БЕРЕКЕ ҚОНҒАН БӘЙГЕҚҰМ

Бұл ауыл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының бойында орналасқандықтан, тұрғындары сауда-саттыққа бейім. Жолаушыларға түрлі ас-тағамын, балдай тәтті қымыз бен шұбатын ұсынып, қонақүй тұрғызып қызмет көрсетуде. Берекелі ауылдың тұсынан өткен көлік тізгіндеушілер әулиелер жатқан жерге зиярат етіп, Құран бағыштап, тарихымен танысып өтеді. Межелі жерге жақындаған біз ауыл кіреберісіндегі жасыл желекке қызықпай қоймадық. Қаз-қатар орналасқан ағаштар көздің жауын алады. Оған ынтыға қараудан әсте жалықпайсыз. Ауылдағы қалыптасқан үрдіс бойынша, игі іс мектеп түлектерінің атсалысуымен қолға алған. Көктем айында әр жыл сайынғы мектеп бітірген түлектері бас қосып, білек сыбана көшет ағаштарын жол жиігіне отырғызып, бірігіп әрекет етудің арқасында осындай нәтижеге қол жеткізген. Алдымыздан Бәйгеқұм ауылдық округінің әкімі Дәулет Абжаппаров қарсы алды. Шыр етіп дүниеге келген сәтінде кіндік қаны тамған ауылға бұл күні маңдай терін тамызып, халықтың әл-ауқатын жақсартуда жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. «Жас келсе – іске» деген тәмсілді ту еткен ауыл әкімі іскерлігімен елдің аузында жүрген азаматтың бірі. Көркейту-көгалдандыру жұмысына баса назар аударатын ол, жердің құнарлығының аздығына қарамастан, әрекет етіп қарманып бағуда. Нәтижесі де жаман емесін аңғардық. Үкіметтке қол жайып қарап отырмай, кәсіпкерлердің демеушілігімен біраз іс тындырды. Жұртына жаққан әкімнің 4 жылдық өкілетті мерзімі аяқталған соң, ауылдастары бірауыздан қайта дауыс беріп сайлап алды.Үлкен сенім артты.
Жолүсті Дәулет Сейітқалиұлын әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, қазіргі таңда жергілікті халық саны – 2368 адамды құрайтын бұл ауылда 425 отбасы түтін түтетіп отыр. Бәйгеқұм ауылында 1200-ден астам адам еңбекке жарамды болса, соның 560-ы – жалдамалы жұмысшы. Ал 283 адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Ендігі кезекте жұмыссыздар қатарына 26 азамат тіркелсе, қазіргі уақытта жастар тәжірибесі арқылы 3 азамат жұмыс істеуде. Бұл ауылда талай жылдар бойы еселі еңбек еткен 195 зейнеткер тұрады. Сондай-ақ 72-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Ал мектеп қабырғасында білім алушы 441 бала болса, мектеп жасына дейінгі балалар саны – 356-ға жеткен. Бүгінде ауылдық округте кіші және орта кәсіпкерлікті жүргізу бағытында 82 субъекті тіркелген. Онда «Айдана» балабақшасы ЖШС, шаруа қожалықтар саны – 10, жеке кәсіпкерлер саны – 72. Ауылдық округте М.Әуезов атындағы №251 орта мектеп, ауылдық клуб, Бәйгеқұм ауылдық ауруханасы, «Әсем» бөбекжай балабақшасы, ветеринариялық және учаскелік полиция пункті халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Сондай-ақ биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауылдық округтегі ауылішілік көшелерге, атап айтқанда, Досбол би 1, Досбол би 2, Асан ата, Оқшы ата көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін облыстық бюджеттен 67 млн 418 мың теңге қаржы бөлінген. Халық игілігі үшін жасалып жатқан құрылыс жұмыстары басында жұмыс қызу. Қазір арнайы қиыршық тас төгіліп тегістеуден өткізілуде. Жақын күндері асфальт төсеу жұмыстары басталып, қолданысқа берілмек. – Ағымдағы жылы Бәйгеқұм елді мекенінің кіре берісіне «Қош келдіңіздер» баннері мен жаяу жүргіншілер көпірінің екі жақ бетіне баннерлер орнату жұмыстары жасалды. Сонымен қатар, елді мекенге көркейтукөгалдандыру жұмыстары, атап айтқанда, көшеттер мен гүлдер егілді, суғару жүйесі орнатылып, қоршау және топырақ төсеу жұмыстары жасалынды. Бәйгеқұм-Жөлек трассасы бойындағы көше жарықтарын қайта жаңарту жұмыстары жоспарланып, жергілікті бюджеттен 6 млн 982 мың теңге қаржы бөлінді, – деді ауыл әкімі. Сәні мен салтанаты жарасқан ауыл тұрғындары төрт түлікті түлетіп, құрт пен май сатып отыр. Бәйгеқұм ауылында 3564 бас мүйізді ірі қара, 524 бас жылқы, 52 бас түйе, 4157 бас уақ мал бар. 3116 бас мүйізді ірі қараға және 2368 бас уақ малға сібір жарасы, аусыл ауруларына қарсы екпе жұмыстары жүргізілген. Ветпункт мекеме қызметкерлері төрт түлігін түлетіп отырған тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. – Бүгінде ауыл тұрғындары кәсіпкерлік бағытқа қарай бет алып келеді. Мемлекеттік бағдарламаға ілікпеген тұрғындар да, өздерінің қажырлы еңбегі арқылы несібесін тауып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығы саласынан да шет қалған емес. Кәсіпкерлер өндірген өз өнімдерін ауылшаруашылығы жәрмеңкелерінде балық пен ара балын, бақша, көкөніс, картоп дақылдарын арзан бағамен қала және аудан халқына және «Батыс Еуропа – Батыс-Қытай» үлкен жол бойына сатуға шығарып, табыс табуда, – дейді Дәулет Сейтқалиұлы. Әр ауылдың қоғамдық тәртібі қашанда үлкен маңызға ие. Қазіргі уақытта Бәйгеқұм ауылында қоғамдық тәртіп учаскелік полиция майоры Ақылбек Асанов еңбек етуде. Жалпы бұл ауылда бұзақылықтың орын алмауы да көпке үлгі. Қылмыстың алдын алу мақсатында және елді мекен халқын тәртіпке шақыру, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, мал ұрлығына тосқауыл қою және пада ұйымдастыру жөнінде ауыл тұрғындарының қатысуымен жыл сайын 3 рет жиналыс өткізіліп тұрады. Бәйгеқұм ауылындағы мәдениет үйі 2014 жылы ел игілігіне пайдалануға берілген. Бұл күнде ауылдағы мәдениет саласының атқарып жатқан жұмысы да ауыз толтырып айтарлықтай. Мәдениеттің мәйегі, ұлттық мәдениеттің қайнар көзі, халықтың бай мәдени-мұрасы. Әнін, биін, күйін, салт-дәстүрін кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында үйірмелердің үлесі орасан зор. Олай дейтініміз, ауылдық клуб үйінде ән, би, домбыра, хор үйірмесі және «Ақ әжем алтын қазынам» әжелер ансамблі көптеген аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орындармен марапатталған. Ал үйірмеге қатысушылардың да қанжығасы майланып, түрлі марапаттар мен жүлделі орындар алып келеді. Бұл ауыл кәсіпкерлік бағытқа қарай бет бұрғандықтан, жол трассасында өткен жолаушылар көліктерін тексерістен өтікізіп, тұрғындар сатып тұрған дәмнен алып, біраз кідіреді. Осыны ескерген «SINOOIL» ЖШС ауыл тұсынан жаңадан жанармай құю бекетінін ашқалы отыр. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бекет іске қосылғанда сапардағылар мен тұрғындар үшін де өте қолайлы болмақ. Келесі аялдамымыз жаңадан бой көтерген демалушыларға арналған саяжай болды. Былтырғы жылы аудандық бюджет есебінен 41 млн теңге бөлініп, «Ханқожа» көлінің жағасында ашылып, қолданысқа берілген. Мұнда демалушыларға өте қолайлы жағдай жасалынған. Арнайы балалар ойын алаңы, спорттық алаң, шатырлар барлығы сапалы. Ең бастысы тегін беріледі. Әсіресе, мұнда асыр салып ойнап жатқан балалардың қуанышы, көз сүйсінтеді. – Бұл жерде де көгалдандыру-көркейту жұмыстары тиісінше атқарылып жатыр. Көктемде көшеттер отырғызылды. Өздеріңіз көріп тұрғандай суды тиімді пайдалану мақсатында, жаңбырлатып суару әдісін қолданудамыз. Ауылымызға келген демалушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Демалыс орнында 2 адам кезекпен тұру тәртібімен, қадағалау жұмыстарын атқаруда, – деді ауыл әкімі. Халқымыз «Ауылына қарап, азаматын таны» дейді. Расымен де ауыл көркейіп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарса ол әрине сол іске мұрындық болып, басы-қасында жүрген азаматтардың еселі еңбегі екені даусыз. Біз бүгін Бәйгеқұм ауылында қайнап жатқан тіршіліктің бір парасын ғана атап өттік. Алдағы уақытта бірлік пен тату тірліктің басын бір арнаға тоғыстырған ауылдың жайын кеңінен таныстыратын боламыз.
М.ИБРАГИМ