Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыстың қамын жазда ойла

Қыстың қамын жазда ойла

Ата-бабаларымыз «қыстың қамын жазда ойла» деп бекер айтпаса керек. Орыстың жазушысы ­Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалында ала жаздай ән салып, қамсыз болған шегірткенің қытымыр қыс келгенде үлкен ауыртпалықты бастан кешіргенін баян еткені естеріңізде болар. Сондықтан қыс мезгіліне дайындықтың жоғарғы деңгейде болуы кез келген аудан үшін маңызды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы Қайрат Мырзакеевтің айтуынша, Шиелі ауданында жылу маусымына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
– Жылу беру маусымы жақындаған тұста әлеуметтік нысандарда коммуналдық жүйелердің апаты мен ақауларын болдырмау аса маңызды. Бұл тұрғыда «Шиелі аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ-де 10 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің ішіндегі Қазақстан ­Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы №55 бұйрығына сәйкес «Энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдарға күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын беру» қызметіне www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы өтініш қабылданады. Қызмет көрсету тәртібі осы қызметтің қағидасына сәйкес 15-ші тамыздан ­бастап 30 қыркүйекке дейін жүзеге асырылады. Сондай-ақ, арнайы комиссия құрылып, мекемелердің дайындығы жіті бақыланатын болады, – дейді сала маманы.
Мәселен, әлеуметтік салаға қажетті 9,2 мың тонна көмірдің бүгінгі күнге 3 мың тоннасы, ал аудан тұрғындарына қажетті 23 мың тонна қатты отынның 13,5 мың тоннасы жеткізілген. Ауданның өндірістік және әлеуметтік кешендеріне жылу беру маусымын өткізу үшін жедел штаб жасақталып, кент және ауыл әкімдері мен бағдарлама әкімшілері бекітілген іс-шара бойынша тиісті жұмыстарды жүргізіп жатқандығын да тілге тиек етті.
Мамандар күн суыта бастағанда қатты отынмен жылынатын жандар арнайы көмір сататын орындарға лап беріп, ұзын-сонар кезек тудырмас үшін ертерек қам жасау керектігін де айтады. Себебі қоймаларда жұртшылықтың сұранысына ие бірнеше көмір түрлері қазірдің өзінде бар.
Мұнан бөлек, аудандағы әлеуметтік нысандардың жылу маусымына дайындығына келер болсақ, жалпы ауданда 134 нысан қыс қамына кірісіп кеткен. Оның 60-ы білім саласына, 24-і мәдениетке, 9-ы спортқа, 41-і денсаулық саласына тиесілі мекемелер. Аталған ғимараттардың 21-і сұйық ­отынмен, 88-і қатты отынмен, 25-і газбен жылытылады.
Ал көгілдір отын мәселесіне келер болсақ, аудан бойынша тұрғын үйлердің 60 пайызы көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Олардың қатарында Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов ауылдары бар. ҚР Ұлттық қорынан Алмалы, Досбол датқа және Бестам ауылдарының газ құбырын және орамішілік газ тарату желілерінің құрылысына қаржы бөлінген болатын. Тиісті мамандардың сөзіне сенсек, жалпы құны 1 млрд 270,6 млн теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда бас мердігерлермен, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелермен келісім шарттар жасалынған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жөнінде хабараламалар берілген. Бестам, ­Алмалы, Ақтоған ауылын газбен қамту нысандары 2024 жылға өтпелі, 2023 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын толық аяқтау үшін қосымша 591 669, 26 теңге қаржы қажет екенін айтады.
Қазіргі таңда аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен Еңбекші, Жиделіарық және Ә.Тәжібаев ауылдарының газ құбырын және орамішілік газ тарату желілерінің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыда аталған жобалар іске асқан жағдайда аудан халқының 85 проценті газбен қамтылады дейді аудандық ТКШ бөлімінің қызметкері.

Асқар Өтеген
11 қыркүйек 2023 ж. 163 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930