ҚҰРБАН АЙТ – БЕРЕКЕ-БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Құрбан айт – тек мал шалумен шектелетін салттық шара емес. Бұл – жүректегі иманды, өмірдегі шүкіршілікті, қоғамдағы татулық пен мейірімділікті нығайтатын рухани тәрбие көзі. Осы мерекеде мұсылман баласы мал шалып, Алла разылығы үшін құрбандық етіп, өз ниетінің тазалығын паш етеді. Құрбан шалудың негізгі мақсаты – Жаратқан Иеге жақындау, пенделік пиғылдан биіктеу, мұқтажға қамқор болу. Биыл да Құрбан айт мейрамын Шиелі ауданының халқы үлкен дайындықпен, ерекше ықыласпен қарсы алды. Ауданның орталық мешітінде айт намазына жиналған жамағат ел тыныштығы мен бейбітшілігі үшін дұға жасап, бір-бірін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жолдады. Мейрам аясында мешіт ауласында ұйымдастырылған іс-шаралар елдің бірлігін, рухани тұтастығын айғақтап, халықтың көңіл күйін көтерді. Арнайы ұйымдастырылған қайырымдылық жәрмеңкесінде келушілерге бауырсақ, бәліштер, сусындар ұсынылып, көпшілікке мейрамның кең пейілділігі мен қонақжайлылығы айқын көрінді. Осындай қонақжайлықты аудандық орталық мешіті Әйелқыздар секторы, яғни әйел жамағаты қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Одан түскен қаражатқа 20-ға жуық отбасыға әлеуметтік маңызы бар азықтүлік себеттері таратылды. Бұл – рухани демеу мен материалдық қолдаудың ұтымды үйлесімі. Мерекенің рухын одан әрі жандандыру мақсатында ұлттық спорттық жарыстар да өткізілді. Арқан тарту, ләңгі тебу, садақ ату, қол күрес сынды ойындар ұйымдастырылып, аудан тұрғындарына қуаныш сыйлады. Бұл сайыстар арқылы халқымыздың бай мұрасы, ұлттық болмысы мен тектілігі дәріптелді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар табысталып, олардың еңбегі ескерусіз қалмады. Құрбан айт мейрамының тағы бір маңызды қыры – қайырымдылық. Адамзаттың асыл қасиеттерінің бірі саналатын бұл ізгі амал ата дінімізде ерекше орын алады. Бабаларымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деп бекер айтпаған. Бұл мейрамда өзгеге қол ұшын созу – әрбір мұсылманның парызы. Осы жолы Шиелі ауданында да қайырымдылық шаралары кең көлемде ұйымдастырылды. Ауданның бас имамы Рахат Серікбайұлының айтуынша, 60-тан астам мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттері таратылып, 250-ге жуық отбасына құрбандық еті жеткізілген. Сонымен қатар Құран жаттау орталығы жыл бойына етпен қамтамасыз етіліп отыр. – Бұл – тек сандар емес, бұл – жүректен шыққан шүкір мен алғыс. Қайырымдылық – жүректен басталады, Құрбан айт – ниеттен басталады. Осы игі іске атсалысқан барша жомарт жандарға Алла разы болсын, – деп атап өтті бас имам. Бүгінгі жаһандану дәуірінде адамдар арасындағы шынайы бауырластық пен мейірімділік сезімдері көмескіленіп бара жатқанда, Құрбан айт секілді рухани мерекелердің мән-маңызы арта түсуде. Бұл күн – тек мұсылмандар үшін емес, бүкіл адамзат үшін ортақ ізгіліктің, бейбітшіліктің, жанашырлықтың белгісі. Осы ұлық күнде Жаратқанға жалбарынып, мұқтажға қол ұшын беру – әрбір пенденің рухани деңгейін арттырады, қоғамның адамгершілік әлеуетін күшейтеді. Сөз соңында айтарымыз – Құрбан айт мейрамы әрбір отбасыға шаттық, әрбір жүрекке мейірім сыйлап, ел ішіндегі бірлік пен татулықтың діңгегіне айналсын.
М.ИБРАГИМОВ