Қостанайда KIA зауыты бой көтерді

«Президент KIA маркалы автокөліктерді ұсақ торапты әдіспен құрастыру желісінің іске қосылу рәсіміне қатыса отырып, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мен инженерлік базаны қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл – автоөндіруші концерннің Корея Республикасынан тыс жерде бірлескен кәсіпорынға тікелей инвестиция құйған алғашқы тәжірибесі. Сонымен қатар, зауыт іске қосылғаннан кейін 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады», деді аймақ басшысы.
Зауыттың өндірістік корпусы 96 мың шаршы метрді қамтиды. Мұнда бес ірі цех – дәнекерлеу, кузов бояу, пластик бояу, құрастыру және қосалқы бөлшектер қоймасы орналасқан. Сонымен бірге әкімшілік-техникалық ғимараттар мен логистикалық алаңдар толық қамтылған.
Металлоконструкциялар орнатылып, ғимараттың сыртқы бөлігі сэндвич-панельдермен қапталған. Оңтүстік Корея мен Қытайдан 800-ден астам контейнермен қажетті жабдықтар жеткізілген. Дәнекерлеу цехындағы құрылғылар толық орнатылып, бояу желілерін монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. CKD (ұсақ торапты) және DKD (ірі торапты) құрастыру желілері әзір тұр. Биылғы шілде айында алғашқы пилоттық көліктер құрастырылады. Ал толық өндіріс желісі 2025 жылдың қазанында іске қосылады. Жыл соңына дейін шамамен 3 мың көлік шығару жоспарда бар. Алғашқы кезеңде Cerato, Sorento және Sportage модельдері өндірілмек. Кейіннен K5, Ceed, Seltos, Soul және Picanto үлгілері де конвейерге қойылады. Барлығы 13 түрлі модель. Зауыт іске қосылған сәтте 1 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Бүгінде кәсіпорында 520 маман жұмыс істеп жатыр, ал жақын арада бұл көрсеткіш 830-ға жетпек. Жаңа мамандар үшін арнайы оқу орталығы құрылып, теориялық және тәжірибелік даярлық кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Жоба іске қосылғаннан кейін Қостанай облысының өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 46,5 пайызға жетеді деп күтілуде. Осы мақсатта мемлекет тарапынан да тиісті инфрақұрылым жасақталуда: 6,7 миллиард теңге бюджет қаржысы кірме жолдар, автотұрақтар мен тасжолдарға бағытталған. Теміржол желісі пайдалануға берілді, автожол құрылысы аяқталуға жақын.