СҰЛУЛЫҚ СЫЙЛАҒАН НҰРБИБІ
Көркемдікке, сұлулыққа, үйлесімге ұмтылу - адамның жаратылысына тән. Бірақ сол сұлулықтың сырын көріп қана қоймай, оны қолдан жасай білу – үлкен өнер. Бұл – тек бояу жағу емес, бұл – ішкі нәзіктікті сыртқа шығаратын шеберлік. Шиелі ауданында осындай өнерді бойына сіңірген, шеберлігімен талайды тәнті етіп жүрген қыздардың бірі – Нұрбибі Сағатбекова. Ол бұл кәсіпке аяқ астынан келген жоқ. Студент кезінен бастап-ақ құрбыларын әрлеп, бояп, сұлулық әлеміне алғашқы қадамын жасаған. Ал қызығы – ол ешкімнен арнайы курс алмай тұрып-ақ, бет әрлеудің қыр-сырын өз бетінше меңгерген. Интернеттен көрген образдарды бірден «қағып алып», сонысын сәтті жасап шығуы – оның ерекше талантының айғағы. Бүгінде ол – Шиелі ауданындағы алдыңғы қатарлы визажист мамандардың бірі. Қазір Клиенттерінің өзі: «Нұрбибіге барсаң, тек әдемі болып шықпайсың – көңілің де көтеріледі», – деп мақтап жатады. Бұл – шын жүректен жасалатын істің жемісі. Қарапайым қолмен жасалған әр қас, әр сүрме, әр рең – Нұрбибінің шығармашылық шабытынан туады. Ол бір орында тұрып қалмайды. Білімін жетілдіріп отыруды басты қағида санайды. Заманауи трендтерге ілесіп, түрлі техникаларды меңгеріп, кәсібилігінін дамытып келеді. Оның жұмысына қарап, «визаж – жай кәсіп емес, жүректің ісі» деуге болады. Нұрбибіге келетін қыздар әртүрлі: бірі – тойға, бірі – фотосессияға. Әйтсе де бәрінің ортақ мақсаты – өзін сұлу сезіну. Кейіпкеріміз сұлулыққа жанымен ғашық, қолымен өрнек салатын, көңілге шабыт сыйлайтын жан. Ол Шиелідегі сұлулық әлемінде өзіндік орны бар, қолтаңбасы айқын ару.
Айнұр ИБРАШЕВА








