ХАЛЫҚ ӨСУГЕ ӘЛДЕ КӨШУГЕ ҚҰШТАР МА?
Әр даналық сөзден дәйек іздейтін қазақ халқы «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деп бекер айтпаған. Тіпті құдіретті Құдай адамзатты осы әлемнің өзінен кейінгі қожасы ретінде жаратыпты дегені ше? Жаратушы иеміз адамзатқа басқа тіршілік иелеріндей күшті де қуатты, ұшқыр да жылдам, сезгіш те тез жетілгіш болуды нәсіп етпесе де, ақыл мен сана, білім мен ғылым, ой мен қиял секілді нығметтерді сыйлауда барынша жомарттық танытыпты. Не үшін?
Сол үшін қалай да көбейіп, кеңге қанат жаюды көксемеген халық кемде-кем. Қазақ халқы да санының артып, өзгелермен терезесі тең болуды ұлттық мұрат санаған. Әлі де сол асыл мұраттан айныған жоқпыз. Ұлттық статистика-бюросының 2024 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәліметі бойынша Қазақстан халқының саны 266 739 адамға көбейген. Яғни, халық саны 20 033 546 адамды құрады. Оның 12 451 004 қала тұрғындары болса, ауыл тұрғындарының үлесі 7 582 542 адамға жетті. Халық санының өсу қарқыны бойынша Астана мен Алматы көш бастап тұр. Астана халқының саны 5,11%-ға, ал Алматы қаласындағы адам саны бір жылда 2,82%-ға артқан. Сонымен бірге ірі қалалардан кейінгі орынды Маңғыстау облысы иеленді. Бұл өңірде халық өсімі 2,40%-ды құраған. Бұл ақпаратты stat.gov.kz сайтынан таба аласыз. Қыбырлаған қыр асады демекші, еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы арқылы санымыз жыл сайын көбейіп жатқандығы қуантады, әрине. Енді 7 582 542 ауыл тұрғындарының ішіндегі Шиелі ауданының үлесі қандай? Сараптап көрелік.
Жалпы Шиелі ауданын 85 мыңнан астам тұрғын мекен етеді. Өткен жылы 2006 сәби дүние дидарына келсе, 462 адам жарық дүниемен қош айтысқан. Яғни, бір жылдық табиғи өсім 1544 адамды құрайды. Бұл мәліметті аудандық статистика бөлімінің басшысы А.Құрбанқызы да қуаттайды.
Енді араға жыл салып тұлымды мен бұрымдыларын дүниеге алып келетін ауылдағы алтын құрсақты аналардың қанша сәби сүйгенін есептеп көрелік. Алғы шепте 94 сәбиді дүниеге алып келген Бидайкөл ауылдық округі тұр. Демографиялық өсімге өзіндік үлесін қосып, бидайкөлдіктерді өкшелеп келген Ы.Жақаев ауылында 90 сәби өмірге келген. Өткен жылғы көрсеткіш бойынша үшінші орынды Тұрсынбай датқа иеленіп, 88 сәбидің жарық дүниеге келуіне себепкер болған. Сол секілді Ш.Қодаманов ауылында 84 нәрестенің кіндігі кесілген. Осылайша, сатылап 22 ауылдық округтегі көрсеткішті тізбектей беруге болады. Алайда демографиялық көрсеткіш тек өлім-жітім мен туылғандарды есептеумен бітпейді. Өйткені, халық санының өсуіне көші-қон мәселесі де тікелей әсер етеді.
Мәселен, 2013-2022 жылдар аралығында Шиелі ауданына 22694 адам көшіп келсе, осы аралықта 32 000 адам қоныс аударып кеткен. Оның астарында жұмыссыздық, жалақының төмендігі сынды мәселелер қылау беретіні жасырын емес. Өйткені баланы топырлатып туу бар да, оларды асырау деген тағы бар.
– Біз жас отбасымыз. Жолдасым екеуміз 3 баланың болашағы үшін қалаға көшкенді жөн көрдік. Себебі жолдасым ауылдан қалаға қатынап қосымша жұмыс істейді. Жан-жақтан қымбатшылық қысып тұрған мезетте ауылдағы азын-аулақ табысқа сеніп отыру да қиын. Сондықтан ауылдық жердегі мамандардың айлық табысын арттыру тетіктерін әлі де қарастырса жөн болар еді, – дейді ауыл тұрғыны Е.Мұсылманқұл.

Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Қазір Ұлттық экономика министрлігі – өңірлік саясат саласындағы, оның ішінде ауылдық аумақтарды дамыту бөлігіндегі уәкілетті орган болып бекітілген. Ол елдің өңірлік саясатын іске асыру, агломерацияларды, шағын қалаларды, моноқалаларды, ауылдық және шекара маңы аумақтарын дамыту жөніндегі орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіреді. Қабылданып жатқан қолдау шаралары ауылдық жерлерде өмір сүруді дамытуға және халықтың кетуін азайтуға ықпал етеді. Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында» деген болатын. Сондай-ақ ауылды қолдау бағытында қолға алынған бағдарламалардың барын тілге тиек етті. Нақтырақ тарқатсақ «Жайлы мектеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту», Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, «Бір ауыл – бір өнім», «Ауыл – ел бесігі», Қазақстанның ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылуда деп тізбектеп шыққан еді.
Расында, санымыз көбейіп, халық қалаға үдере көшпеу үшін көпбалалы аналарды экономикалық тұрғыдан ынталандыру, әсіресе, баспана мәселесін шешіп беру басты назарға алынғанын қалайды көпшілік. Екінің бірі айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген бүгінгі заманда көп баланы асырауға кім құлықты бола қойсын. Егер көпбалалы аналарға кезексіз пәтер беріп, баспанамен қамтамасыз ету оңтайландырылса, жұмыс көзін көбейтсе, оның өзі халықтың өсіміне айтарлықтай әсер ететіні даусыз. Бұдан бөлек, тұрмыс деңгейі төмен отбасыларға көмек көрсетіп, көпбалалы отбасыларға жалақыны көтеру, басқа да мемлекеттен бөлінетін жәрдемақылардың көлемін ұлғайту оң нәтижелерге жетуге өз ықпалын тигізбек.
Осы сынды ұсыныстардың дені назарға ілігіп, үкімет тарапынан биыл оңды өзгерістер орын ала бастағаны аналарды ынталандырып отыр-ақ. Жалпы, демографиямызға қатер төндіретін кез келген мәселе өз шешімін табуы керек. Біз үшін өз халқымыздың санын қарқынды түрде арттыру – жоғарыда айтып өткендей ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтудың, ел мен жердің тұтастығын сақтаудың негізгі жолы. Өзі Құдайды жоққа шығарғанымен, аузына «Құдай салған» әйгілі Маркстың бір сөзі бар емес пе? «Сананы тұрмыс билейді» деп санаған философтың осы бір сөзі уақыт өткен сайын ақиқаттығын дәлелдеп, Маркстың көрегендігін паш етуде. Бүгінде кез келген шаруаның іске асуына ақша деген алапат күштің араласпаған жері жоқ. Демек, демографиялық саясат та осы асудан айналып өтудің қамына кіріспесе болмас.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ