Ауылшаруашылығы саласының сардары
Адамдарды күнде көріп жүргеннен кейін, өмір осылай өте береді, бәріміз бірге жүрміз-ғой, деп азаматтың қоғамдағы тұлғасына, салмағына мән бере бермейтініміз шындық. Тіршілік ету аясының тынымсыз қозғалыста болуы белгілі бір жайға тиянақты ой қорыту тек бұл фәни дүниеден өткесін ғана ол пендеге баға беруге тырысамыз, ой толғаймыз. Күні кешегі замандас бейнесін көз алдымызға елестетіп, сағыныш сезіміне жол беретініміз анық.
Біздер өмір сүрген қоғам, ата-бабаларымыздың арман-тілегінің орындалған кезі деп те айтып келеміз. Философияның тілімен сөйлеп, ой қорытсақ «...Бекерге шығаруды бекерге шығару...» заңдылығына сәйкестелетініміз сөзсіз. Заман ырғағына қарай ұйысатынымыз да сондықтан болар. Біз өмір кешкен жиырмасыншы ғасыр адамзат тарихында ерекше орын алатыны сөзсіз. Адамзат пендесі адам болып туылғаннан кейін барлығы бірдей тең өмір сүруге, материалдық игіліктерді бірдей бөлісуге құқылы деген идеяны басшылыққа алғанымыз шындық. Ал, сол материалдық игіліктерді қалай жасауымыз керек, қоғамның әрбір мүшесінің қосар үлесі қалай болуы керек? Осыларға жауап іздеген кезде әрбір адамның потенциалды мүмкіндіктерін іске қосудың негізгі шартын анықтап алу мақсаты тұрады.
Ал мен үшін Шиелі ауданында жиырма жылға жуық қызмет жасап, елді тануыма, өмірлік көзқарасымды қалыптастыруыма себеп болып негіз қалаған Орынбасар Биімбетұлымен қоян-қолтық он жыл бірге аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, әрі аудандық атқару комитетінің мүшесі ретінде жұмыс жасауым еді десем артық айтқандық емес. Сәл шегініс жасауға тура келеді. 1970 жылдың мамыр айынан бастап Қызылорда облыстық комсомол комитетінің насихат және мәдени-көпшілік жұмыстар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасауым облыстық партия комитетінің де қосымша тапсырмаларын орындауға да мүмкіншілік жасағанды. Ол кезде партия тапсырмасымен елге бару, елді - мекендер тұрғындарымен пікір алмасу, саяси –ахуалдық жағдайына баға беру, одан тиісті ой қорытып басшылыққа жеткізу абыройлы да жауапты міндеттер болып саналатынды. Ал менің облыстың оңтүстік аудандарына бірінші іс-сапарым Шиелі ауданына түскенін білемін.
Біздің бұл ауданға келу қарсаңымызда аудандық партия комитетінің бірінші секретары Ғафур Мұхамбетжанов көрші аудан – Жаңақорғанға сондай қызметке ауысыпты. Аудандағы саяси да, қарапайым ортаның әңгімесінің төркіні енді кім бірінші басшы болатынының айналасында екені даусыз. Бұл қызметке қырық жастағы жас жігіт, Социалистік Еңбек ері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, облыстық партия комитетінің бюро мүшесі,көп салалы облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы болып істеген, бұл қызметтердің алдында Жаңақорған ауданында бас мал дәрігері, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Сырдария ауданының «Бірінші май» совхозының директоры қызметін абыройлы атқарған Орынбасар Бәйімбетов келейін деп жатыр деген әңгіменің үстінен түстік. Қызмет жолын сараптамадан өткізсек өмір мектебінің барлық сатысынан өткен, елге танымал тұлға болып қалыптасып үлгерген, Сыр бойының да, Республикалық деңгейдегі саяси ортаның белсенді ойыншысы бола білген кадр екен деген ойда болғанымыз шындық еді. Міне, осы уақыттан бастап Шиелі ауданына менің былайғы өмір жолымның тікелей байланыста болатынын ол кезде айқын ажырата алмағаным шындық. 1973 жылдың 1 желтоқсаны күні аудандық комсомол конференциясында мені бірінші секретарлыққа сайлады. Табан астынан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы С.Н.Танекеевтің тапсырмасына сәйкес Шиелі ауданында қалыптасқан жағдайдан шығу мақсатында менің кандидатурамды ұсынғандарын конференция алдында ғана білдім. Міне осы кезден бастап Орекеңмен бірге аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде дамылсыз жұмыс істеу, іздену кезеңі басталды.
Менің өмірбаяныма толық қанық О.Бәйімбетов алғашқы күннен бастап ауданның ауылшаруашылығы саласымен жете танысуға зор мүмкіншілік жасады. Әуелі Сырдария совхозында партиялық тапсырма – аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде өкілдік қызметке қосты. Совхоз директоры облысқа белгілі азамат Әбубәкір Теміров ағамыз еді. Өмірдің ащы, тұщысын көрген барлық деңгейдегі басшылық қызметтерде болған, Қазалы ауданында өндірістік басқарма басшысы да, Шиелі ауданында ауылшаруашылығы өндіріс басқармасының бастығы орынбасарлығы қызметінде, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, Жаңақорған аудандық партия комитетінің екінші секретары болып жұмыс жасаған азулы басшы. Орекең болса ол кісіні жақсы сыйлайды, әрі түсіністікпен бір-біріне қарайтынын сеземін.
Енді бірде Қазақстанның 30 жылдығы совхозының директоры Өмірхан Жәрімбетов ағамен жұмыс істеуге тапсырмалар беріліп жатты. Әрбір берілген тапсырманы мүлтіксіз орындауға талпыныс жасаймын, әрі шаруашылықтардағы болып жатқан жетістіктері мен олқылықтарын да боямасыз баяндаймын. Бұл жерде өсек, әңгіме айту арқылы емес, мәселені шешуге қатысты келелі мәселелер қозғалатынды. Орекең болса мұқият тыңдап, соған қатысты мәселелерді шешуді шұғыл түрде жауапты мекеме басшыларына жеткізетінді. Шынын айтқанда өзімді Орекеңнің сенімді серігі есебінде санадым. Ол кісі де солай бағалайтынын білемін де. Уақыт өтіп жатты. Комсомол қызметіндегі жасымыз да шектеулі шекке жеткен, 28 жас. Ал менің жасым 29-да. Көп ойланды. Байқаймын, басқа жаққа жібергісі де жоқ. Облыстық партия комитетімен де ақылдасып жүргенін сеземін.
Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, мені аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне нұсқаушылыққа бекітті. Аудандық активте партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісінің орынбасары деп те хабарлама жасады. Бұл мен үшін абырой, қосымша жауапкершілік жүктеді. Комсомолдағы қызметімнің соңғы конференциясында өзім баяндама жасап, бюро мүшесі ретінде сайлағанда да Орекеңнің талапшылдығы ерекше болатын-ды. Шаруаның қыр-сырын жетік білетін, жалықпай шаруашылық аралайтын. Ол кісінің алдында есеп беруге келген әрбір шаруашылық басшысы үлкен дайындықпен келуге тырысатын. Кейде өзінің қасына ертіп алып та шығып, менің пікірлерімді тыңдайтын. Бұл кісінің маған деген үлкен сенімінің қалыптаса бастағанын білдім. Шаруаның барлық саласын меңгертуге ықылас танытты. Кадрларды тәрбиелеп, өсірудің арнайы мектебінен өтіп жатқанымды сезіндім.
Жаңалық атаулыны қолдау Орекеңе тән қасиет еді. Бірде ауданның бірінші басшысына келіп өз ойымды айттым. «Ыбырай Жақаевты осыншалық даңққа бөлеген «Қызылту» колхозының қазіргі «Ыбырай түбегі» деген жерді ешкім де білмейді. Сол жер Ыбекеңе екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алуына бірден-бір себепші болған қасиетті де, киелі орын. Неге сол жерге ескерткіш орнатпасқа?» деп ұсыныс айттым. Дәл осы ойымды құптағаны соншалық, «мен саған айтайын, осы ойды бір кездері Сұлтан Аманов та айтқан, демек ойға алған екенсің, бастаған істі аяғына дейін жеткіз» деп мақұлдады. Барлық іс оңынан туып, қара жерге ескерткіш орнату идеясы осылай туған еді.
Бұл жылдар аудан экономикасындағы үлкен серпіліс кезеңі еді. Сыр бойындағы күріш дақылының атын шығарып, «Жақаевшылар» қозғалысының отаны болған, бүкіл әлемге танымал екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың елінде әлі де инженерлік-жүйеге келтірілген егістік жер көлемі жоқ-ты. Бұл салада үлкен «өндірістік» шабуыл басталды десе де болады. «Главриссовхозстрой» тресінің бүкіл техникалары Шиелі өңіріне бет бұрды. Бұл әрине кеш те болса облыс басшысының аудан басшылығының ұсыныстарына сергектікпен қараған белгісі еді. Мал шаруашылығында мамандандыру процесі басталды. Жаңадан үш совхоз ұйымдастырылды. «Төңкеріс», «Коммунизм» колхоздарының қой фермаларының негізінде «Еңбекші» совхозы, Ленин атындағы, «Қызылту» колхоздарының қой фермаларының негізінде «Телікөл» совхозы, «Авангард», «Гигант» колхоздарының қой, жылқы фермаларының негізінде Қызылқұм қойнауын игеру мақсатында атақты жазушы, «Мың бір түнді» бірінші рет парсы тілінен аударушы Қалмахан Әбдіқадіровтың отаны Қарғалыда совхоз ашылды.
Ірі қара өсірушілер - ірі қара цехтары деп аталынып, негізінен күріш өсіретін алты шаруашылыққа ұйымдастырылып, бүкіл қой шаруашылығымен айналысатын орталықтарда мал бордақылау комплекстері салынды. Қаркөл өндірудің кешенді жоспарлары жасалынып, мал шаруашылығын жүргізудің ғылымға негізделген шаралары жүзеге аса бастады. Бәйгеқұм зонасында көкөніс-бақша өнімдерін өндірумен айналысатын арнайы «Бәйгеқұм» совхозы құрылды. «Шиелі» Жеміс-жидек» совхозының жұмысы бір жүйеге келтірілді. «Жансейіт» елді мекенінде аудандық мал бордақылау арнайы бірлестігі ашылып, мемлекетке ет дайындап өткізу жұмысы жолға қойылды. Ауданда республикалық Ы.Жақаев атындағы күріш өсірудің тәжірибе алмасу мектебі өз жұмысын одан әрі жалғастырды.
Аудан бір тұтас ауылшаруашылығы комплексіне айналды. Тынымсыз жұмыс істеу, уақыттың қалай өтіп жатқанына да назар аудармаған екенбіз. Ауданда шаруашылықтарды басқарудың жаңа мектебі қалыптасқандай болды.
Ауданның әлеуметтік, білім және денсаулық саласына айрықша көңіл бөлінді. Аудан орталығында аурухана құрылысы басталып, пайдалануға берілді. «Авангард», «Сырдария», «Қазақстанның 30 жылдығы» совхоздарының орталықтарында мектептер салынып, Шиелі кентінің орталығында бала бақша құрылысы аяқталып, іске қосылды. «Коммунизм», «Гигант» колхоздарында мәдениет үйлері салынды. Осы жұмыстардың барлығы дерлік Орынбасар Биімбетұлының басшылығымен атқарылған жұмыстар тізбесі еді. Бұл алып механизмді іске қосу, оның тетіктерін басқарудың кілті кімнің қолында екеніне тікелей байланысты еді. Ауылшаруашылық өндірісінің майталмандары Ануарбек Сапақовтың, Бәкір Тоқбаулиннің, Өмірхан Жарымбетовтың, Рахмет Нүрекеевтің, Әубәкір Теміровтың, Жағыпар Рысмановтардың еңбектері жоғары бағаланып, зейнетке шықса, олардың орындарына жаңа ауылшаруашылығы өндірісінің мамандары жіберілді. Ленин атындағы колхозға төраға болып Төлес Аппазов, «Коммунизм» колхозына – Жолдыбай Ақмолдаев, «Төңкеріс» колхозына – Нағымет Қозайдаров, «Гигант» колхозына – Сәдуахас Рсымбетов, «Қызылту» колхозына – Қазыбек Оспанов, «Шиелі жеміс – жидек» совхозына – Мұхит Исмаилов, «Авангард» совхозына – К.Хван, «Сырдария» совхозына – Ыдырыс Оразов, Оразбек Молдабеков, Тәжіков Каналбек, «Телікөл» совхозына – Жұмат Бақтыоразов, «Қарғалы» совхозына – Емел Бәкіров, «Еңбекші» совхозына – Үпілмәлік Мырзахметов, Жамалхан Баетов, «Қазақстанның 30 жылдығы» совхозына – Жақсылық Ахметов, «Бәйгеқұм» совхозына – Киікбай Исмаилов жіберілді.
Ал Ленин атындағы колхозды он сегіз жыл басқарған Әзімхан Исмаилов Шиелі аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағалығына ұсынылып, абыройлы қызмет атқарғанын білеміз. Аудан кадрларын іріктеу, орналастыру, басшылық қызметке тағайындау ретімен жүргізіліп жатқанына да куәгермін. Аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып Жалағаш ауданынан Қален Әбдешов келсе, аудандық атқару комитетінің орынбасарлығына Бибіжан Жаукебаева ұсынылып, аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары болып Пірмаханов Махаш тағайындалды, Зермұхамедов Жағыпар аудандық білім бөлімінің меңгерушілігіне бекітілді. Партия, кеңес қызметінің майталманы, Отан соғысының ардагері Мәлібек Санаубаев ағамыз, Қалдыбек Сүгірбаев, Меңлібай Кенжебаев, Үпілмәлік Мырзахметов, Ақылбек Сматов аудандық комитеттің бөлім меңгерушілері болып бекітілсе, Жиенбек Молдабеков ағамыз аудандық мәдениет бөлімін басқаруға жіберілді. Аудандық партия комитетінің нұсқаушылары колхоз-совхоз партия комитеттерінің хатшылығына жіберіліп, аппарат толығымен жаңа жас кадрлерге толықтырылды.
Уақыт талабына сәйкес көптеген кадрлердің орын ауыстырулары үздіксіз жүргізілді. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрге сай аудан кадрлері басқа аудандарға қызмет бабымен ауысып жатты.
Аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып қызмет атқарған Жолдасбек Ердешбаев Қазалы аудандық атқару комитетінің төрағалығына ұсынылса, «Қазақстанның 30 жылдығы» совхозының директорлық қызметін атқарған Ибаш Байхожин облыстық «Риссовхозстрой» трестіне қарасты совхоздар басқармасына басшылық қызметіне ұсынылып, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Николай Ким Қызылорда қаласындағы ет комбинатына директор болып тағайындалды, Қызылту колхозының бас агрономы Сейілбек Асқаров Тереңөзек ауданының «ХХІ партсьезд» совхозына директорлыққа ұсынылды. Ондай ұсыныстар өзімізге де келді. Әрдайым Орынбасар Биімбетұлының келісімімен, қамқорлығымен болып жатқаны айдан анық. Оңаша кездесуде Орекеңе айтам, осы демалысқа сіз қалай кетесіз, дәл солай облыстық партия комитетінен ұсыныс түседі. Бірде Тереңөзек аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөліміне меңгерушілікке, екінші де Ленинск қалалық халықтық бақылау комитетінің төрағалығына ұсыныстар болған-ды, әрдайым қолдау көрсетіп келді. Бірақ демалыстан келісімен бұл өзгерістерге келісім бермей, жоғары басшылыққа өзі шығып тоқтатып отырды. Оның да себептерін айтатын-ды. Шиелі ауданында жиырма жылға жуық қызмет атқарып, он жыл Орекеңмен бірге аудандық партия комитетінің бюро мүшелері ретінде әріптес болып, кадрлік резервтерге қалай қойылдым, сол қызметтерді түгелдей атқарып, сенімнен шықтым деп ойлаймын.
Орекең болса, ауданда атқарған қызметіне лайықты мемлекет тарапынан жоғарғы мадақтау шараларының иесі де атанды. Қазақ ССР Жоғары Советінің депутаты да, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің мүшесі де болып сайланды. Өзінің өмір жолында абырой биігіне көтерілген Сыр бойының айтулы тұлғасы болып тарих бетінде қалған азамат. Жаңақорған ауданының ғасыр адамы да атанды. Өмір өзен сияқты ағып өте шығады, кейінге бұрылып та қарамайды. Өткен шаққа сын айтушылар да табылады, себебі жұрт өзінің көрген-білгенін, естігенін адам ретіндегі табиғи жаратылысының деңгейінде ғана тұжырым жасап, қабылдайды. Бұл өмірдің заңдылығы, солай қалыптасқан, өз жалғасын таба беретіні сөзсіз құбылыс.
Орынбасар Бәйімбетов ағам туралы естелік жаза отырып, өмір шындығынан алшақтамауға талпыныс жасадым. Себебі, өзіме қамқорлық жасаған, әрдайым қолдау көрсеткен, өмірден озған азаматқа ескерткіш ретінде қалдырған ойлар тұнбасы еді.
Иә, Орекең батыл шешім қабылдайтын, ауылшаруашылығы саласының білгір маманы, саяси ұйымдастырушысы да бола білген әрі Сыр бойының талантты азаматтарының бірегейі еді.
Сайлаубай Әбішев,
бұрынғы Шиелі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің хатшысы, Ленин атындағы колхоздың төрағасы
бұрынғы Шиелі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің хатшысы, Ленин атындағы колхоздың төрағасы