны мен жүрегі – мұғалім. Сондықтан отбасынан кейінгі баланың тәрбиесі сыныпта, мектеп ошағында қалыптасады. Жақсы ұстаз өз шәкіртіне әрқашанда үлгі болып қалады. Осы бір қанатты сөздің аясында ұлық тәрбиенің бәрі тұнып тұр. Менің ойымша, жақсы ұстазда біріншіден, терең білім болуға тиіс. Содан кейін үлкен жүрек болуы керек. Себебі барлық баланың еркелігін көтеріп, әрбір баланы өзіне тарта білу және оны тыңдай білу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Міне, сондықтан үлкен жүрек пен шәкіртіне деген шексіз махаббат әр ұстаздың бойынан табылуы керек алтын қасиет.
Бүгінде мамандықтың түрі көп. Алайда кез келген маманды маман қылатын ол да – ұстаз. Осы кісілердің еңбегін бағалап, өздерін сыйлап, құрмет тұту әр шәкірттің міндеті. Өйткені, ұстаздық ету оңай емес. «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, Ұстаз болу – сезімнің ақындығы» дегендей, ұстаздың міндеті ауыр, сонымен қатар жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Шыдамдылық пен төзімділік қасиеттері ұстаз маманына ауадай қажет. Ұстаз – өз кәсібін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы сүйіспеншілігінің арқасында шәкірттерін алға жетелейді, бағыт-бағдар береді, шабыттандырады. Шәкіртінің мақсат қойып және оған жетуіне сенім ұялатады, іске батыл және сенімді қарап кірісуіне септігін тигізеді. Ұстаз үнемі лүпілдеп соғып тұрған жүректің жадында сақталады. Шәкірт пен ұстаз арасындағы сыйластық, өзара қамқорлық сезімі шәкіртінің шыңдалуы мен білім нәрімен сусындауына септігін тигізеді.
Ұстаз есімі – күннің құдіретті сәулесі секілді. Шартарапқа сәуле шашқан шуағынан миллион адам жылынады. Демек, күн секілді ұстаздың орны қашан да биікте болуы керек.
Мұғалім – қоғамның тамыршысы, бағыт-бағдар беруші тұлғасы. Әлі күнге дейін мұғалім көрсек, именіп тұратынымыз, мектеп табалдырығын аттаған сайын сол бала күнгідей көңіл-күй мен толқуды бастан кешіретініміз жасырын емес. Ал мектеп – ұлт рухын тербеп тұрған киелі бесік. Отбасы мен мектептен алған тәрбие мен тағылым әр адамның өміріне берілген ең алғашқы жолдама іспеттес.
Адам бойындағы ең асыл қасиет – ізгілік пен білімділік. Ал адам жанына осы асылды дарытушы ұстаз. Ендеше ұстаздар күні – өмірдегі орны бөлек, айрықша мерекелердің бірі. Мен өзім еңбек етіп жатқан білім ұясындағы барлық ұлағатты ұстаздарды төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаларыңызға мол бақыт, зор денсаулық, ал еңбекте жаңа табыстарға жете берулеріңізге тілектес екендігімді жеткіземін.
Эльмира ЖАРҚЫНБЕКОВА,
№159 Еңбекші орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,
педагог-зерттеуші
№159 Еңбекші орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,
педагог-зерттеуші