МОЛШЫЛЫҚ НЕГІЗІ – БҮГІННЕН

Басына бұлт қондырған, баурайына жұрт қондырған, жапырағына шыт, топырағына Құдай құт қондырған киелі мекен Шиелі ауданына 15 шақырым қашықтықта орналасқан Ақмая ауылының ажары күн санап артып, бүгінгі ахуалы ауыз толтырып айтарлықтай. Іргетасы 1937 жылы қаланған ауылдық округтен еңбегімен еленген ерлер де, қаламымен халық қамын толғаған ақын-жазушылар да шыққан.
«Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі». Бабадан қалған бұл нақыл бүгінде өз өміршеңдігін жойған жоқ. Еңбектену қашанда береке мен ризықтың бастауы. Ал адал кәсіп жасау – адам болмысының туған жер, өсіп-өнген өлкесіне деген азаматтық ұстанымын қалыптастырады. Қашанда елім деген азаматтың ертеңі жарқын, болашағы айқын. Мұны өмірдің өзі дәлелдеуде. Яғни, елінің үмітін, халқының сенімін арқалаған арда азамат қана тығырықтан тарықпай шығып, тындырымды тірлігімен биік белесті бағындырады. Кеше тілшілік тіршілікпен қайнаған еңбектің қайнар көзіне айналған «Ақмая» шаруа қожалығының ерен еңбегіне зер салмақ ниетте редакциямыздың фото тілшісі Бақытжан Бәйімбет, редакция жүргізушісі Балтабай Дастан үшеуміз жолға шықтық. Бағытымыз – тіршіліктің тайқазаны қайнап, құт дарыған – Ақмая ауылы. Хакім Абай Құнанбайұлы төртінші қара сөзінде «Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» дегені бар. Осы өміршең өсиетті ұран етіп, жер төсінен талай жыл несібе айырып жүрген шаруа қожалықтың бүгінде шаруасы ширап, астық өндіруде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Дана халқымызда «Еңбек – адамның екінші анасы», «Еңбек – ерлікке жеткізеді, ерлік – елдікке жеткізеді», «Еңбегі аздың – өнбегі аз, еңбегі көптің – өнбегі көп» деген тәмсілді сөз бар. Асылында, адам баласын еңбек өсіреді. Адамның көзін ашқаннан бастап, белі бүгілгенге дейінгі аралықтағы өмірі тұтастай еңбек етуге, саналы ұрпақ тәрбиелеуге, ұрпағына тәлімтәрбие мен жан-жағына үлгі-өнеге қалдыруға құрылады екен. Жоғарыда айтақанымыздай, бақуатты тұрмыстың кілті – еңбекте. Абай атамыз «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген. Сол сияқты әр адам өзінің қалаған мамандығын таба білсе, еңбегі жанады, сол жолда бақытқа, құрметке бөленеді, еңбегінің жемісін жейді. Мақаламызға арқау болатын «Ақмая» шаруа қожалығына «Құрмет» орденінің иегері, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков төрағалық етіп, тірлігін түлетіп отыр. Іскерлігі өз алдына бір төбе, азаматтығы бір төбе Дәулет Егембергенұлының жасап жатқан игі ісіне куә болып, ризашылық танытқан ауылдастары әрдайым тілеулестік білдіріп отырады. Ауыл үлкендерінің айтуынша ата-анасы марқұм Егемберген әкеміз бен Балтагүл анамыз соғыс уақытында туған, одан кейінгі ел ауыртпалығын бала күнінен көріп өскен, жоқ пен бардың қадірін түсінетін жандар болған. Егемберген әкей жастайынан қарапайым жұмыс істеп, механизатор болып еңбек еткен. «Әке көрген – оқ жонар, Шеше көрген – тон пішер» демекші, Дәулет Жұмбеков те алғашында «Ақмая» шаруа қожалығында қатардағы қарапайым жұмысшы болып бастап, кейіннен комбайн жүргізушісіне көмекші, одан соң өзі К-700 тракторын жүргізген. Сол уақытта тиянақты тірлігін бағамдаған басшылық оны шаруашылықтың автогараж меңгерушілігіне тағайындаған. Содан бері үздіксіз ізденіс пен жұмысына деген жауапкершілігінің арқасында шаруа қожалықтың басшысы болып сайланып, ел ырысын еселеуге тынбай үлес қосуда. Ел арасында атымтай жомарттығымен танылған азамат Ақмая ауылының көркеюіне айрықша атсалысып келеді. Сондай-ақ қайырымдылық шараларынан да кенде қалған емес. Аз қамтылған отбасыларға үнемі қолдау білдіріп келеді. Осы кезге дейін қарамағындағы 4 жұмысшыға баспана кілтін табыстады. Ал үздік өнім жинап, озат атанған диқандарына, күрішші, мұрап, механизаторлар мен бригадир, тасымалдаушы шоферлеріне жыл сайын жаңа көлік пен ақшалай сыйақы табыстауды дәстүрге айналдырған. Бүгінде шаруа қожалық егін шаруашылығы мен мал шаруашылығын мықтап қолға алған. Екеуі де иық тіресіп бірге жасасып, бірге дамып келеді. Қожалық есебінде 180 бас ірі қара бар, сауылған сүтті Шиелідегі «Аруана» сүт өнімдерін өндіретін серіктестікке өткізіп келеді. Шаруашылық төрағасы биыл ауыл фермасына тағы да 100 бас сауын сиырын қоспақ ниетте. Бұл – сүт өнімін арттыруға және асыл тұқымды төл басын көбейтуге жасалынатын маңызды қадамның бірі. Төрағаның айтуынша, шаруашылық бүгінге дейін құны 2 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланып келеді. Сондай-ақ күріш алқабына тыңайтқыш пен түрлі дәрумен беруде арнайы алынған екі дрон пайдаға асып тұр. Бұл заманауи құрылғылар егістікті арамшөп басудан сақтап, түрлі өсімдік ауруларынан қорғайтын дәрі де шашады. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ұжымда 100 адам еңбек етеді. Барлығы дерлік тәжірибелі мамандар. Соңғы жылдары шаруа қожалық жастарды көбірек жұмысқа тартуда. Олар заманауи техника тілін тез меңгеріп, жұмыстың ілгері жылжуына атсалысуда. Ең бастысы, көкіректерінде елге деген, ауылдың дамуына деген жанашырлық сезімі сайрап тұр. Теміртұлпардың тұмсығын әуелі қырманға қарай бұрдық. Мұнда мезханизаторлар күзгі жиын-терімге техникаларын сайлап, дөңгелектерін майлап, қызу тірлікке кірісіп-ақ кеткен. Бірі алып комбайнның үстінде, енді бірі трактордың астында көліктерін тексерістен өткізуде. Сондай-ақ осы қырман алаңында орналасқан Күріш ақтау зауытының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ауылға арнайы келген екі қытай азаматы станоктарын орналастырып, уақытылы іске қосу үшін бар күш жігерлерін салып жатыр. Одардың жанында шаруашылықтың білікті электригі Еркін Шілдебаев және тағы да басқа мамандар тәжірибе алуда. Себебі құрылыс жұмыстары толық аяқталып іске қосылғанда, күріш ақтау зауытының жұмысын әрі қарай осы азаматтар жүргізетін болады. Соңғы жылдары «Ақмая» ша - руа қожалығындағы ауыл шаруашылығы машиналарының 90 пайызы жаңартылған. Барлығы шетелдік озық үлгідегі, заманауи техника. Суды үнемдеу мақсатында жерді лазерлі тегістеуден өткізетін техникалардың да қатары толығып, жаңадан сатып алынған. Шаруашылықтың үздік механизаторлары Бейсенбей Жұмабаев, Бегдос Есмұратов, Досбол Абдраманов, Алтынбек Бекжігітов сияқты білікті мамандар абыройлы еңбек етіп, бейнеттерінің арқасында жаңа автокөлікті сыйға алған. Осынау алып техникалардың тілін тез меңгеріп, жұмыстың жүйелі жүруіне үлес қосып келе жатқан жас маманның бірі – Мақсат Берікбайұлы. Оның осы шаруа қожалыққа жұмысқа орналасқанына биыл 10 жыл толды. Мектеп бітірген соң Отан алдындағы борышын аман-есен абыроймен атқарып келіп, осында жұмысқа орналасады. Еңбекқорлығымен, тындырымдылығымен аудан көлемінде ауызға ілініп үлгерген жас механизатор әке жолын жалғауды мұрат еткен. – Әкем де осы шаруашылықта қызмет атқарған. Мен де солардың ізімен қазір ауылда қалып, еңбек етіп жүрмін. Бүгінде жастардың көбі ауылдан жыраққа кетіп, табысты сырттан тапқысы келеді. Бірақ барлығы бірдей ауылдан кетсе, бабамыздан қалған берекеге кім ие болмақ? Оның үстіне қазір ауылымызда жағдай жасалған. Мектеп, аурухана, балабақша бәрі бар. Жұмыс істеймін деген адамға көзі табылады, – деді Мақсат Ибрагимов. Сонымен қатар Досымжан Асқарбайұлы да – ауылдан жырақтап кетпей, шаруашылыққа өз үлесін қосып жүрген жас маман. «Жас келсе – іске» демекші шаруа қожалықтағы ең жас механизатордың жасы – 18-де. Жас та болса өзгелермен иық тіресіп еңбек етуде. Еңбегіне сай жалақы алып, ата-анасына жәрдемдесіп жүр. Бұны да қазіргі жастарға үлгі етіп айтуға әбден тұрарлық. Сыр елі – алтын дәні Ақмаржанымен дүйім жұртқа танылған киелі мекен. Жері құнарлы да қасиетті. Тамшы да тама-тама көл болатыны секілді шағын істің де берекесі бар. Еткен еңбегімізге қарай еселі ризығымыз бар. Біздің келесі бағытымыз «Ақмая» шаруа қожалығына тиесілі егіс алқабы. Шаруашылықта жалпы 2 426 гектар жер бар. Биыл оның 1240 га жеріне негізгі өнім күріш егілген. Ал 300 га жерге бидай, мал азығы жоңышқа 700 га жерге орналастырылған. Сондай ауыл тұрғындарына және зейнеткерлеріне қажетті өнімдерін егу үшін көктемде 260 га гектар жер берілген. Егін даласына жеткен сәтте алдымыздан «Ерен еңбегі үшін» медалінің, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері, күріш бригадирі Гүлсім Дәрібаева қарсы алды. Ол – «Ақмая» шаруа қожалығында 40 жылдан астам уақыт бойы ер азаматтармен иық тіресіп, қарапайым жұмысшыдан күріш бригадасының басшысына дейінгі жолдан өтіп, мол тәжірибе жинақтаған маман. Жылда қамбаның алтын астыққа толуы үшін тынбай еңбек етіп жүрген еңбек майталманы. Бүгінде ол ауыл шаруашылығы саласында жинаған мол тәжірибесін жастарға үйретіп, еңбексүйгіштікке баулып келеді. – Күріш егу оңай емес. Баланы қырқынан шығарғандай, қырық күнге дейін мәпелемесең, азанда-кешке суын тексеріп, тереңдігін қарамасаң болмайды. Күрішке жақсы күтім болғанда ғана мол өнім береді. Сондықтан әріптестеріммен бірге үнемі бақылауда ұстап, тиісті жұмыстарды дер кезінде жүргізіп келеміз. Мен өз ұжымыммен мақтанамын. Ұжымда жасы 70-тен асқан Пак Герасим деген зейнеткер ағамыз бар. Екі рет озат болған. Сәулебек Әлтаев деген ағамыз бар. Бүгінге дейін күріш егіп, нәтижелі еңбек етіп келе жатыр. Ол кісі де чемпион болды, – дейді ол.
Қамданған қапы қалмайды
Бұл сөздің парқын жер емген шаруалардан артық ешкім білмес. Өйткені жомарт деген Жерана да ырзықты пенденің еткен бейнетіне қарай беретіні белгілі. Диқандар қауымының дала төсіндегі күйбең тірлігі жеңіл болмайтынын Ақмая ауылындағы шаруаларымен жүздескенде тағы бір ұғындық. Ең бастысы, алажаздай еткен еңбек, төккен тер ақталып, күзде елдің ырысы еселеніп, қамбамыз қызылға толсын дейміз. Осылайша аядай ғана ауылдың атшаптырым алаңын молшылық майданына айналдырған диқандардың еңбегіне куә болып, редакциямызға қайта оралдық.
Мейіржан ИБРАГИМОВ