Білімді ұрпақ сөндірмес, Абай жаққан сәулені
Биыл тәуелсіз қазақ елінің тарихында ерекше жыл яғни, ұлы ақын, жазушы, ойшыл Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толмақ. Оның әр мерейтойын жыл сайын атап өтудің өзі рухани мәдениетімізді байытатыны сөзсіз. Өйткені, ұлы бабаның шығармасындағы жаңа идеяны, жаңа білімді танып, оның ойшылдығының тереңдігіне, ұшқырлығына, қалдырған қара сөздерінің өзектілігіне осы күндердің өзінде-ақ таңғаламыз.
Хакім Абайдың шығармашылығын оқушыларға тереңінен түсіндіру мақсатында №49 қазақ орта мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары Э.Сүлейменованың бастамасымен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты іс-шара өтті. Аталған шараны қазақ тілі мен әдебиеті пән бірлестігінің мүшелері Н.Дүкенбаева, Б.Сұлтанова, А.Серікқызы, Ж.Дарібаева, Н.Байтөре, А.Қамбарова, М.Дүйсебек, Ш.Құдайбергенов ұйымдастырды. Әуелі 5-7 сынып оқушылары арасында «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» тақырыбында танымдық сабақ өтті. Оған мектептің түлектері, Абай оқулары байқауларының жеңімпаздары Қ.Тоқтан, Г.Асанбекова, Е.Пак қатысып, ұлы ақынның туындыларын талқылады. Сондай-ақ 8-10 сынып оқушылары арасында квест ойыны ұйымдастырылып, Абай туралы тың деректерге қанықты. Нәтижесінде сынып жетекшісі Ж.Биназарова бастаған 9 «А» сыныбы бас жүлде, Ш.Абсұлтанованың 10 «Б» сыныбы І орынды алды. Ал ІІ орын Ә.Байжанованың 8 «А» сыныбына бұйырса, Қ.Муса жетекшілік жасайтын 10 «А» сыныбы ІІІ орынды місе тұтты. 9-8 «Б» сыныптары алғыс хатпен марапатталып, белсенділік танытқандары үшін бағалы сыйлықтар берілді. Абай – қазақ поэзиясын тоты құстай түрлендіріп, жаңа сатыға көтерген қаламгер. «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деп ақиық ақын Мұқағали жырлағандай ұлы тұлғаның өмірі мен өнеріне шолу жасаған оқушылар «Абай ауылы» атты көрменің кереметін де тамашалады. Оқушылардың таным көкжиегін кеңейтіп, түрлі тәсілмен қызығушылығын оятқан шара жоғары дәрежеде өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы еліміздің тарихын құрметтеу, оны асқақтату мақсатында жарық көрді. Бүгінгі күні еліміздің үштен бірі отызға толмаған жастар десек, Президенттің осындағы мақсаты жастарды, еліміздің болашағын ұлттық негізде тәрбиеленуіне бағыт беру, ғылыммен айналысуға жағдай жасау екені даусыз.
Гүлнәр Дүйсебай