ШИЕЛІНІҢ ШИПАЛЫ ШҰБАТЫ

Ауданда орналасқан «Ару-Ана» шұбат өндіру цехының негізі 2016 жылы қаланып, жұмысын 400 литр шұбат шығарудан бастаған еді. Қазір оның ауқымы кеңейген. Цехта 10 адам жұмыспен қамтылған.
Мінсе көлік, ішсе сусын, жесе азық болған түлігінің қадір-қасиетін жіті түсінген халықтың ұрпағы емеспіз бе? Аталған кәсіпті өрге домалатқан кәсіпкер Сабыр Ермаханов көпшілік іздеп жүріп әрең табатын ұлттық сусынды қолжетімді етті. Нәтижесінде халық табиғи өнімді тұтынып отыр. Цехтың басты өнімі – шұбат сусыны және сұранысқа сай сиыр сүтін де өндіреді. Бүгінгі таңда цехта күніне 1 тонна шұбат және сиыр сүті дайындалады. Одан бөлек йогурт, балмұздақ, айран, құрт, сүзбе өнімдері шығарылады. Олар ағзаның ас қорыту жүйесін сақтауға көмектеседі және көптеген аурудың алдын алады.
Жыл өткен сайын мұндағы өндіріс арнасы кеңейіп, шығарылатын өнім көлемі де толыққан. Цехтың бір ерекшелігі – балмұздақ шығаруында. Түйе сүтінен әзірленген тәтті дәм құлаққа таңсық естілгенімен жұртшылықтың сұранасына ие. Майлылығы 6 проценті балмұздақтың мұнда шоколадты, ванильді, құлпынайлы «бубл гум» кілегейлі түрлері өндіріледі. Құрамы тек табиғи сүт өнімдерінен тұратын балмұздақ бала денсаулығына пайдалы. Қай жағынан алсақ та, шұбат – жанға қуат. Білікті технолог маман Баян Дүйсенбекова цехта жұмыс қалай жүргізілетінін толықтай түсіндірді.
– Алдымен біз де процесс түйе сүтін тексеруден басталады. Яғни арнайы аппараттың көмегімен сүттің майлылығы, тығыздығы, ақуыз мөлшері анықталады. Кейін тексерістің екінші кезеңіне өтеміз. Ол жоғары градуста қайнату арқылы белгілі болады. Кейін 92 градуста пастерлендіру жасалады. Бұдан соң жұмыс салқындату, ұйыту, қайта салқындату секілді бірнеше жұмыстардан өтеді. Осылайша дайын болған өнімді құтыға құю барысы жүргізіледі. Шұбат сусыны шетелдің емес өзіміздің ұйытқы арқылы әзірленуде. Дайын өнім Қызылорда, Жаңақорған, Алматы, Түркістан, Шымкент қалаларына сатылуда, – дейді Б.Сабырқызы.
Ғалымдар шұбатпен өкпе құрты, аллергия, псориаз, бауыр ауруларын, холециститті, гастрит, қант диабеті, өт жолдарының бітеліп қалуын емдеуге болады дегенді айтады. Табиғи шұбат өнімдері адамның есте сақтау қабілетін жоғарылатып, ми тамырларына сергектік пен демалыс береді. Құрамында көптеген дəрумені бар сусын ұзақ уақыт емделуді қажет ететін туберкулез ауруына да бірден-бір шипа деседі. Дəстүрлi сусын сондай-ақ, iшек, бауырды тазалап, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Қышқыл бөлудi тездетiп, асты жылдам қорытуға септiгiн тигiзедi. Айран мен сүтке қарағанда, тиiмдiлiгi анағұрлым жоғары болады екен. Күнделікті тағам рационына шұбатты қосатын болсаңыз, ішіп-жегеніңіз жақсы қорытылып, энергияңыз арта түседі. Осыны ұғына бастаған халықтың бұл өнімге сұранысы өте жоғары. Ал емдік қасиетін жоймай, құнарлы сусын ұсынған «Ару-Ана» шұбат өңдеу цехының өңірде алатын орны ерекше.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ