ЕҢБЕГІ ЕРГЕ БЕРГІСІЗ

Жолдасы Сабырхан Ақанов 1993 жылы ауданда алғашқылардың бірі болып көлік жөндеу орталығын ашқан. Алайда он шақты жылдан кейін денсаулығы сыр беріп, кәсіптен қол үзуге тура келеді. Сол кезде Нұржамал апа отбасылық кәсіпті орта жолдан тастамай, әрі қарай дамытады. – Бұрын күйеуім жұмыс істегенде дөңгелекті қалай жөндейтінін көретінмін. Ол ауырып қалғанда үйренгенімді жетілдіріп, кәсіпті жалғастыруға бел будым. Бастапқыда баллонға жел беру үшін 10 теңге алатынбыз. Қазір 50 теңгеге көтерілді. Бұдан бөлек, көлік аккумуляторын тексеріп, қуаттаймын. Көмегіме жүгінушілер саны әр кезде әрқалай. Келушілер қарасы, әсіресе, көктем мен күзде көбейеді. Шүкір, бұл жұмысыма еш өкінбеймін. Адам жұмысын бар ынтасымен істеуі керек. Ерінбей еңбек етсең, жемісін көресің. Қабілетің мен қызығушылығың болса, кез келген істі дөңгелентіп әкетуге болады, – деді Н.Асаділлақызы. Кейіпкеріміздің көлік жөндейтін шағын шеберханасы босаған емес. Мұнда жергілікті жұрт қана емес, көлігін жөндетуге Жаңақорған, Төменарық секілді жерлерден келетіндер де бар. – Келушілерден көбіне жағымды пікір естимін. Жұмысты адал атқаруға тырысамын. Өзіме сенімді болған күнде де үйлеріне аман-есен жетіп алуын тілеп, уайымдап отырамын. Көлік жүргізушілер қыстың суығында да, жаздың ыстығында да жолда қалып қоймаса деймін, – дейді механик әйел. 62 жастағы көлік жөндеуші көпшілікпен жұмыс істеу оңай емес екенін айтады. Көбі көлігі жүрмегеннен жүйкесі сыр беріп, көңіл күйі болмай келеді екен. Мұндай кезде сабырлылық таныту өте маңызды. – «Көлігім дұрыс жүрмей тұр», «Ақшамды босқа құрттым» деп ашуға ерік беретін адамдар кездеседі. Сондай жағдайда әрқайсысымен сөйлесіп, тілін тауып, қолдан келгенше көлігін жөндеп, жүргізіп беруге тырысамын, – деді Нұржамал апа бірқалыпты үнмен. Қазақтың қайсар анасы қазір 5 бала, 14 немере сүйіп отырған бақытты жан. Иә, отбасының қамын күйттеп, жолдасының жағдайын жасап, балаларының бабын тауып, үйдегі күйбең тірлікті қайыспай көтеріп жүрген бүгінгі кейіпкеріміз көпке үлгі дер едік. Себебі еңбек адамы қашан да сарқылмас жігерімен құдіретті.
Айнұр ИБРАШЕВА