АБАЙ МҰРАСЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ӨМІРЛІК БАҒДАРЫ
Биыл барша ел болып, қазақ ұлтының біртуар перзенті, данышпан ағартушы, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өткелі отырғанымыз белгілі.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуын атап өту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарыққа шықты. Аталған мақалада қазақ қоғамының рухани өмірінде, ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше тұлғаның өмірі мен шығармашылығының мәні кеңінен сөз етіледі.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толуын атап өту жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Егемен Қазақстан» газетінде «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарыққа шықты. Аталған мақалада қазақ қоғамының рухани өмірінде, ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше тұлғаның өмірі мен шығармашылығының мәні кеңінен сөз етіледі.
Мемлекет басшысы өз мақаласында Абай мұраларының қазіргі қоғамға қаншалықты қажет екендігін айтады. Абай өмір сүрген заман мен қазіргі уақыттағы адамдардың сана-сезімі, ой-өрісі, өркениеттік даму деңгейі әр түрлі болғанымен, ұлы ойшылдың өз туындылары арқылы болашақ ұрпаққа жеткізбек болған ойлары бүгінгі күні де өз құнын еш жоғалтқан емес.
Ақын өз шығармаларында адами қасиеттерді қозғай отырып, жаман әдеттерден арылу, жақсы қасиеттерге ұмтылу қажеттігін түсіндіреді. «Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз…» деп толғанған Абай адам болудың қағидаттарын ұсынады. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым секілді нәрселерге асық болып, өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекерге мал шашу секілді кесірлерден алыс болуға шақырады. Күллі адамды қор қылатын надандық, еріншектік, зұлымдық мақтаншақтықпен күресіп, ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек секілді қасиеттерге ұмтылу қажеттігін көрсетеді. Осылайша кемеңгер Абай
«Ынсап, ұят, ар-намыс, сабыр, талап,
Бұларды керек қылмас ешкім қалап.
Терең ой, терең ғылым іздемейді,
Өтірік пен өсекті жүндей сабап.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек»
деп толық адамның бейнесін ашады. Адам баласы осы үш қасиеттің басын қосса, оны үлкен әлеуметтік ізгі күшке айналдыратын ғылым деп пайымдайды. Сөйтіп ғылым-білімді махаббатпен көксегенде ғана нағыз адам болатынын жеткізеді. Абайдың тереңдігі сол діни таным мен қоғамдық сананы, ғылым мен білімді, ұлттық құндылықтарды шебер сабақтастырып, барша жұртты «адам болуға» үндейді.
Абай нағыз адамды білімділік, ақылдылық, біліктілік, ғылымсүйгіштік қасиеттер анықтайды деп тұжырымдайды. Адамшылықтың мұратына жетудің негізгі құралы шығармашылық ойлау, екінші шарты еңбек деп түсінеді. Абайдың айтуынша, еңбек – адам болмысының айнасы, өмір сүру құралы. Ал ғылымды игеру, тану, білімді болу маңдай тер мен тынымсыз еңбек арқылы келеді.
Назира Төлешова