ДЕМОГРАФИЯ: ХАЛЫҚ ӨСУГЕ ӘЛДЕ КӨШУГЕ ҚҰШТАР МА?

Адам баласының ұзақ тарихы күрестер мен арпалысқа толы. Бір халық мәдениеті дамып, саны артып, құрылымы мықты мемлекет құрып, тарихтан өз орнын ойып тұрып алса, бір халық басқаның шылауында кетіп, ақыр соңы жойылып тынды. Ал жойылмау үшін сол халықтың бар қасиетін бойына жинап, әрі қарай жалғастыратын адал ұрпақ өсіруі керек еді. Ұрпақтары ата-бабаларының ерлік пен даңққа толы ұлы жолын жалғастыруы тиіс болатын. Егер ата жолынан айнып, жаза басса, өзгенің құлына айналады, не біржола тарихтан жоқ болып кетері хақ. Күшті болудың басты кілті айбарлы әскер, қуатты экономика, теңдессіз мәдениет жасау ғана емес, мемлекет құрушы халықтың саны мен сапасы да өте маңызды.
Сол үшін қалай да көбейіп, кеңге қанат жаюды көксемеген халық кемде-кем. Қазақ халқы да санының артып, өзгелермен терезесі тең болуды ұлттық мұрат санаған. Әлі де сол асыл мұраттан айныған жоқпыз. Ұлттық статистика-бюросының 2025 жылдың 1 наурыздағы дерегіне сүйенсек Қазақстан халқының саны 20 316 155 адамды құрады. Өткен жылға көз жүгіртер болсақ еліміздегі халық саны 282 609 адамға көбейген. Яғни, былтырғы дәйек 20 033 546 адамды көрсетіп тұр. Қазіргі таңда 20 316 155 тұрғынның 12 813 796-сы қаланы мекен етсе, ауыл тұрғындарының үлесі 7 502 386 адамға жетті. Халық санының өсу қарқыны бойынша Алматы мен Түркістан көш бастап тұр. Алматылықтардың саны – 2 300 876, ал көрікті Түркістан қаласында 2 154 130 адам өмір сүруде. Сонымен бірге халқының саны 1 миллионнан асқан 5 өңір бар. Алматы облысында – 1 566 257 адам, Астанада – 1 544 142 адам, Шымкентте – 1 261 709 адам, сондай-ақ Жамбыл облысында – 1 221 439 адам және Қарағанды облысында – 1 133 524 адам тұрады. Бұл ақпаратты stat.gov.kz сайтынан таба аласыз.
Қыбырлаған қыр асады демекші, еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы арқылы санымыз жыл сайын көбейіп жатқандығы қуантады, әрине. Енді 7 502 386 ауыл тұрғындарының ішіндегі Шиелі ауданының үлесі қандай? Сараптап көрелік.
Жалпы Шиелі ауданын 85 мыңнан астам тұрғын мекен етеді. Өткен жылы 2006 сәби дүние дидарына келсе, 462 адам жарық дүниемен қош айтысқан. Яғни, бір жылдық табиғи өсім 1544 адамды құрайды. Бұл мәліметті аудандық статистика бөлімінің басшысы А.Құрбанқызы да қуаттайды.
Енді араға жыл салып тұлымды мен бұрымдыларын дүниеге алып келетін ауылдағы алтын құрсақты аналардың қанша сәби сүйгенін есептеп көрелік. Алғы шепте 94 сәбиді дүниеге алып келген Бидайкөл ауылдық округі тұр. Демографиялық өсімге өзіндік үлесін қосып, бидайкөлдіктерді өкшелеп келген Ы.Жақаев ауылында 90 сәби өмірге келген. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша үшінші орынды Тұрсынбай датқа иеленіп, 88 сәбидің жарық дүниеге келуіне себепкер болған. Сол секілді Ш.Қодаманов ауылында 84 нәрестенің кіндігі кесілген. Осылайша, сатылап 22 ауылдық округтегі көрсеткішті тізбектей беруге болады. Алайда демографиялық көрсеткіш тек өлім-жітім мен туылғандарды есептеумен бітпейді. Өйткені, халық санының өсуіне көші-қон мәселесі де тікелей әсер етеді.
Мәселен, 2013-2022 жылдар аралығында Шиелі ауданына 22694 адам көшіп келсе, осы аралықта 32 000 адам қоныс аударып кеткен. Оның астарында жұмыссыздық, жалақының төмендігі сынды мәселелер қылау беретіні жасырын емес. Өйткені баланы топырлатып туу бар да, оларды асырау мәселесі тағы бар.
– Біз жас отбасымыз. Жолдасым екеуміз 3 баланың болашағы үшін қалаға көшкенді жөн көрдік. Себебі жолдасым ауылдан қалаға қатынап қосымша жұмыс істейді. Жан-жақтан қымбатшылық қысып тұрған мезетте ауылдағы азын-аулақ табысқа сеніп отыру да қиын. Сондықтан ауылдық жердегі мамандардың айлық табысын арттыру тетіктерін әлі де қарастырса жөн болар еді, – дейді ауыл тұрғыны Е.Мұсылманқұл.
Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Қазір Ұлттық экономика министрлігі – өңірлік саясат саласындағы, оның ішінде ауылдық аумақтарды дамыту бөлігіндегі уәкілетті орган болып бекітілген. Ол елдің өңірлік саясатын іске асыру, агломерацияларды, шағын қалаларды, моноқалаларды, ауылдық және шекара маңы аумақтарын дамыту жөніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіреді. Қабылданып жатқан қолдау шаралары ауылдық жерлерде өмір сүруді дамытуға және халықтың кетуін азайтуға ықпал етеді. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында» деген болатын. Сондай-ақ ауылды қолдау бағытында қолға алынған бағдарламалардың барын тілге тиек етті. Нақтырақ тарқатсақ «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Бір ауыл – бір өнім», «Ауыл – ел бесігі», Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылуда деп тізбектеп шыққан еді.
Расында, санымыз көбейіп, халық қалаға үдере көшпеу үшін көпбалалы аналарды экономикалық тұрғыдан ынталандыру, әсіресе, баспана мәселесін шешіп беру басты назарға алынғанын қалайды көпшілік. Екінің бірі айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген бүгінгі заманда көп баланы асырауға кім құлықты бола қойсын. Егер көпбалалы аналарға кезексіз пәтер беріп, баспанамен қамтамасыз ету оңтайландырылса, жұмыс көзін көбейтсе, оның өзі халықтың өсіміне айтарлықтай әсер ететіні даусыз. Бұдан бөлек, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға көмек көрсетіп, көпбалалы отбасыларға жалақыны көтеру, басқа да мемлекеттен бөлінетін жәрдемақылардың көлемін ұлғайту оң нәтижелерге жетуге өз ықпалын тигізбек.
Осы сынды ұсыныстардың дені назарға ілігіп, үкімет тарапынан биыл оңды өзгерістер орын ала бастағаны аналарды ынталандырып отыр-ақ. Жалпы, демографиямызға қатер төндіретін кез келген мәселе өз шешімін табуы керек. Біз үшін өз халқымыздың санын қарқынды түрде арттыру – жоғарыда айтып өткендей ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтудың, ел мен жердің тұтастығын сақтаудың негізгі жолы. Өзі Құдайды жоққа шығарғанымен, аузына «Құдай салған» әйгілі Маркстың бір сөзі бар емес пе? «Сананы тұрмыс билейді» деп санаған философтың осы бір сөзі уақыт өткен сайын ақиқаттығын дәлелдеп, Маркстың көрегендігін паш етуде. Бүгінде кез келген шаруаның іске асуына ақша деген алапат күштің араласпаған жері жоқ. Демек, демографиялық саясат та осы асудан айналып өтудің қамына кіріспесе болмас.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ