ДАЙЫНДЫҚ БҮГІННЕН БАСТАЛАДЫ

Орыстың жазушысы Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалында ала жаздай ән салып, қамсыз болған шегірткенің қыс келгенде үлкен ауыртпалықты бастан кешіргенін баян еткені естеріңізде болар. Сондықтан қыс мезгіліне дайындықтың жоғары деңгейде болуы кез келген аудан үшін аса маңызды. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық Шиелі ауданында шіліңгір шілде айында басталды. Осыған байланысты әкімдіктің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Бағлан Сағындықовтың төрағалығымен арнайы жиын өтіп, оған барлық бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысты.
Күн тәртібіндегі мәселеге байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Аманжолов баяндама жасап, алдағы маусымға дайындық жұмыстарының барысын таныстырды. Оның айтуынша, 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына қажетті қатты отын 23,9 мың тонна болып бекітілген. Жеке тұрғындарға 18 мың тонна, әлеуметтік нысандарға 5,9 мың тонна қатты отын бөлінбек. Сонымен қатар, аудан бойынша 136 нысан, оның ішінде білім саласынан 57, мәдениет 29, денсаулық саласынан 39, спорт саласынан 11 мекеме жылыту маусымына дайындықты бастап кетті. Айта кетейік, 62 мекеме қатты отынмен, ал 49-ы «көгілдір отынмен», 25-і сұйық отынмен жылытылады. – 2025 жылғы 12 мамырда аудан әкімінің №138-ө өкіміне сәйкес, аудан әкімдігі жанынан 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын жүргізу жөніндегі аудандық штаб құрылды. «Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы №55 бұйрығына сәйкес жылу беру маусымына әзірлік паспорттарын алуға өтініштер 15 тамыздан бастап 30 қыркүйекті қоса алғандағы кезеңде «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі – Портал) арқылы жүзеге асырылады. Осы ретте, жылу қазандығының жылу маусымына дайын екендігі жөніндегі қорытындыны алу үшін (лицензиясы бар мекемеден) қажетті қаржының қаралуына және тиісті мекемемен келісімшарт жасау қажеттігін ескертемін, – дейді Ғ.Аманжолов. Жиында аудан әкімінің орынбасары Бағлан Жанғалиұлы тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне барлық іс-шара бекітілген кестеге сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асып, аталған жұмыстардың кедергісіз, дер кезінде орындалуын тапсырды. Санаулы айлардан кейін, қылышын сүйретіп қатал қыс та келіп жетеді. Қателікті һәм қол қусырып дайындықсыз қарсы алуды кешірмейтін мезгілге мықтап төтеп беру үшін, жүйелі жоспар, нақты әрекет керек. Ал қыс мезгілінде тұрғындар абыржымаса, мектепте оқушылар қаннен-қаперсіз білім алса, денсаулық сақтау мекемелерінде науқастар жаурамаса, дайындық жұмысының нәтижесі сол болмақ.
М.ҚАЙРАТҰЛЫ