Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл ғаламнан емеспін...

Бұл ғаламнан емеспін...

Жадыра тағы да айқайлап, шошып оянды. Ел-жұрт маужырап тәтті ұйқыға кеткенде оның осылай үреймен оянуы бірінші рет емес. Оянып, артынша өң мен түстің арасында отырып, сандырақтауы да алғаш рет емес. Өз үйінде жатса да, көңілі алай-дүлей болып, аласапыран күйде жан-жағына алақ-жұлақ етіп әлдекімді іздегендей кейіп танытады. Түн жамылғанда осындай тосын әрекетін байқаған жақындары күйеуін тосатын шығар деп топшылаған. Бірақ екі баласымен төркініне жүгін жинатпастан жау қуғандай әкеліп тастаған Арманды іздеп жатқан Жадыра жоқ. Танауының тесігінен ұшып шыққан титтей жаны қасына Құдай қосқан қосағын алып келсе де, тыныштық таппайтын сияқты. Себебі оның ойы, оның әлемі – басқа. Жоқ, жұбайлық өмірде көлденеңнен келген көкаттымен көңіл жарастырып жолдасынан ажырап келген жоқ. Өзінің айтуынша, ол жер басып жүрген жалпақ жұртқа қарағанда «басқа әлемде» өмір сүріп жатқандай. Осыдан 27 жыл бұрын кіндік қаны тамған топырағын да туған жерім деп тебіренбейді, керісінше жат мекен деп сезініп кеткен. Басы жастыққа тиген бойда көретіні – «басқа әлем». Ол әлемге қалай, қашан тап болғаны беймәлім. Бірақ ол әлемді Жадыра болашақ деп сезініп, ал өзін болашақ пен өткен шақты байланыстырушы деп қабылдайды.
Бұл «қасиеті» Жадырада екінші баласын дүниеге әкелгеннен кейін пайда болды. Ата-енесі мен күйеуі босанғаннан кейінгі құбылыс шығар, басылар деп үміттенді. Бірақ оғаш қылықтары сәт сайын үдеп, жанын қоярға жер таптырмай, өзін ғана емес, жанындағыларды да тыпыршытты. Әсіресе, бір жастықты бөлісіп жатқан Арман тез қажыды. Жаңа босанған әйелінің сәбиін еміреніп, емізіп отырғанын көрудің орнына ол күндіз өң мен түстің арасында есеңгіреген, ал түнде белгісіз ­дауыстан сандырақтап, шошып оянған келіншегін көретін болды. Осындай әрекеті әбден мазасын қашырған соң әке-шешесінің сөзіне құлақ асып, Жадыраны төркініне әкеліп тастаған-ды. Қайтып келген қызды көрген көршілердің әңгімесі оның ата-анасының байызын қашырды. Ал Жадыра «басқа әлемін» әр түні шындық пен елестің аражігін ажырата алмай, әбігерге түсуі көбеймесе, азайған жоқ. Кейде ол түсінде көк аспанның айқара ашылып, ішінен алып көз шыққанын көрсе, енді бірде кең жайыла біткен жуан бұтақты ағаштарды көреді, бірақ ол жай ғана ағаш емес, құдды адам қолымен тұрғызылған зәулім бекініс сияқты. Қайда барса да осы бекініске тұмсығы тіреле бергенді тылсым күш осында шақырып жатыр деп ойлайтын. Бірақ ол бекіністің есігі бір ашылмай қоятын. Ал кейде жап-жарық жолда адамдардың үнсіз, бірақ бір-бірін қиналмай түсінісініп жүргенін байқап, таңырқайтын. Таңқалғаны – олардың көзі қан жылап тұратын. Осылай бірде ойда, бірде сайда жүрген түстерінен кейін Жадыра өзі білмейтін тілде сөйлеп оянатын. Ал күндіз балаларымен отырса да, кенеттен әлгі сөздер еріксіз тілінен шығып, өзі не айтып, не қойғанын түсінбей қалатын. Анасы бұны «қорқынышты түстен шошынып қалғансың» деп топшыласа, әкесі «бұл қызды жын қаққан» деп ашуланды. Бірақ Жадыра мұны ауру да, жын да емес, тағдырдың өзіне жүктеген тылсым міндеті деп түсінді.
Бұл түсінігі тағы бір түсі арқылы шегеленді. Ол түсінде тұмсығы тіреле беретін бекініс ашылып, ішінен ақ сақалды қария көрінді. Қария оған қарап тұрып: «Сенің міндетің – екі дүниенің арасын жалғау. Сен оянғанда ұмытып қалмауың керек. Бәрі уақыты келгенде ашылады» деді. Содан бастап Жадыра көрген-білгендерін дәптерге жазып, күнделік жүргізуді әдетке айналдырды. Қағаз бен қаламды серік еткелі жаны емделе ме деп ата-анасы үміт күтіп еді, алайда қызының қылығы құбылып жүргенін көріп су сепкендей басылды. Себебі Жадыра күнделік жүргізген сайын енді өзін анық тылсым күштің иесімін деп сезінді. Өз өмірі мен «басқа әлемнің» арасында шекара барған сайын жойылып бара жатқандай әрекеттері де адам шошытатындай өзгеріп кетті. Тіпті фәни өмірде жүрген тек тәні, ал жаны «басқа әлемде» жүргендей әсер қалдыратын. Аяқ астынан аяқ-қолы жансызданып, қолындағы кесесін де қалай құлатып алғанын, қалай бір орыннан екінші орынға барғанын аңғармай қалатын. Қарапайым ауыл үйлерінің арасынан әлдеқайда алыстағы, бірақ өзіне таныс «басқа әлемнің» бейнесін көріп қалатын. Тіпті қорадағы сиырдың көзінен де, көшедегі иттің ұлығанынан да тылсым дүниеден хабар келді деп қабылдайтын. Ауылда әңгіме тез тарайды емес пе? Осы оқиғаны естіген көпшілік Жадырадан сескеніп қалды. Ал анасы болса аһ ұрып, жүрегінің қайғыдан қарс айырылғанын ел-жұрттан жасырып әлек.
Біреулер «Ажырасқаны ауыр тиген шығар» десе, енді бірі «Ішіне жын кірген» деп өздерінше пайым жасайды. Енді біреулері Жадыраны ылғи «өлілердің басын күзетіп жүреді» деп жұрттың зәресін қашырды. Ал Жадыраға бәрібір еді, ол енді өзін «қос дүниенің арасындағы көпірмін» деп толық сенді.
Бір күні ол бұрынғыдан да өзгеше түс көрді. Бұл жолы түсі емес, дәл өңіндегідей өткелден өтті. Көзін жұмып ашқанша, өзі баяғы жазып жүрген «басқа әлемнің» ортасында тұрғанын көріп, қуанып кетті. «Демек, мен рас айтып жүр екенмін, мен жынды емеспін» деп бар дауысымен айқайлады. Алайда, ол да түсі еді. Осындай түнгі айқайы, сандырағы, таңертеңгі әлдебір түсініксіз сөздері күннен-күнге ата-анасының мазасын қашырды. Ақыры бір шешімге келіп, әкесі ауыл ақсақалдарымен ақылдасып, қызын молдаға апарып оқыту керек деп шешім қабылдады.
– Балам, бұлай жалғаса бермейді. Молдаға апарамыз. Құран оқытып, тазалатпасақ, сорымызға қаламыз! Жадыра селк етіп, орнынан ыршып түсті. Көзі шоқтай жанып, үні дірілдегенімен айқын естіліп:
– Жоқ! Ешқайда бармаймын! Сендер түсінбейсіңдер! Бұл – жын емес, бұл – менің әлемім, – деді. Анасы көз жасын сығып отырып:
– Қызым-ау, сені уайымдап ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болды. Сен бізден алыстап барасың, түс көрсең де, басқа әлемге кетсең де – ол жынның ісі емей немене? – деді. Жадыра үнсіз қалды. Үнсіз қалса ішінде алай-дүлей дауыл соғып тұр еді. Бір жағынан анасының мейірімі, екінші жағынан балалардың бейкүнә жүзі, ал үшінші жағынан күнде өзіне шақыратын «басқа әлем». Бірақ анасының да, баласының да махаббаты Жадыраның көңіліндегі күдікті сейілте алмады, керісінше түсінде, құлағына сыбырлайтын «тылсым күштер» мықтырақ болып шықты. Ол өзінің әрекеті арқылы «басқа әлемді» таңдайтынын тағы да байқатты. «Сендер түсінбейсіңдер, мен – басқамын, мен бұл әлемдікі емеспін, мен кетуім керек» деп өзінен-өзі айқайға басты. Мұны көріп жүрегі қан жылаған ата-анасы күштеп болсын молдаға апарып, дұға оқыту керек ойлады. Алайда жан-тәнімен қасарысқан Жадыра «мені тоқтатсаңдар екі әлемнің есігі жабылады» деп шыр-пыр болып айқайлады. Қасындағы адамдар оны күштеп ұстамақ болғанда шырқырап тұрған Жадыра жерге құлап түсті. Көзі шатынап, тілі күрмеліп, есінен айырылғандай болды.
Бірнеше күн бойы ол орнынан тұрмай, не сөйлеп, не ішпей, тек төбеге тесірейіп қарап жатты. Осыдан кейін ата-анасы да бөлмесінен ешқайда шықпау үшін есігін қатаң бақылауға алды. Түнде шошып оянса да қасына барып жұбатуға ешкімнің қауқары жетпеді. Біресе өзімізге қастандық жасай ма деп қорықса, енді бірде «түс – түлкінің тезегі» деп қабылдады. Ал аядай ауылда гу-гу әңгіменің нүктесі қойылмады. Имамдар мен көпті көрген кісілер «босанғаннан кейін ішіне жын кірген» деп айтса, енді біреулері шынымен қасиет қонған шығар, бәлкім дертімізге шипа берер емші шығар деп жақсылыққа жоруға тырысты.
Ал анасы мен әкесі ендігі кезекте қызының балаларын бауырына басып қамқорлығына алды, есіктің арғы жағынан Жадыраның даусы шықса болды елең етіп, жүрегінің сыздауы күннен-күнге артты. Ауыл-аймаққа хабар жіберіп, ең мықты деген молданы алдыруға да әрекет жасап жатыр. Бірақ Құранмен тазалаймыз деп қызымыздан айырылып қаламыз ба деген қорқыныш та жоқ емес. Ал Жадыра болса тірі адамнан гөрі елеске ұқсайтындай. Ол енді ешкіммен сөйлеспейді, ештеңеге араласпайды. Тек терезе алдындағы орындыққа отырады да, бейтаныс, бос дүниеге тесірейіп қарап «бұл – менің әлемім емес, менің әлемім – басқа» деп бір сөзді күнделікті қайталай береді.
Ауыл ішінде әртүрлі тұжырымдар болса да, Жадыраның шындығы әлі ашылмады. Тек көпшіліктің көкейінде бір ғана сұрақ жауапсыз қалды. Жадыра шынымен жынның құрбаны болды ма әлде екі дүниенің арасындағы өткелде мәңгілікке қалып қойды ма?

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
28 тамыз 2025 ж. 43 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№64 (9331)

26 тамыз 2025 ж.

№63 (9330)

23 тамыз 2025 ж.

№62 (9329)

19 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031