БАЛА КҮЛСІН ШАТТАНЫП...

Ауданның балаларға арналған басты демалыс орны биыл маусымда 700 баланы қабылдайды. Лагерь алғашқы күннен-ақ көңілді демалыстың, шат күлкі мен достықтың ордасына айналды. Мұнда тынығып жатқан оқушылар спорттық сайыстар мен мәдени-танымдық іс-шараларға белсене қатысып, әр күнін мазмұнды әрі қызықты өткізіп келеді. Аталған лагерьдің тынығушылары үшін «Арман» мәдениет үйі мен спорт кешенінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, балалар аптасына екі рет арнайы бассейнге барып, шомылу мүмкіндігіне ие болуда. Сонымен қатар мектеп жанындағы лагерьлерде де балаларға арналған сауықтыру шаралары жалғасуда. Өңірдегі бірқатар мектептерде бір мезгіл тамақпен және тамақсыз демалыс лагерьлері жұмыс істейді. Олар да орталықтағы мәдени-спорттық мекемелерге барып, түрлі үйірмелер мен ойын-сауық бағдарламаларына қатысып жүр.
Жазғы каникул кезінде мектептен тыс мекемелерде арнайы «Жайдарлы жаз-2025» атты бағдарлама бойынша 15 үйірме жұмыс істейді. Бағдарлама бойынша түрлі сайыстарға 2000 оқушы қатысады деп жоспарланған. Әр ауысым бойынша лагерь тынығушылары 1 күндік табиғат аясына саяхатқа шығып демалатын болса, аудандық оқушылар үйінен «Көркемсурет», «Киімді моделдеу және дизайн», «Жас шахматшылар», «Халық биі», «Теннис», «Робототехника» үйірмелері лагерь ұжымымен бірлесіп қызмет атқарады.
Шындығында лагерь арқылы баланың санасына мәңгі мекендейтін жылы сәуле орнығады. Тәтті естеліктер, балаң көңіл, жаңа таныстықтар, шынайы эмоциялар… Ата-ана үшін де, бала үшін де мұндай демалыс орындарының маңызы зор екені даусыз.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ