Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАРТТАРДЫҢ ТАМЫРЛЫҚ ТӘРБИЕСІ ҚАЖЕТ

ҚАРТТАРДЫҢ ТАМЫРЛЫҚ ТӘРБИЕСІ ҚАЖЕТ

Қалам ұшына іліккен тақырыпты бастамас бұрын Ибраһим Құнанбайұлының жиырма тоғызыншы қара сөзіне бір пәс көз жүгіртіп алсақ...
«Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.
Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол – ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек – ол арлы адамның ісі.
«Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.
«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?
«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны. «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек».
Міне, данышпан Абай мұндай надандықпен айтқан кей сөздерге осылайша кейіп, оның тікелей мағынасында қолдануға болмайтындығын айтқан. Келісу керек. Себебі осындай не адамға, не қоғамға пайда алып келмейтін сөздерді айтудың қажеті қанша? Қазақта онсыз да жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаратын қуатты сөздер көп емес пе?! Өзіміз күнделікті айтып жүрген «Жақсы сөз, жарым ырыс» деген мақалдың өзі, адамға жақсы сөзі арқылы да ырысын арттыруға болатынын жеткізіп тұрған жоқ па?
Дейтұрғанмен, біз пенделікпен үнемі жақсы сөйлеп яки ойлай бермейміз. Әсіресе, кісімен араздастық кезінде былапыт сөздің неше атасы айтылып, өзінің сөзін дәлелдеп қалу үшін жоғарыдағы тектес мақалдарды пайдаланып, сытылып шығудың сан түрлі әрекетіне барып жатамыз. Ежелден келе жатқан жер дауы мен жесір дауы бүгінмен бітіп қалмағыны анық. Қайта күн өткен сайын өршіп, тірі жетімдердің қарасы көбеюде. Статистикаға көз салсаңыз,отбасын тастаған еркек пен отағасын он баласымен тас­тап кеткен «көкек аналардың» көбейгенін байқауға болады. Осындайда үлкендер жағы шытынап сынғалы тұрған шаңырақ иелерін сабырға шақырып, екі жасты жарастырып жіберуші еді? Ал қазір керісінше татуластыруға, ақылдарын айтуға асықпайтын сыңайлы. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Керісінше күйеу баласынан сын, келінінен мін іздеп отыратындар бар. Енелер демекші, қазір жастардың ажырап-қосылуы, бақытты-бақытсыз болуы тікелей осы кісілер шешетін шаруаға айналған. Ондай енелерге қос құлынын екіге айырып, әп-сәтте шаңырақтарын ортасына түсіру түкке тұрмайды. Қайтып келген қызынан қымсынбастан «Ішіме сыйған қызым, сыртыма да сыйады» деп отыздағы келіншекті бауырына баса жөнеледі. Жалпы осы «Ішіме сыйған, сыртыма да сыйады» деген не тәрбие, не мағына жоқ ант ұрған сөз талай отбасының обалы болып отыр. Бұлай дейтініміз, соңғы жылдары кей аналар осы сөзбен өздерін жұбатып, қайтқан қызына осы сөзбен жанашырлық танытып жатқанын байқаймыз. Шаңырақты шайқалтып, ордасын ортасына түсіру ібілістің ең үлкен ісі екенін түсінсек, осындай керітартпа сөздерден арылатын уақытымыз жеткен секілді.
Қала берді бүгінгі күндегі ұрпақ тәрбиесіне үлгі-өнеге алатындай қасиеттері мол ата-әжелер білек сыбана кіріскендері жөн болмақ. Қазыналы қарттарымыз «Ағайынға қарап бала өсер, қарағайға қарап тал өсер» деген халық мақалының төркінінен сабақ алып жатса, бүгінгідей теріс қылықты жастарымыздың қатары сирей түсері сөзсіз.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
22 ақпан 2023 ж. 273 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930