АҚЫЛЫ АБЫСЫНДАР: ДАСТАРҚАННЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

«Ақылы абысындар» деген кімдер? Сіз мұндайды естіп пе едіңіз?! Қазіргі заманда қонақ күту дәстүрі көбіне кәсіби қызметке айналып кеткен. Әлеуметтік желілерде «ақылы абысындар» деген жаңа термин жиі кездеседі. Олар – дастарқан жайып, түрлі шараларға тапсырыс қабылдайтын кәсіби қызмет көрсетушілер. Бұрынғыда үйдегі әйелдер қонаққа ас әзірлеп, дастарқан жайып, жақындарының көңілін табу үшін жұмыс істейтін болса, қазір бұл қызмет ақылы түрде көрсетіледі. Үйде дастархан жайып, ас әзірлеу бизнеске айналғандай. Сонда дастарқанның құны қанша? Бұл қызметтің ерекшелігі – дастарқанның бағасы метрмен есептеледі. Мысалы, 10 метрлік дастарқан жайып, қонақ күтсеңіз, 200 000 теңгеден басталады. Бұл – тек дастарқанды жайып, азық-түлік әзірлеу ғана емес, оған арнайы дизайнерлік үстелдер мен безендіру, қызмет көрсету секілді толыққанды қызметтер ұсынылады. Ал егер сіз үстелді ерекше тағамдармен толтырғыңыз келсе, мысалы, уылдырық, ысталған балық немесе десерт қосқыңыз келсе, бағасы одан да жоғары болады. Қазіргі заманның талаптары мен қажеттіліктері өзгерген сайын, бұл қызметтің бағасы да арта түсуде. Көптеген жас келіндер қонақ күтуді жауапкершілік деп емес, жеңіл табыс көзі ретінде қабылдай бастады. Бұның артықшылығы мен кемшіліктері қандай? Бір жағынан, бұл кәсіп өзінің қолайлылығы мен тәжірибелік тұрғысынан тартымды. Нарық жағдайында әркім өз қаржысын табудың амалын іздейді. Бірақ осындай қызмет түрлерінің көбеюі, ұлттық дәстүрдің көрінісі саналатын қонақ күту рәсімдерінің мәнін жоғалтып жібермей ме? Бұрынғыдай бір үйдің келіндері мен абысындары бірігіп дастарқан жайып, жан ашырлықпен қонақ күтсе, қазір бұл жұмыс кәсіби тұрғыда орындалады. Қонаққа күтім көрсету мәдениетінің өзгеруі, бір жағынан, бізге уақыт үнемдеуді үйретіп жатса, екінші жағынан, қоғамның ішкі бірлігін, үйдегі береке мен ынтымақтастықты әлсіретіп жіберуі мүмкін. Дастарқан жайып, ас әзірлеу тек жұмыс емес, бұл – құрмет, сыйластық пен ұяттың көрінісі. Адамның еңбегін бағалау, қонаққа деген ілтипат көрсету – қоғамда үлкен рөл атқарады. Әлбетте «ақылы абысындар» кәсібі заман талабына сай шығып отырған бизнес түрі. Бірақ осындай жаңашылдықтың қазақ халқының қонақжайлылық дәстүріне әсері қандай болар екен? Ұлттық құндылықтарымыз бен дәстүрлеріміз сақтала ма? Қонақ күтудің мәні мен маңызы қазір тек бизнеске айналып кетіп, біз ұлттық құндылықтарды ұмытпаймыз ба деген сауалдар маңызды. Осы тұрғыдан келгенде, дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре отырып, қонақ күту өнерін сақтау, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз болып қалуы тиіс. Қонақ күту – тек ас әзірлеу ғана емес, бұл адамгершілік пен өзара сыйластықтың айқын көрінісі. Егер біз осы құндылықтарды жоғалтсақ, ұлттық болмысымыздан айырылып қаламыз. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Қонақ күту дәстүрі мен бизнес арасындағы тепе-теңдікті қалай сақтауға болады?
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ