ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАН АЗЫҒЫ

Иә, расымен де жақсы сөз айту арқылы қоғамда береке мен бірлік, адамдар арасында жылы қарымқатынас орнайды. Тек сол берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, өзгеге жақсы әсер беретіндей етіп қолдануымыз керек. Себебі, бір ауыз сөз арқылы адам жанына қуаныш сыйлап, көңілін көтеруге немесе ренжітіп, көңілін қалдыруға болады. Адамдық қасиеттерді кемелдендіре түсуде дұрыс сөйлей білудің орны ерекше. Өйткені, ол – адамның ішкі жан дүниесінің айнасы һәм көрінісі іспеттес. Халқымыз қашанда сөйлеудің нарқына айрықша мән берген. «Айтылған сөз – атылған оқпен тең» деп, отыз екі тістен шыққан әрбір сөзді тереңінен ойлап, сөзді қайтадан қайтарып алуға болмайтынын ескерткен. Бөлтірік шешен бабамыз баласына айтқан өсиетінде: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қай кезде сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады», деген екен. Кейде адам дансаулығы сыр беріп, дәрігерге жүгінгенде ең алдымен дәрі емес, бір жылы сөздің өзі әл беріп, өмірге деген құштарлығы оянып, табандылығы арқылы ауруды тең жеңеді. Тарих беттерінде мүлдем жазылмайтын ауруға шалдыққан науқастың өзі, сөзі мен ісі үйлесім тапқан білікті дәрігердің арқасында аяқтан тұрған екен. Қазіргі уақытта қоғамдық жерлерде, әсіресе көлік кептелісінде тұрғанда кейбір адамдардың бірбіріне жол бермей балағат сөздер айтып жатқанын байқаймыз. Әрине, оның арты жанжалға, өкінішке қарай кейде тіпті төбелеске ұласып жатады. «Таспен атқанды, аспен ат» деген тәмсілді сөзді ұмытып, сабырсыздыққа бой алдырып, соңында өзіміз опық жеп жатамыз. Ал әу бас айтқан сөзіне байыптылықпен жауап қатып, сабыр сақтап, қатеміз болса ашуға бой алдырмай түсіндіруге тырыссақ құда да тыныш, құдағи да тыныш болар еді. Қазақ даналығындағы «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» деуі де осыдан болса керек. Әдетте көп сөйлейтін адамның сөзінен салмақ кетіп, қоғамда да қадір-қасиеті азаяды. Халқымыздың «Сөз қадірі – өз қадірің» деп айтатыны сондықтан. Тамақ қаншалықты дәмді болса да мөлшерден асып, шамадан тыс қабылдаса, астың мәні кетеді. Сол секілді сөз інжу-маржанмен көмкерілсе де, оны шамадан тыс асыра қолдану әңгіменің мәнін кетіріп, адамды жалықтырып жібереді. «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді» демекші, сөздің нақты әрі қысқа болғаны жақсы дейді даналарымыз. «Тәрбие талбесіктен басталады» дегендей, әрбір адам ең алдымен балам жақсы сөйлесін десе, бала жасынан қазақтың тәлімі мол мақал-мәтелін, ақынжыраулардың жыр-термесін жаттатқызып, пайдасыз бос сөз бен мен істен тыйса, нұр үстіне нұр болмақ. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сөйлеудің қасиеті мен әдемілігін терең ұғынып, жанды жылытар жақсы сөз сөйлеп, жаман сөзден аулақ болайық!
М.ИБРАГИМ