АБАЙДЫ БӘРІ ОҚИДЫ, БІРАҚ КІМ ШЫН ҰҚТЫ?

Шетелде Абай – мәдени бренд
Бүгінде Абайдың бейнесі шетелде ерекше құрметке ие. Франция, Иран, Түркия, Ресей, Қытай, АҚШ, Египет секілді 18 елде Абайға арнап ескерткіштер қойылған. Бұл елдерде Абай тек қазақтың емес, әлемдік деңгейдегі ойшыл ретінде бағаланады. Мысалы, Париждің төрінде Абайдың мүсіні тұр. Тегеранда – саябақ ішінде мүсіні қойылған. Мәскеуде әдеби бұрыш, Эрзинджан қаласында Абай көшесі бар. Бұл дегеніміз – құрметтің, танудың, насихаттаудың белгісі. Сонда Абайды өзгелер танып, құрметтеп жатқанда, біз өз жерімізде қаншалықты лайықты деңгейде насихаттап жүрміз?
Ал бізде ше?
Қазақстан бойынша Абайға арналған 30-дан астам ескерткіш бар. Алматы, Астана, Қарағанды, Семей, Түркістан сынды ірі қалаларда ғана емес, шағын өңірлерде де ұлы ақынның бейнесі мен есімі сақталған. Бұл – ұлттық рухымыздың айғағы, Абайдың мәңгілік мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жететініне сенім ұялататын белгі. Бірақ осы ескерткіштер мен құрметтің рухани мазмұны барлық жерде бірдей сезіле ме? Шиелі ауданы да Абайды құрметтейді. Мұнда деректер бойынша, 21 көше Абай атында, №50 мектептің аты да ұлы ақынға арналып қойылған. Дегенмен, Абайдың мұрасы тек атаумен шектеліп қалмауы тиіс. Оның ойы мен рухы біздің күнделікті өмірімізде көрініс табуы керек. Қазіргі таңда Шиелі ауданында Абайдың мүсіні немесе арнайы әдеби бұрышы, мәдени кешені жоқ. Құрмет тек атау немесе ескерткішпен шектелмеуі керек, ол – рухани біртұтастық пен мәдени ортада тіршілік етуі қажет. Біздің міндетіміз – Абайдың ізінен жүріп, оның терең ойларын ұрпаққа ұдайы жаңартып жеткізіп, бүгінгі өмірімізге сіңіру.
Не істеу керек?
Абайды құрметтеу – тек оның есімін көше аттары мен мектептерге беру немесе өлеңдерін жаттау емес. Бұл – ұлы ақынның шығармашылығын қоғамның рухани дамуына қызмет етуге бағыттау, оның идеяларын күнделікті өмірде іске асыру. Абайдың айтқан терең сөздері тек құрғақ сөз болып қалмай, өмірге енгенде ғана оның мәні толық ашылады. Егер біз Абайды шын мәнінде құрметтегіміз келсе, онда оның мұрасын қоғамның барлық саласына енгізу керек. Бұл үшін мынадай бірқатар шараларды жүзеге асыру қажет. Мысалы, аудан, мектеп, кітапхана ішінде «Абай бұрышын» ашу. Әрбір ауыл, әрбір мектеп пен кітапханада Абайдың мұрасы мен шығармашылығын таныстыратын арнайы бұрыштар болуы тиіс. Мұндай бұрыштар ұлыларымыздың сөздерін, өлеңдерін, қара сөздерін жинақтап, жастарға рухани тәрбие беретін орынға айналуы тиіс. Бұл оқушылар мен жастарға Абайдың шығармашылығын тек оқулықтан емес, өмірден көріп, тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан жастарға арналған «Абай оқулары», эссе байқаулары, пікірталас клубтарын ұйымдастыру. Абайдың философиясын тек жаттау мен сөзбе-сөз айту ғана емес, оны тереңірек түсініп, талқылау керек. Осы орайда, жастар арасында Абай оқулары, эссе байқаулары, пікірталас клубтары ұйымдастырылса, жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтетін және шығармашылық қабілетін дамытуға үлкен ықпал етер еді. Мұндай шаралар Абайдың идеяларын жастардың санасына сіңірумен қатар, олардың жеке тұлғалық дамуына да үлкен әсер ететін еді. Келесі «Абайдың қара сөздерімен тәрбиелеу» жобасын іске қосу. Егер біз дана ойшылдың қара сөздерін күнделікті өмірде тәрбие құралы ретінде қолданатын болсақ, бұл ұрпақтың рухани, адамгершілік дамуына зор үлес қосар еді. Мәселен, әр мектепте арнайы дәрістер немесе жобалар ұйымдастырылып, Абайдың қара сөздерімен тәрбие беру жобасы іске қосылса, жас ұрпақтың бойында адалдық, еңбекқорлық, құрмет пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттер қалыптасар бәлкім?! Абайдың идеялары тек сөздермен шектелмей, қоғамның барлық саласына еніп, әрбір адамның жүрегіне жол табуы қажет. Абайды құрметтеу – оны тек атаумен ғана емес, оның ойларын өмірге енгізу арқылы көрініс табуы қажет. Ол біздің өміріміздің көркем де мәнді негізіне айналуы үшін осы шаралар мен жобалар жүзеге асуы тиіс. Сонда ғана Абай тек құрмет объектісі болмайды, ол – қоғамымыздың рухани бағдаршысы, ішкі жан дүниеміздің мазасыз сұрақтарына жауап алуға жетелейтін нұсқаушыға айналады.
Айнұр ИБРАШЕВА