Ұлық мереке – ұлттығымыздың кепілі
Жайма шуақ көктемде Меркідегі Жаңатұрмыс ауылына жолым түскен еді. Дәл осыдан бір жыл бұрын. Қазақтың жаңа жылы Әз-наурызды сонда тойламақпыз. Шағын ғана ауыл. Аппақ қардай қатар тізілген 10 шақты киіз үй көздің жауын алады. Біте қайнасқан тірлікке жұмыла кіріскен ауыл тұрғындары бір үйдің балалары секілді. Кем-кетігін түгендеп әлек. Көз көріп, көңіл марқайған сол ауылдың ұйымшылдығы мен наурыз мерекесін ерекше ықыласпен тойлауы әсер қалдырмай қоймады. Кең даланың төсіне жайылған дастарқан, ұлттық ойындар бәрі де үйлесім тауып-ақ тұр. Қыз қуу, теңге алу, аударыспақ ойнаған бозбала мен бойжеткеннің шат-шадыман күлкісі мен білек сыбана күш сынасып, күрескен балуандарды тамашаладық. Нағыз қазақы дәстүрмен өрілген мереке деп ауызымыздың суы құрыды. Бұл әңгімемен әлгі ауылды жарнамалаудан аулақпыз әрине. Алайда, жақсы істен үлгі алғанның айыбы жоқ демей ме? Жер дүние жаңарып, қайта оянған тіршіліктің бастауы – жаңа жыл. Күн мен түннің теңесіп,жаңа күннің келер басы– 22 наурыз табалдырықты аттағалы тұр. Жыл құсындай сағынысып көрісетін бұл мерекеге деген жұртшылықтың ықыласытіптен ерекше. Жаңа жыл мерекесін қызықты өткізудесоңғы оншақты жылдабіршама тәжірибе дежинақтала бастады. Сондықтан, осы орайдақазақтың қандай жақсыдәстүрлері бар, соныңжақсысын қабылдап, наурыз айында көрсетуіміз керек-ақ. Алайда, ойласып шешер, көп болып кеңесіп пішер олқы тұстарымыз дажоқ емес. Осы орайда, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін қай деңгейдеөткізу керектігі, қалайеткенде ұлттық мерекеміздің ұлттық ерекшелігі айшықталатүсетіні төңірегінде ой-пікір, ұсынысымызды бүкпесіз ортаға салғанымыз жөн болар.
Бүгінде наурыз мерекесін шағын ауылдардың өзі көше-көшеге бөлініп тойлайтыны жасырын емес. Сонымен қатар, әр отбасы 1000-2000 теңге көлемінде қаржы да жинайды. Дастарқан жайып, өздерінше мерекелейді. Дегенмен, ұлттық мерекемізді қазақы ою-өрнекпен нақышталған ұлттық киімді киіп, тар клубтың ішіне емес, кең даланың төсіне бір ауыл, бір ел боп шама-шарқымызға қарай тойласақ қайтеді? «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген қазақ тәмсілін ескеріп, жылына бір келетін мерекені ұйыған қатықтай ұйымдастыра кеткенге не жетсін? Әрине, той жасасақ та қалтамызға салмақ түседі деп ойланатынымыз да бар. Баршаға ортақ мерекенің үлесі бар ауыл тұрғындарына бөлінсе көтерер жүк те жеңілдей түседі. Мысалы, ауыл шетіне киіз үй тігіп, ол болмаса шатыр орнатып, клубтағы музыкалық аспаптар мен өнер адамдары сол жерден табылса оның өзі жәрдем болары анық. Ақшаны шашып, төкпей-ақ бірі қазан-ошағын, тағы бірі үйде барын ортаға салса бір әдемі мереке болады. Балалар асық атып, жастар ақсүйек ойнап, алтыбақан тепсе, қыз қуу, теңге алу сынды ұлттық ойындарымыз қайта жанданса, Елбасы айтқан рухани жаңғыру осы болмақ.
Ал, ұлттық мерекенің келгенін сезіндіретін жаңа жылдық шырша секілді қазақы нақыштағы бір символды ойлап тауып, көктем енген сәтте орталық алаңға орнатып қоюды көп болып ойласуды да ұмытпайық. Мұндағы айтпағымыз, әз-наурыздың жеткенін хабар беретін ерекше белгі болса ұлы мерекенің ұлттық сипаты да айшықтала түсер деген ой туындаған еді.
Түйін: Қазір еліміз егемендігін алғаннан бері Наурыз тойы тойланып келеді. Алайда, тойымыз көбіне клуб ішінде концерт көріп, наурыз көжеден ауыз тиюмен бітеді. Ұлыстың ұлы күні деп дәріптеген наурыз мерекесін ерекше ықыласпен, шынайылықпен тойлау әлі де жетіспейтіндей секілді. Бір күнді аман-есен өткерсек деп атүсті қарап, ұйымдаса кетпеген соң мереке де өз дәрежесіне лайық тойланбайды. Ал, облыс әкімі Қ.Көшербаев: «Бастықтарға арнап дастарқан жайып, олар келгенде ғана киіз үйдің есігін ашатын әдеттен арылуымыз қажет. Наурыз көжеден кез келген адам дәм тата алатын жағдай жасалуы керек. Ас-ауқат фуршет үлгісінде дайындалып, дастарқан бәріне бірдей жайылуы тиіс», –деп, наурыз мерекесінде тек билік басындағыларға ғана дастарқан жайылатынын сөз еткен болатын. Расында, «көппен көрген ұлы тойға» не жетсін?
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.