ЖАНДЫ ЖАРАЛАЙТЫН ДА СӨЗ, ЕМДЕЙТІН ДЕ СӨЗ
Адамзат баласына берілген ерекшеліктердің бірі – сөйлеу нығметі. Сөз – адам үшін тәрбие құралы, білім-білік, мәдениет пен өнер бастауы, ой жәдігерлігінің әсем қазынасы. Адам сөйлеу арқылы ішіндегі сезімдері мен ойын екінші бір кісіге жеткізіп, байланыс орнатады. Ата-бабамыз «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жақсы сөз – жан азығы» деген даналыққа толы сөз қалдырып, мән-маңызын мақалмәтелдер арқылы келешек ұрпаққа өсиет еткен. Иә, расыменде жақсы сөз айту арқылы қоғамда береке мен бірлік, адамдар арасында жылы қарым-қатынас орнайды. Тек сол берілген мүмкіндікті жақсы сөздермен пайдаланып, өзгеге жақсы әсер беретін сөздерді қолдануымыз керек. Себебі, бір ауыз сөз арқылы адам жанына қуаныш сыйлап, көңілін көтеруге немесе бір ауыз сөзбен ренжітіп, көңілін қалдыруға болады.
Адамдық қасиеттерді кемелдендіре түсуде дұрыс сөйлей білудің орны ерекше. Өйткені, ол – адамның ішкі жан дүниесінің айнасы һәм көрінісі іспеттес. Халқымыз қашанда адамдар арасындағы атқаратын қызметіне, сөйлеудің нарқына айрықша мән берген. “Айтылған сөз – атылған оқпен тең” деп, отыз екі тістен шыққан әрбір сөзді тереңінен ойлап, айтылған сөзді қайтадан қайтарып алуға болмайтынын ескеріп, оны ақылға салып айтуға шақырған. Бөлтірік шешен бабамыз баласына айтқан өсиетінде: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қай кезде сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады» деген екен. Медицинаның атасы Гиппократта: «Дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен ертеректе. Бұл ұғымды тереңірек қарастыратын болсақ, арыстандай айбатты деген өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін, ал қыздай икемді дегені өз ісіне байыппен, сеніммен қарауға, жүзі жылы дегені, алдына келген науқасқа ең алдымен жылы шырай танытып, жақсы сөздерімен рухани күш беруі болса керек-ті. Егер осы аталған қасиеттердің барлығы мамандық иесінің бойынан табылса, ол үздік дәрігер болары анық. Кейде адам дансаулығы сыр беріп, дәрігерге жүгінгенде ең алдымен дәрі емес, бір жылы сөздің өзі әл беріп, өмірге деген құштарлығы оянып, табандылығы арқылы ауруды тең жеңеді. Тарих беттерінде мүлдем жазылмайтын ауруға шалдыққан науқастың өзі, сөзі мен ісі мықты дәрігердің арқасында аяқтан тұрған екен. Қазіргі уақытта қоғамдық жерлерде, әсіресе көлік кептелісінде тұрғанда кейбір адамдардың бір-біріне жол бермей балағат, қатты сөздер айтып жатқанын байқаймыз. Әрине, оның арты жанжалға, өкінішке қарай кейде тіпті төбелеске ұласып жатады. «Таспен атқанды, аспен ат» деген тәмсілді сөзді ұмытып, сабырсыздыққа бой алдырып, соңында өзіміз опық жеп жатамыз. Ал, әу баста айтқан сөзіне байыптылықпен жауап қатып, сабыр сақтап, қатеміз болса ашуға бой алдырмай түсіндіруге тырыссақ құда да тыныш, құдағи да тыныш болар еді. Қазақ даналығындағы «Жақсылыққа жақсылық әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық ер адамның ісі» деуі де осыдан болса керек. Әдетте көп сөйлейтін адамның сөзінен салмақ кетіп, қоғамда да қадір-қасиеті азаяды. Халқымыздың «Сөз қадірі – өз қадірің» деп айтатыны сондықтан. Тамақ қаншалықты дәмді болса да мөлшерден асып, шамадан тыс қабылдаса, астың мәні кетеді. Сол секілді сөз інжу-маржанмен көмкерілсе де, оны шамадан тыс асыра қолдану әңгіменің мәнін кетіріп, адамды жалықтырып жібереді. «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді» демекші, сөздің нақты әрі қысқа болғаны жақсы дейді даналарымыз. «Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, әрбір адам ең алдымен балам жақсы сөйлесін десе бала жасынан қазақтың тәлімі мол мақал-мәтелін, ақын-жыраулардың жыр-термесін жаттатқызып, пайдасыз бос сөздер мен істерден тыйып тәрбиелеуі тиіс. Сонда ғана өскелең ұрпақтың бойында жақсы сөзге, қоршаған ортаға деген мейірімі артып, тілімен не ісімен де зиянын тигізбейтін тұлғаға айналады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, сөйлеудің қасиеті мен әдемілігін терең ұғынып жанды жылытар жақсы сөз сөйлеп, жаман сөзден аулақ болайық!
М.ИБРАГИМ