Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ішіңе сыймаған, сыртыңа да сыймайды

Ішіңе сыймаған, сыртыңа да сыймайды

Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.
Әуелі «Жарлы болсаң, арлы болма» дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүрген құрысын. Егер онысы жалға жүргеніңде жаныңды қинап еңбекпенен мал тап деген сөз болса, ол - ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек - ол арлы адамның ісі.
«Қалауын тапса, қар жанады», «Сұрауын тапса, адам баласының бермейтіні жоқ» деген - ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп жүріп қорлықпенен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.
«Атың шықпаса, жер өрте» дейді. Жер өртеп шығарған атыңның несі мұрат? «Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол» дейді. Тәңірге жазып, мінбей-түспей арып, шөмеңдеп диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды?
«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны. «Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек.
Міне, данышпан Абай мұндай надандықпен айтқан кей сөздерге осылайша кейіп, оның тікелей мағынасында қолдануға болмайтындығын айтқан. Расындада осындай не адамға, не қоғамға пайда әкелмейтін сөздерді айтудың не керегі бар. Қазақта онсызда жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтаратын қуатты сөздер көп емес пе?! Өзіміз күнделікті айтып жүрген «жақсы сөз жарым ырыс» деген мақалдың өзі, адамға жақсы сөзі арқылы да ырысын арттыруға болатынын жеткізіп тұрған жоқ па? Дейтұрғанмен, біз пенделікпен үнемі жақсы сөйлеп, жақсы ойлай бермейміз. Әсіресе, екі кісі арасындағы араздастық кезінде былапыт сөздің неше атасы айтылып, өзінің сөзін дәлелдеп қалу үшін жоғарыдағы тектес мақалдарды пайдаланып, сытылып шығудың сан түрлі әрекетіне барып жатамыз. Қазақта әуелден бар жер дауы мен жесір дауы бүгінмен бітіп қалмағыны анық. Қайта күн өткен сайын өршіп, тірі жетімдердің қарасы артып жатыр. Статистикаға көз салсаңыз қалыңдығына «талақ» айтқандар мен отағасын он баласымен тастап кеткен «көкек аналардың» көбейгенін байқайсың. Неге екені белгісіз қазір, үлкендер жағы шытынап сынғалы тұрған шаңырақ иелерін сабырға шақырып, екі жасты жарастырып жіберуге асықпайтын секілді. Керісінше күйеубаласынан сын, келінінен мін іздеп отырады көп енелер. Енелер демекші қазір жастардың ажырап-қосылуы, бақытты-бақытсыз болуы тікелей осы кісілер шешетін шаруаға айналған. Ондай енелерге қос құлынын екіге айырып, әп сәтте шаңырақтарын ортасына түсіру түкке тұрмайды. Қайтып келген қызынан қымсынбастан «ішіме сыйған қызым, сыртыма да сыйады» деп отыздағы келіншекті бауырына баса жөнеледі. Жалпы осы «ішіме сыйған, сыртыма да сыйады» деген не тәрбие, не мағына жоқ ант ұрған сөз талай отбасының обалы болып отыр. Бұлай дейтініміз, соңғы жылдары кей аналар осы сөзбен өздерін жұбатып, қайтқан қызына осы сөзбен жанашырлық танытып жатқанын байқаймыз. Шаңырақты шайқалтып, ордасын ортасына түсіру Ібілістің ең үлкен ісі екенін түсінсек, осындай керітарта сөздерден арылатын уақытымыз жеткен секілді.
Иә, хәкім Абай қара сөзінде бабалар мұрасының бір парасындай болған қазақы мақал-мәтелдерді теріске шығарып, не болмаса мұндай мақалдар мүлдем айтылмасын дегеннен аулақ болғаны айқын. Дұрысы осындай екі жақты мағына беретін мақал-сөздерді адам өмірінде дұрыс қолданып, жөнімен сөйлеуге шақырғандай. Рас, Абай сөзіне тиек еткен бұл мақалдардың барлығын теңеу ретінде айтылғандықтан бізде бұндай мәтелдерді сол бағытта қолданғанымыз жөн. Қазақ ойшылының айтпағыда солай болса керек. Ал, ондай мақалдарды өміріміздің темір қазығы етіп, баба өсиетіндей қабылдайтын болсақ қателіктің үлкені де осы болмақ. Сөз соңында айтпағымыз теңеу мен тәрбиенің аражігін ажыратып, отау тіккен жастардың кішігірім жарасын мәңгілік дертке ұласып кетпеуін ойлағанымыз жөн.

Елдос Жүсіп
07 қаңтар 2018 ж. 1 461 0